Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Арыс барсаңыз, Сирия сұлбасы елестейді… – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Арыс барсаңыз, Сирия сұлбасы елестейді…

Арыс қаласындағы жойқын жарылыстың орын алғанына да екі жылға жуықтады. Ресми мәліметтерге сенсек бәрі керемет, зардап шеккен үйлер толығымен жөнделген. Ешқандай шағым жоқ. 

Біз жуырда Арыс қаласының алыстағы көз жетпес ауылына емес, иек астындағы Дермене ауылдық округіне бардық. Қаланың іргесіндегі Теміржолшы елдімекенінде жарылыстан зардап шеккен үйлер әлі тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оларды жөндеу туралы әкімнің уәдесі сөз жүзінде қалып қойғанға ұқсайды. Округ орталығы Дермене ауылында да жағдайды жақсы дей алмаймыз. Ол ауылға барғандардың көз алдына бірнеше жыл соғыс болған Сирияның сұлбасы елестейтіні шындық. Қабырғасы сөгіліп, құлағалы тұрған үйлерді көрген жан бұл жерде жуырда соғыс болған ба деп ойлап қалуы да ғажап емес.

Біз бірінші кезекте округ әкімдігін бетке алдық. Өкінішке қарай, бізді сол төңіректегі тозығы жетіп, құлауға шақ тұрған ғимараттар «қарсы алды». Олардың сыртқы көрінісі ғана емес, іші де адам тұрғысыз күйде. Жергілікті тұрғындар жылу болмағандықтан әкімдіктегі мамандар бір бөлмеге тығылысып отыратынын айтады. Апатты ғимаратта ауыл әкімінің аппаратынан бөлек ветеринарлық бөлім мамандары, клуб, кітапхана қызметкерлері де жайғасқаны жайлы сөз болды. Бұл енді дамыған елдер қатарына қосылған Қазақстандағы жағдай деп айтсаң ешкім сенбейді. Сол Сирия, Сомали секілді соғыстың салдарынан дамымай, экономикасы құлдырап, кері кеткен мемлекеттердегі көрініске көбірек ұқсайды.

Біз онда сағат үште барғаннан төртке дейін жүріп, өлі тыныштықты байқадық. Ауыл әкімінен бастап, мал дәрігерлер, кітапханашылар мен клуб қызметкерлерінің жұмысқа келгенін көрмедік. Бәлкім оларды да түсінуге болатын шығар, себебі суық әрі қауіпті ғимаратта кімнің өмірі мен денсаулығын тәуекел етіп отырғысы келеді дейсіз?! Оның үстіне жұртты әбігерге салған жұқпалы ауру да суықтап, тұмауратқан, яғни иммунитеті әлсіреген адамға жұққыш келеді деген үрей бар. Сол себепті жылы үйлерінен шыққысы келмеген болар?

Мезгілдің қыс екеніне қарамастан даладағы краннан су сарқырап ағып жатыр екен. Судың да сұрауы барын ойлап, оның себебін білгіміз келгенде мамандар кран қатып қалмас үшін суды ағызып қойғандарын айтты. Сонда суды қатып қалмайтындай етіп қамдаудың орнына ағызып қоя салу тиімді болғаны ғой. Біреулерге қасқалдақтың қанындай таптырмайтын қайран су Дермене ауылдық округі әкімдігінің алдында еш мақсатсыз далаға ағып жатыр. Әрине оның төлемақысы мемлекет есебінен шығар. Сол себепті де жанашырлық болмай тұрған болса керек.

Құлағалы тұрған әкімдік ғимаратының жанынан жаңасы салынып жатыр екен. Бірақ оның қашан бітетіні белгісіз. Өйткені, онда құрылыс шаруасымен қыбырлаған жан көрінбейді. Біреулер жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс десе, енді біреулері жұмыстың тоқтап тұрғанын, мына қарқынмен қашан бітетіні беймәлім екенін алға тартады. Сондай-ақ, әкімдіктің қарсы алдында қалқиып ескі аурухананың қараусыз қалған ғимараты тұр. Есік-терезеден жұрдай болған бұл ғимарат бүгінде жас балалардың ойын алаңы мен малдың панасына айналғаны көрінеді. Әкімдік маманы сол ғимараттың бір бөлігінде адамдардың тұрып жатқандығын айтып қалды. Алғашында бұл сөзге сенгіміз келмеді. Бірақ, тірі жанның тіршілік етіп жатқан белгілерді байқағанымызда сенбеске амалымыз қалмады. Қайтсін енді, басқа барар жері, паналайтын баспанасы болмағасын амал нешік? Айтқан жерден аулақ, қабырғалары езіліп тұрған үй құлап, адамдарды басып қалса, кім жауап береді?

Байқағанымыз Арыс қаласында құлағалы тұрған ғимараттардың қатары мұнымен таусылмайтын тәрізді. Олардың мұндай күйге бір күнде түспегенін ескерсек, бұл келеңсіздікті қалпына келтіруге қала әкімі Мұрат Қадырбек қауқарсыздық танытып жүрген сыңайлы. Сол себепті бұл іске облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі араласқаны жөн-ау. Әйтпесе «баяғы жартас сол жартастың» қашанға дейін жалғасарын ешкім дөп басып айта алмаса керек-ті.

Әрине, «олар жекенің меншігіндегі мүліктер, оны мемлекет тарапынан жөндеуге қаржы жоқ» деген секілді сылтау-себептерді мыңдап келтіріп, ақталуға болады. Бірақ, бұл елге, халыққа жаны ашитын әкімнің айтатын әңгімесі емес. Осыдан 15 жыл бұрын Отырар ауданының орталығы Шәуілдір елдімекенінде осыған ұқсас көріністер болған. Аудан басшылығына келген Бейбіт Сыздықов қысқа мерзімде сол олқылықтарды жойғанына көпшілік куә. Бейбіт Шалдарұлы іске жарамдыны жөндеді, жарамсызын бұзғызды. Оның бірін мемлекет есебінен, екіншісін демеушілердің арқасында қайта тұрғызды. «Қалауын тапса қар жанар» деп осындайда айтылса керек. Ал сол ауданның іргесіндегі Арыс қаласында бәрі керісінше сипат алуда. Сонда бұл әкімнің іскерлігіне байланысты ма, әлде шынында да басқа себебі бар ма?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған