Бүгінде өскелең ұрпақтың кітапқа, оның ішінде көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру өзекті мәселеге айналды. Бұған ата-ана, мектеп, қоғам болып атсалысуымыз қажет. Өйткені, көркем әдебиет оқып өскен бала көркем мінезді болып өседі. Ал, көркем мінезді адамнан қатігездік пен жауыздық шықпайды.
14-ақпан Халықаралық кітап сыйлау күніне орай Ордабасы ауданы, Ынтымақ ауылындағы С. Ысқақов атындағы орта мектепте «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өтті. Аталмыш шара Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасына сай мектептердегі «Оқуға құштар» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оқушылар «Абай жолы» романының үзіндісінен көрініс сахналады. Ал, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай мұғалімдер арасында «Мұқағали оқулары» атты онлайн эстафета ұйымдастырылды. Эстафетаға қатысушы ұстаздар ақын өлеңдері мен әндерін орындады. Акция барысындағы бір күн «Кітапханаға» кітап сыйла» айдарына арналды. Сондай-ақ, оқушылар арасында онлайн режимде Абай мен Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқудан байқау өтті. Бұл байқауға ата-аналар да қатысып, баламен бірге мәнерлеп оқыған бейнероликтерді ұйымдастырушыларға жолдады.