Қазақ халқы үшін төрт түліктің осалы жоқ. Десек те, жылқы малын ерекше қадір тұтатын ұлтпыз. Шындығында түлік біткеннің төресі – жылқы малының мың бір ауруға ем еті мен сүті сонау сақ кезеңдерінен бері көшпелілердің дәстүрлі тағамы болып есептелген.
Ғылыми деректерде бие сүтінің асқазан ауруларына, ал оның еті атресклероз, рак ауруларына қарсы шипалы қасиеті бар екені дәлелденген. Осымен қатар, қымызда 1,8-2,2 пайыздай белок және адам денсаулығына қажетті витаминдердің барлығы кездеседі. Әсіресе, қымыз А және С витаминдеріне бай. Ғалым – И.Сиверс: «Көшпелілер жылқы сүтінен қымыз ашытып, шипа ретінде қолданады. Өзінің алтай өңірінде қымыз ішіп көптеген аурулардан жазылғанын айта келе тері ауру, жұқпалы, туберкулез аурулары көшпелілерде мүлдем кездеспейді», – деп жазған болатын.
Ата-бабаларымыздың бұл дәстүрі бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Мысалы, күзге таман жыл сайын жылқы сойып, одан дәстүрлі тағам – қазы-қарта, жал-жая дайындайтынын, сүтін ауру адамға шипа ретінде қолданатындығын айтуымыз керек. Сондай-ақ, жылқы адамзаттың айнымас серігі екендігін ескергеніміз жөн. «Ер қанаты – ат» дейтін мақал да осы кезеңдерде айтылса керек.
Ат иелері өзінің өсірген малымен толық түсіністік табады, сырласады, оған тілек білдіреді. Тұлпарлар да аса ақылды, қиыншылықты, қауіп-қатерді бұрын сезіп, оны өз иелеріне алдын ала білдіреді. Сондықтан да ат иелері өз тұлпарларын сүйеді, әрі оларға толық сенеді. Өмірде керемет тұлпар аттар болғаны қазақтың көптеген аңыз, эпос жырларында тамаша суреттеледі. Мысалы: Ақан серінің Құлагерін қазақ қауымы жақсы біледі. Жылқы туралы қазақтың мақал-мәтелі де өте көп. Ал мақал өзінің тура мағынасымен ғана қолданылмай, көп жағдайда астарлы мағына берерін ескерсек, қазақтың жылқыны жақсы көретіндігінде шек жоқтығы осыдан-ақ байқалады.
Халқымыздың күнделікті тіршілігімен тығыз байланысты саласының бірі – төрт түліктің әрекет-қылығына қарай халықтың өз тәжірибесінде жинаған ауа-райын болжау тәсілі. Әрбір түліктің білдіретін белгілеріне қарай ертеңгі күннің, алдағы жыл мен айлардың ауа райын болжау қазақ халқының дүние танымындағы адам-табиғат-төрт түлік триадасындағы таным жетістігі. Болжаушылардың айтуынша, жылқы бір жылдық ауа райын, қой жартыжылдық, түйе екі-үш айлық, сиыр екі-үш күндік ауа райын сезе алады екен. Мысалы: «Түйе түнде ернін жиі жыбырлатып шықса, ал жылқы малы оқыранып, жұтынар болса онда бұл жылғы көктем ерте шығады екен», – деп жорамалдаған. Сонымен қатар, қыстың соңғы күндері жылқы ықылықтап, жабағы ішін тартса, көп кешікпей күн жылынып, қар суын ішіп, көктем ерте туады деп есептеген.
Жаздың күндері төрт түлік малдың жайылымдағы жайылысы мен қылықтарынан да малшылар келер қыстың қандай болатындығын болжай білген. Бұл жайында Н.Сәбитовтың еңбегінде: «Жаз айында жылқы топталып жайылса, онда қыс жылы да, ал шашылып жайылса, қатал болады деп жорамалдаған», – деп жазылған.
Халқымызда төрт түліктің, оның ішінде жылқы малының мінез қылығын бақылай отырып, табиғат құбылыстарын ажырата білуі, малжандылығымен қоса табиғатпен етене араласқан, өмір тәжірибесінің байлығы шаруашылықты табиғат ығына қарай ұйымдастырғаны байқалады. Жылқы малының тарихтан алатын орны, оған байланысты әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері, салт-дәстүрлері халқымыздың ұлттық рухани болмысының басты ерекшелігі, мәдениетінің арқауы деп білеміз.