әлде тұрғындар асыра сілтеп жүр ме?
Әкімдердің биылғы есебі де бітуге таяу. Карантиндік жағдайға байланысты олардың есебіне жергілікті тұрғындар жаппай қатыса алмады. Әрине, сақтық шараларының сақталғаны жақсы, бірақ «залды әкімдік қызметкерлері толтырғанша, сол орындарға неге халықтың өкілдері жайғастырылмады?» деп наразылық білдірген азаматтар да болды. Солардың бірі редакциямызға хабарласыпты. Өзін Сағындық деп таныстырған созақтық тұрғын әкімге айта алмағанын басылым арқылы жеткізгісі келгенін жасырмады. Тыңдап көрдік.
«Әкімдердің есебінен жағдайдың өзгеріп жатқаны шамалы екенін білеміз, – деді ол кісі. – Бірақ, айтылмаса сөз жетім деген бар емес пе, жылда мұң-мұқтажымызды айтып қалатынбыз. Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың есеп беруінде ауданда қордаланған мәселелерді айтпақ болғанбыз. Бірақ «карантин, залда орын жоқ» деген сылтаумен бізді ішке кіргізбеді. Кейін білдік қой, зал әкімдік қызметкерлерімен-ақ толып қалыпты. Сонда әкім есепті кімге берді? Өз қоластындағыларға ма, халыққа ма? Қарамағындағыларға айтары болса жиналыс жасап, айта берсе болар еді ғой. Ал есепті халық алдында бергені дұрыс болар еді.
Амал жоқ, аудан басшысының не айтқанын теледидардан көруге тура келді. Жасаған баяндамасы бес минуттан аспапты. Сонда бір жыл бойы атқарған жұмысы бес минуттық баяндамаға қалай сыйып кеткен? Әлде бұл өзінің халық игілігі үшін көп іс тындыра алмағанының дәлелі ме? Әрине, жақсы уәделер беріліп жатыр, бірақ, оның орындалуы көңіл көншітпейді».
Рас, әкімнің есептеріне халық жаппай қатыса алмағанымен, әлеуметтік желілер арқылы тікелей беріліп жатты. Бірақ оған жастар жағы болмаса ақ сақалды, ақ самайлы аға буын өкілдері қатысып, көкейдегі сауалын қойып, қаншалықты белсенділік таныта алады? Оның үстіне барлық ауылда ғаламтор жоғары сапамен жұмыс істейді деп айту қиын. Тағы бір ескерер жайт, көптеген аудан-қалаларда 500-600 адамдық үлкен залдар бола тұра, есептік кездесулер әкімдіктің тар ғимаратында өтіп жатқаны түсініксіз. Арақашықтықты сақтаған жағдайда да 600 орындық залға 250-300 адамды кіргізуге мүмкіндік бар емес пе? Әлде бұл әкімдер үшін тиімсіз бе?!
Осы секілді санада сеңдей соғылысқан сауалдарға жауап алу үшін біз Созақ ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернар Сағындықпен хабарластық: «Әкімдіктің үлкен мәжіліс залы 300 адамға арналған, – деді бөлім басшысы. – Ара-қашықтық сақталып, 100 адам, яғни әкімдіктегі бөлім басшыларынан өзге ауыл билері, басқа да азаматтар қатысты. Белгіленген орындар толғанша кірем деушілерге шектеу қойылмады. Оны өзім бақыладым. Иә, есеп басталып кеткен кезде 4-5 кісі келді. Бірақ, орындардың толып қалуына байланысты оларға ішке кіргізе алмайтынымызды түсіндіріп, кері қайтардық. Фейсбук, инстаграммнан бөлек барлық ауыл округтері тікелей эфирде байланыста болды. Әкімдіктің атқарған жұмысы 15 минут бойына слайд арқылы көрсетілді. Әкім содан кейін барып баяндамаға көшіп, соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Бізде Сағындық мырза айтып жүргендей жағдай болған жоқ».
Бүгінде Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың іскерлігіне, берген есебіне байланысты халық арасында түрлі пікір-көзқарастар қалыптасыпты. Оның бірі – Созақтың әкімі іске жорға, сөзге шорқақ десе, енді бірі атқарған ісі болмаған соң айтар сөзі де жоқ дегенді алға тартады. Сонда Созақтың әкімі шынымен сөзге шорқақ па, әлде ауыз толтырып айтар ісі жоқ па? Мүмкін тұрғындар қателесіп, асыра сілтеп жүрген болар? Салыхан Сабырұлы, бәлкім мұның анық-қанығын өзіңіз айтарсыз!