немесе бутафордың кім екенін білесіз бе?
Бүгінде екінің бірі біле бермейтін бутафор деген маман кім? Бізге ол туралы егжей-тегжейлі Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемсурет цехының меңгерушісі, бутафор Төрехан Ерназаров әңгімелеп берген еді.
Ол Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан сурет салуға құмар болып, қызығып өсті. Жастайынан қолына қылқалам ұстағандықтан, Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне еш кедергісіз оқуға түседі. Шымкент, Алматы, Талдықорған, Жезқазған, Жамбыл облысы сияқты еліміздің түкпір-түкпірінен келген шығармашыл студенттермен жастық шақтың көктемін бірге өткізді. Оқып жүргенде Әл-Фараби алаңындағы бұрынғы қазақ драма театрына іс-тәжірибеден өтуге барып, мамандығына деген қызығушылығы арта түсті. Алайда, алғашқы еңбек жолын Шымкенттегі шина өңдеу зауытында суретші-көркемдеуші болып бастап, кейін қала көркемдеу мекемесінде тынбай еңбек етті.
Сол жылдары шаһарды әрлеуге арналған плакаттар мен паннолар, көрнекілік заттардың бәрі қолмен жасалып, ілінетін. Эскиз нобайын сызып, суретін салып, бояумен сырлап, бір топ шығармашыл өнер иелерімен қатар жұмыс істеді. Ал, 2006 жылдан кейін облыстық театрдың бас қоюшы-суретшісі Қалтөре Жұмағұловтың шақыруымен қасиетті қарашаңырақ табалдырығын аттады. Содан бері театрда үздіксіз еңбек етіп келе жатқан бутафор маман қаншама қойылымдар үшін аянбай тер төкті.
Көрермен театрға кіріп келгенде сол қойылым ортасында өмір сүріп жүргендей әсер қалдыру үшін бутафор маманның маңызы зор. Спектакльге қажетті қару-жарақ, қылыш, қорамсақ, пышақ, ескі сандық, кебеже – осының бәрі қолдан арнайы жасалады. Ол үшін ағаш, желім, мата, бояу, тағы басқа материалдар қолданылады. Мысалы, қойылымдағы қылыштың кәдуілгі өткір жүзді, темір қарудан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ, ол бутафорлардың асқан шеберлігі мен маңдай терімен ағаштан жасалған. Бояп, әрлегеннен кейін қылыштың нақ өзіндей болып шығады. Оның сахнадағы қауіпсіздігін ескеру де бутафордың міндеті. Әрбір қойылым арқылы көрініс табатын заман келбеті, табиғаты бутафордың қолынан шыққан заттардан байқалып, сахна сол арқылы тыныс алып тұруы қажет. Тіпті, сыры көшіп, сыны кеткен заттардың да көрінісін шеберлікпен, дәлдікпен келтіре алуы тиіс.
— Бутафор көп адам біле бермейтін, тіпті біреулер өмірінде естімеген мамандық болуы мүмкін. Бірақ, өте құрметті іс. Өз кәсібім арқылы Асанәлі Әшімов, Рахымжан Отарбаев сияқты театр майталмандарынан бастап, Ошат Рахимов, Құпия Рахымбердиева сияқты көптеген жергілікті таланттармен осы мамандығым арқылы пікірлес, әріптес болдық. Театр анасы атанып, ғасырдан ұзақ жасаған Айша Абдуллина апамыздың мерейтойларында сахнасын жасауымыздың өзі бір ғанибет! Руханият ордасында көпшілікке көрінбейтін, бірақ жұмысы ерен әріптестерім бар. Гримші, костюмші, жарық беруші, музыкамен көркемдеуші, көмекшілер тіпті әр қойылымда тынбай еңбек етеді. Әртістермен бірдей гастрольдетіп, қойылымнан соң үйлеріне кеш қайтады. Сенбі-жексенбі күндері де жұмыс істеуіне тура келеді. Бөлім басшысы Батырбек Қабылбеков, жас бутафор Жолдас Сатаев, Ордабек атты ағаш ұстасы бар. Ордабек сандық, арба сияқты заттарды ағаштан жасаса, арнайы етікші маманымыз театр кейіпкерлерінің аяқ киімін тігеді, — дейді кейіпкеріміз.
Өз ісін шексіз сүйетін театр маманы жастарға мамандық таңдауда қателесуге жол берсе ғұмырлық өкінішке ұласу мүмкін екендігін айтады. «Біз өз ісімізді қандай қиындықтарға қарамастан жақсы көрдік. Мені осы театрда жұмыс істеуге шақырған досым, Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұлов пен оның жұбайы, гримші Фая әріптесімнің екеуі де өте білікті маман. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында театрдың гаражын фанер тақтаймен бөліп, баспана қылып тұрған. Айлық аз. Сонда да жаны қалаған мамандықты тастаған жоқ. Қазір еңбегінің жемісін көріп, театрдың бас қоюшы суретшісі. Студенттерге дәріс береді. Жағдайы да жаман емес. Мұның бәрі табандылықтың, үлкен қажырлы еңбектің жемісі. Өткен жылы «Танакөз» поэтикалық поэмасын сахналадық. Драмада ағып жатқан өзен де, көпір де, өсіп, гүлдеп тұрған ағашты да жасадық. Көрермендердің дән риза болғандығы сондай, мұндайда қиындықты, шаршауды ұмытып кетеміз», – дейді.
Бүгінде өнер ұжымы Ә. Қастеев атындағы колледжбен байланыста жұмыс істейді. Өкініштісі, оқу орнында біраз жыл бұрын гримші, бутафор даярлайтын факультет жабылып қалған. Жалақының аздығынан жастар да театрда жұмыс істегісі келмейді. Аталмыш колледжде ашылған сценография факультетінен безендіруші мамандар келіп қала ма деп елеңдегенмен, әзірге бұл үміт ақталмай тұр. Іс-тәжірибеден өтуге келген студенттерге білгенін үйретуден жалықпайтын Төрехан аға бутафор болу қызықты мамандық дейді. Бутафор сөзі француз тілінен аударғанда «қоқыс, керек емес қалдықтар» деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, қажетсіз заттар әрі арзан, әрі қолайлы болғандықтан театрға қажет заттарды жасап отырған. Кезінде өңірге Одессадан келіп, дәріс берген білікті, небір атақты суретшілердің тәжірибесін алған маман театртану мамандығын да меңгерген. Жұбайы Гүлсіммен өнер жолында бірге оқығанмен, бала тәрбиелеп, үй шаруасымен айналысқан. Ал, әке жолын қуған ұлы Азамат суретші мамандығын бітіріп, бүгінде «САҚ» киностудиясының бас суретшісі. Студияның шығармашылық қоржынынан көрермен көзайымына айналып үлгерген бірнеше анимациялық және көркем фильмдерді қиялынан туғызған өз ісінің маманы. Тұңғыш немересі Айбардың да қылқаламға әуестігі бар. Руханият орталығында қолтаңбасы қалған білікті бутафор туралы біз шерткен сыр, міне осы!