«Мұсылман құсты» білесіз бе?

Оны көргіңіз келсе Паң атаның ұрпағына барыңыз

Ителгі деген бір құс бар. Құстардың ішіндегі бүркіттен кейінгі алғыры, аң алатын қабілеттісі осы деседі. Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Керегетас ауылында тұрып, жасы тоқсаннан аса қайтыс болған Кеуенов Паңсатбек деген ақсақал болды. Ауылдастары Паң ата деп кеткен қария бойынан қуат кеткенше ат үстінде құс жүгіртіп, аң салды. Балаларын да үйретті. Қазір бұл дәстүр Кеуеновтер әулетінде атадан балаға жалғасқан  мирас болып қалды. Қазірде құсбегілік туралы әңгіме айтыла қалса, осы әулеттің ұрпағын жағалай бастаймыз. Бұған себеп – ата дәстүрді ұстанушылардың азайып кеткендігі.

Паң атаның немересі Бағдаттан естіген бір әңгімеміз бар еді. Осы ителгі десе тек қазақ қана емес, арабтар да ішкен асын жерге қояды деседі. Оның себебі, ителгі қолға түсірген жемтігінің етін жеместен бұрын міндетті түрде тамағын өткір тұмсығымен орып жібереді екен. Яғни, бауыздап барып қана қызылға ауыз салады. Бұл қан шығарылмай, өздігінен өліп қалған  малдың етін жемейтін мұсылмандарға тән қасиет. Сондықтан, ителгіні «мұсылман құс» деп те атайды. Халқымыз іштен дұға жасап, басын құбылаға бағыттап бауыздаған малдың етін ғана адал деп таныған. Мінекей, бұл сұңқартектестің «мұсылман құс» аталуының сырын біріміз білсек, біріміз білмейміз.

Бұдан шығатын қорытынды, біздің ұлттық дәстүріміздің түпқазығы ислам дінінің шариғат заңдылықтарынан ешқашан алыс болмаған. Болашақ ата-ананың әрбір ішкен-жегенінің адал не харамдығы дүниеге келетін ұрпақтың тазалығына да тікелей әсер етеді. Ғалымдар тіпті, күллі жан-жануардың өзі ұрпақ өрбітер алдында судың тұнығын ішіп, шөптің шүйгінін жей бастайтынын зерттеп, анықтапты. Өкінішке орай бұл қағидадан кешегі кеңестік тар заманда айрылып қала жаздадық. Сол себепті дүниеге қатыгез, әлжуаз, кемтар, тілазар, бұзақы, қайырымсыз ұрпақ өсіп келе ме дейміз.

Жаппай арақ-шарап ішіп, доңыз еті араласқан шұжық пен түрлі тамақты таңдап-талғамай жей беруден қоғамда тексіздік жайлады. Жан-дүниенің тазалығы мен дұға-тілектердің қабыл болуында ішіп-жейтін тамақтың таза әрі адалдығы аса маңызды. Харамның бірі – арақ-шарап. Оны бір рет ішкен кісінің қырық күнге дейін дұға-тілегі, жасаған құлшылығы, оқыған намазы қабыл болмайды. Өйткені, бір ішілген арақ-шараптан адам ағзасы қырық күнде тазарады. Мұны бүгінгі дамыған медицина да дәлелдеп отыр. Тіпті нәрестесін дәретсіз емізбеген Ұлжандай анамыздан Абайдай дананың дүниеге келуі де осы заңдылық негізінде сияқты.

Бүгінде шүкір, көпшілік дін исламға қайта бет бұру негізінде халал тағамдар даярлайтын дәмханалар жұмыс істеп, тіпті өзара бәсеке артып келеді. Адал ас ішу дәстүрімізде де берік сақталғанын жоғарыда айттық. Ендеше, ұрпағым текті болсын десеңіз, харам астан тыйылыңыз. Ал, осы тектілікті құс та болса бойынан табылған ителгіні сіз білесіз бе? Балаңыз біле ме? Жасыратыны жоқ, қалада өсіп келе жатқан бала бүгінде ителгі тұрмақ тауықты зорға таниды. Ендеше, бір демалысыңызда Төлебидегі Кеуеновтер отбасына балалармен бірге барып, ителгі көрсетіңіз. Ителгі арқылы қазақтың қасиетін танытып қайтыңыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған