Өткен аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ел алдында есеп берді. Бүгінде түркі дүниесінің бесігі саналған киелі шаһар күн сайын өзгеріс пен түрленуге бет алған. Тарихи оқиғаға айналар жаңаша даму көне қалада сәт сайын орын алуда. Сәйкесінше, жұмысты дұрыс үйлестіру мен облыс орталығын жаңа бағытта дамытуға басымдық берілуде. Әкім есебінің негізі де осыған құрылды.
Жоспарға сай өткен жылы қаланың әкімшілік–іскерлік орталығында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге 100 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылды. Бұған қоса, осы орталықтағы 28 гектар аумаққа дендросаябақ құрылысы мен 9 гектар аумаққа саябақтың жанынан жасанды көлдің құрылысы басталды. Ал, рухани-мәдени орталықта құрылысы жүргізілген 9 нысанның жетеуі пайдалануға берілген. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы, желілік саябақтар, гүлзарлар, Қожа Ахмет Ясауи мен Рәбия Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Өмірзақ Естайұлы өзінің есептік кездесуінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстар өз жалғасын тауып, қаланың көркеюіне бар ынта, күш-жігер жұмсалатынын айтты. Бүгінде қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мен әл-ауқатын арттыру мақсатында қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілуде. Оның ішінде Түркістан қаласы табиғи газбен толық қамтылып, құбыр тарту жұмыстары аяқталған. Ал, 42 мыңнан астам тұтынушы газбен жабдықтау желісіне қосылып, 26 400 абонент көгілдір отын пайдалануда. Бұдан бөлек, әкімшілік-іскерлік орталығында жалпы ауданы 465,3 мың шаршы метр немесе 9052 пәтерді құрайтын 177 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша 28 үйдің құрылысы аяқталып, 1150 пәтер пайдалануға берілген.
Былтыр Түркістанда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен халықаралық әуежай құрылысы іске қосылып, желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласына алғашқы әуе рейсі ұша бастады. Бұл өңір әлеуеті мен туризм саласын көтеретін бірден-бір ірі жоба. Бүгінде Алматы қаласына да әуе рейсі қызмет етуде. Алдағы уақытта жолаушылардың еліміздің өзге қалалары мен шетелге де ұшуын жоспарлауда. Инвесторлар тарапынан «Керуен – Сарай» кешені, халықаралық стандартқа сай «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan», «НұрӘлем» қонақ үйлерінің құрылысы толық аяқталды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, облыста алғаш рет 7 700 гектар аумаққа жасыл белдеу құрылып, өткен жылы 2400 гектар аумаққа 1 миллионнан астам көшет отырғызылды. Жоспарланған меже биыл толығымен жүзеге аспақ.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев есептік жиынында түркістандықтарды жаңа «Сауран» ауданының құрылуымен құттықтады. «Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгелі бері Кентау қаласына оның бұрынғы 12 ауыл округі берілген болатын. Кентау қаласы аумағындағы елді мекендердің дамуына қанша көңіл бөлінгенімен, өңірді ары қарай тиімді дамыту бағыттары толғандыруда. Өйткені, қала шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының еселеп артуы, бұрынғы Кентау қаласы мен ауылдық округтердің қарқынды дамуы, олардың өзекті әлеуметтік мәселелерін уақтылы, сапалы шешуге, аумақты ұтымды басқаруда біршама қиындықтар туындады. Осыған орай, жаңа аудан құру және оған Сауран атауын беру жөнінде Мемлекет Басшысына ұсыныс берілді», — деді өңір басшысы. Әкімнің мәлімдеуінше, Түркістандағы жаңа ауданды наурыз мерекесі қарсаңында құру жоспарлануда. Ал, қазір көне шаһарда Түркі тілдес Мемлекеттер Басшыларының Саммитін өткізу үшін дайындық жұмыстары басталды. Бұл шара – күллі Түркі халықтары рухани-мәдени орталығының туризмін жаңа бағытта дамытуға, туристердің көптеп келуіне ықпал етпек.
Қаланы дамыту жоспарына басым бағыт берген Түркістан облысының әкімі басқа салалар бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Есепті жиын қорытындысындағы мәлімдемеге сәйкес, былтыр өңірде орын алған төтенше жағдайлар мен пандемиялық кезеңге қарамастан ауылшаруашылығы, тағы басқа салалар табысты қорытындыланды.