Арыстағы ахуалды кім бақылайды?
Арыстағы жарылыстың орын алғанына екі жылға жуықтаса да жергілікті тұрғындар әлі де оның зардабынан арылар емес. Біреулердің баспаналары, енді біреулерінің отбасының табыс көзіне айналып отырған ғимараттары қираған күйі жатыр. Сонда әкімдіктің «бәрі дұрыс, түгелдей жөнделді» деп жоғарыға берген мәліметтері жалған болғаны ма?
Осы секілді күдік тудырған мәліметтерге орай жарылыстан зардап шеккендерге мемлекеттен, қоғамдық ұйымдар мен демеушілерден қанша қаражат берілгені, сондай-ақ жәрдемге қол жеткізе алмай, үйлері жөндеусіз қалған адамдардың бар-жоғын, бар болса оларға неліктен көмек көрсетілмегенін білу мақсатында Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбекке арнайы сұрау хат жіберген болатынбыз.
Мұрат Болатұлының атына жолдаған хатқа Арыс қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбол Әлібек жауап беріпті. Бұл Мұрат Болатұлының өзінің атына келген хатқа селқос қарауынан ба, әлде оның айналасындағылар «ыңғайсыздық» тудыратын хаттарды әкімге жеткізбей-ақ өздері жауап жаза салуды үрдіске айналдырған ба? Бәлкім, әкім Мұрат Болатұлы өзіне жолданған сауалға өзгелерге жауап бергізу арқылы сүттен ақ, судан таза болғысы келе ме? Мұның себебін өздері білмесе, бізге беймәлім.
Хош, сонымен әлгі жауап хатта не жазылған? Екі жыл бойы барлық жерде айтылып, жазылып жүрген көмектерді баяндай келе хат былай қорытындыланады. «…Арыс қаласы әкімінің орынбасары С.Дәрібайдың қатысумен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде яғни, өтемақы алмаған кәсіпкерлік нысандарды қаржыландыру туралы тиісті жоғары орындарға хаттар жолданылды». Бұл жауапты оқи отырып байқағанымыз – қала әкімі мен оның командасы жарылыстан зардап шеккендерге көрсетілген және көрсетілмеген көмек жайын әлі де толық білмейтінге ұқсайды.
Жауап хатқа қанағаттанбаған соң біз арнайы Арыс қаласына бардық. Сұрадық, көрдік, зерттедік. Кемшілік көп. Тұрғындар билік өкілдеріне сенуден қалған. «Әкімдік мамандары кейбір нысандарды жөндеуге қанша қаржы аударылғаны жөнінде құжат бере алғанымен, ол ғимараттың нақты қай жерде орналасқанын көрсетіп берулері қиындау. Құжатта көрсетілген мекен-жайға барсаң онда басқа нысан тұрады. Кейбір құжаттарға үйдің шатыры толық ауыстырылды деп жазылады. Барып көрсең ол үйдің 5-6 шифері ғана ауысқанына куә боласың. Енді тізе берсең мұндай олқылықтар өте көп. Менің үйім сол қираған қалпы тұр. Бұрынғы тігін цехын сатып алған едім, оның да қазіргі ахуалы адам көргісіз. Басқасын айтпағанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қирап, көмексіз қалды. Ал жарылыс болған кезде әлі құрылысы да бітпеген кейбір нысан иелері миллиондап өтемақы алды», – дейді Арыста әділетке қол жеткізе алмай жүрген жанның бірі Убайдулла Сүйінбаев есімді азамат.
Әрине, қаланы қалпына келтіру 17 секторға бөлініп, ол үш мегаполис пен облыстарға бөлініп берілді. Жеке секторларды әкімдік, кәсіпкерлік нысандарды «Атамекен» ұлттық палатасы, әлеуметтік нысандарды «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры жөндеу керек-тұғын. Бүгінде әкімдік мамандары кәсіпкерлік нысандарына қатысты жұмыстардың неліктен бұлай болғанын бізден емес
«Атамекеннен» сұраңдар дегенді айтады. Сонда құрылыс жұмыстары барысында әкімдіктің ештеңемен шаруасы болмаған ба деген сұрақ туындайды. Неге жергілікті билік жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын бақылауға алмаған? Әлде оларды қарапайым халықтың басындағы жағдай қызықтырмайтын болған ба?