Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Абысын жақсы қандай-ды! – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Абысын жақсы қандай-ды!

1976 жылдың көктемінде ақ босаға аттадым. Зымырап өтіп жатқан  жылдар-ай десеңші, оған да биыл аттай 45 жыл толады екен. Осы жылдары өмірден көргенім, үлкендерден алған өнегем, кішілерге айтар әңгімем де аз емес. Әсіресе кейінгі кезде әулет татулығы, абысындар сыйластығы, ене мен  келін жарасымы сияқты отбасы институтының негіздері ұмытылып барады. Жастарға жарар үлгісі болса, мақсаттың орындалғаны деген ниетпен абысыным туралы газетке аз ғана сыр шертпекпін.

Аяулы Гүлсара жеңешемді еске алсам оның мейірімді көзі, нұрланған жүзі, биязы мінезі елестейді. Жеңешемнің ренжіген, балаларға, басқаға дауыс көтерген  кезін көрмеппін. Ерін сыйлау, қайынжұртқа адал қызмет ету дегенді осы кісіден көріп, тәлім алдым. Барлық уақытта ертелі-кеш қайынағамыздың қабағына қарап, жағдайын жасап, күліп отыратын.

Бір күні үйге бір шелек өрік алып келіпті. Жазғытұрым өрік пісіп жатқан кез болатын. Үйде балалар аз болған соң сол өрікті желінбей, босқа рәсуа болмасын деп тосап қайнатып қойдым. Ол да бір балдай тәтті болып шыға келді. Жеңешем келесі бір келгенінде сол тосапты дастарханға қойып, шай дайындадым. Дәмін көріп, реңіне қарап «өте дәмді қайнатыпсың, айналайын, сенен жақсы келін шығады екен» деп батасын бергені есімде.

Мен алғаш келін болып түскен жылы төркініме барғым келді. Сонда енем жеңешеме «сен апарып қайт» деді. Сөйтіп, екеуміз сапарлас болып, мені төркіндетіп апарып, әкелген жайы бар. Кейін білдім, жеңешем сонда Нартай қайныма аяғы ауыр екен. Ұзақ жолда соны білдірмей, өте сыпайы, әдемі құдағи болып барып-қайтқан еді. Әрдайым мені көрсе қуанып, әңгімелескенді ұнататын. «Қайынағаң сені мақтайды, «мұғалім деген білімді, тәрбиелі болады ғой» деп қайта-қайта айтып отырады. Отырсай, әңгіме айтсай» деуші еді. Мен болсам үнемі бітпейтін шаруа мен жетпейтін уақыттың жетегінде безілдеп, алды-артыма қарамай жүре береді екенмін.

Ұлым Ералыға 1995 жылы сүндет той жасамақшы болдық. Қайынағам мен жеңешем тойдың қызықты өтуіне көп еңбек етті. Барлық ұйымдастыру, қонақтарды күтіп алу, кәде сыйлықтарды жасау жолын айтып, көмектескен  болатын. Әлі күнге дейін сол үлкендігін аңсап, еске алсам бойымды ризашылық сезімі билейді. Ағайындар бас қосқан кішігірім жиындарда маған «өзің басқар, сенен артық айта алатын ешкім жоқ» деп мені көтермелеп қоятын. Бір келгенінде «көйлек тігіп киіңіз» деп мата бергенмін. Соны қатты ұнатса керек, кейін қыздар «сол матаны біразға дейін қимай сақтап жүрді» дейді. Сондай кездерді уақытында ескермейді екенбіз. Өткен соң ғана сағынышпен еске аламыз.

Айналайын жеңешем, әрбір сөзімен, ісімен үлгі болатын. Қазақ әйеліне тән қасиеттің барлығы бойында бар еді. Киім кигені, еріне деген құрметі, ұл-қызына аналық мейірімі, қайнылары мен қайынсіңлілеріне дейін өз атын атамай, әрқайсысына ат қоюының өзі үлкен тәлім-тәрбие. Жеңешемді өмірде өте бақытты болды деп айта аламын. Өйткені, әрбір ұл-қызының бойында жеңешемнің ісі, мінезі көрініп тұрады. Заманның, уақыттың еншісінде кеткен қаншама қиындықты еңсерсе де жеңшем бәрібір бақытты болды. Өйткені, ол кісіні бәріміз тек әдемі, жақсы ісімен ғана еске аламыз. Мұның өзі жақсы адамның қасиетінен болса керек!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған