Әдетте «балапан күзде саналады». Ал, әкімдердің жыл қорытындысы бойынша халық алдында беретін есебі жыл басына жоспарланған. Осыған орай қазір жер-жерлерде түрлі деңгейдегі әкімдер есеп беру үстінде. Өткен аптада өзге аудандар секілді Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков те есеп беріп, жыл бойы атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
«Өткен жылы бүкіл әлем пандемияның зардабын шегіп, елімізде тұңғыш рет Төтенше жағдай режимі енгізіліп, сақтық шаралары күшейтілді. Бүгінде жағдай тұрақталғанымен, қауіп әлі сейілген жоқ. Әйтсе де, ордабасылықтар нәтижелі еңбек үлгісін көрсетіп, бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Ауданда экономикалық саясат пен инфрақұрылымдық дамудың жоспары 7 бағытта жүзеге асырылуда. Қиындықтарға қарамастан 2020 жыл Ордабасы ауданы үшін өсу, өркендеу, даму кезеңі болып тарихта қалды.
Жалпы өнеркәсіп өнім көлемін 2021 жылы 22 млрд. 800 млн, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемін 20 млрд. теңгеге жеткізу күтілуде. Өнім көлемі негізінен индустрияландыру картасы аясында іске асқан инвестициялық жобалардың өндіріс қуаттылығын жүктеуі есебінен артатын болады.
Мемлекеттік индустрияландыру картасы аясында биыл 465 жаңа жұмыс орнымен 4 жоба іске қосылады деп күтілуде. «Standart Petroleum & Co» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 1 млн. тонна мұнай-химия өңдеу зауытының бірінші кезеңі, «RZN» ЖШС-нің автоклавталған газдалған бетон өнімін өндіру, «NA Constraction» ЖШС-нің жаңа технологиялы қыш зауыты, «Александровский сад» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы ашылатын болады. Биыл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемін 51 млрд. 475 млн. теңгеге жеткізу көзделуде. Сонымен қатар, 25200 га дәнді, 7200 га майлы, 22000 га мал азықтық дақылдар, 620 га картоп, 2100 га бақша, 3088 га көкөніс, 5700 га мақта егілетін болады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде бір жерден екі өнім алатын 257 шаруашылықтың тізімі жасақталды. Ағын суды үнемдеу, инновациялық жобаларды енгізу мақсатында үй іргелік жерлерді израйльдік тәсілмен игеру бағытында 314 жеке тұлға ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, өндіру қолға алынады.
Аудандағы тұрғындардың негізгі кәсібінің бірі – мал шаруашылығы. Осы жылы ірі қара мал басын 72600-ге, уақ малды 420 мыңға, жылқыны 25 мыңға, түйені 750-ге, құсты 487 мыңға жеткізу жоспарлануда. Нәтижесінде ет 24,0 мың, сүт 48,5 мың тонна, жұмыртқа 10,5 млн. дана өндірілетін болады.
Ауданды дамытудың басым бағыттарының қатарында құрылыс жұмыстарының көлемін арттыру жоспары да бар. Былтырғы жылдан өтпелі болып саналатын 11 құрылыс нысаны, атап айтқанда, Шұбарсу, Дербес, Бадам, Төрткөл, Қызылжар елді мекеніндегі мектеп, Бадамдағы «Орда» мөлтек ауданының инженерлік-коммуникациялық жүйелері құрылысы жалғасын табады. Ал, облыстық бюджет есебінен Төрткөл ауылында спорттық сауықтыру кешені, Қажымұқан ауылында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мемориалдық кешеннің құрылысы бой көтеретін болады.
Жол мәселесі ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Биыл аудандағы 10 ауылдық округтердегі 26 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізілсе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 31 жолды орташа жөндеуден өткізу үшін тиісті құжаттар облыстық салалық басқармаға ұсынылды. Нәтижесінде елді мекендердегі көшелердің жағдайы 43 пайызға жақсарды. Аудандағы 57 елді мекеннің жетеуі, яғни 122 358 тұрғынның 19,6 пайызы табиғи газбен қамтылды. Жамбыл, Бейсен, Ақжол, Батыр ата, Мақташы, Елшібек батыр, Тоқсансай, Сарытоғай, Бөген, Қызылжар, Көкарал, Төрткөл, Қараспан, Төреарық, Шұбар, Ынталы, Амангелді, Еңбекші секілді елді мекендерді табиғи газбен қамту үшін жобалық сметалық құжаттар дайындалып, салалық басқармаға ұсынылды. Осылайша он бес елді мекенге газ құбыры жүргізілген жағдайда аудан тұрғындарының 40,2 пайызы көгілдір отынмен қамтылатын болады. Бүгінгі таңға тұрғындарды толығымен газдандыру мақсатында аудан бюджеті есебінен 20 елді мекенге қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда денсаулық басты мәселеге айналып отыр. Сол себепті денсаулық сақтау саласына қарасты мекемелер кез келген жағдайға дайын болуы керек. Осы мақсатта облыстық бюджет есебінен биылғы жылы аудандық орталық аурухана мен Төрткөл ауылдық ауруханасының ғимаратына күрделі, Қайнар, Жеңіс дәрігерлік амбулаторияларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеті елді мекенге (Көкарал, Қызылжар, Төреарық, Көлтөған, Дербес, Ықылас, Темір, Қарабастау) фельдшерлік акушерлік пункт салынбақ.
Киелі Ордабасы ауданы туризм саласын дамытуға қолайлы аймақ саналады. Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай салынатын қазақ даласы батырының атындағы мемориалдық кешен жайында жоғарыда айттық. Оның ішінде кітапхана, көрме залы, қонақ үй, асхана, конференц залы, спорт залы, басқа да қажетті бөлмелер болады деп жоспарлануда. Заманауи үлгіде бой көтеретін нысанның құрылыс жұмыстары жақын күндері басталмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуын оң бағалап, көппен кеңесіп шешім қабылдауды «Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі» деді. Осыған орай, ауданымызда «Ашық әкімдік» жобасы аясында маңызды шараларды қолға алдық».
Өз баяндамасында осы және өзге де атқарылған жұмыстар жайын мәлім еткен Нұрбол Әбдісаттарұлы алдағы жоспарларға да кеңінен тоқталды. Жалпы алғанда, Ордабасы ауданында жұмыс жан-жақты жандана түскені әлеуметтік желіде жарияланған жаңалықтардан да анық байқалып жүр. Жергілікті тұрғындар әкімнің ісіне оң баға беріп, алдағы күндерден үлкен үміт күтетінін жасырмайды. Лайым, барлық жоспарланған дүниелер жүзеге асып, игі істер жалғасын таба берсін!