Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мəдениет жəне өнер » Ах ұрған Ахико…

Ах ұрған Ахико…

«17 Жастар» театрының қойылымы көрермен көңілінен шықты

…Қараңғы бөлме. Жан түршіктірер темір тор. Сол торда әлдекімнің екі қолын жоғары қарата байлап қойған сұлбасы көрінеді. Құр сүлдері қалған дене қозғалыссыз. Соған қарағанда кеудесінен жаны шығып кеткен болса керек. Әрине, оған мән беріп жатқан ешкім жоқ, тіпті, мәйітін арулап жерлеуге де құштарлық танытпасы анық. Ит сүйрегендей сүйрелеп апарып бір шұңқырға көмусіз тастай салар. Ұлтымыздың талай асылдары, қаймақтарын осылай қырып жібермеп пе еді?! Сахнаның жоғарғы жағындағы шынжырға шегеленіп ілінген, жазықсыз жаланың құрбаны болған Алаш ардақтыларының суреттері мен қан түсті қызыл бояумен жазылған «Советская власть не карает, а исправляет» деген сөз бүгінгі тарихи драманың мағынасын ұғындырып, тақырыбын ашып тұрғандай.

Өзі арық, көзі сығырайған жап-жас бозбала жан-жағына жалақтай жүгіріп шықты. Түрінен әбден азапталғаны, үрейге бой алдырғаны байқалады. Тіпті, өзінің не үшін темір торға түскенін де білмейді. Абайсызда әкесінен адасып қалып, ойламаған жерден советтік жендеттердің қармағына іліккенін айтып, жыларман болған байқұс бала алыстағы ата-анасынан, әжесінен көмек сұрайды. Жанұшыра хат жазады. Әрине, хаттың оларға жетпейтінін де, олардан ешқандай көмек бола қоймасын да сезеді, түсінеді, бірақ, сонда да үмітін сөндіргісі келмейді. Бұл 15 жасында жапон шпионы деген күдікпен қолға түскен Ахико есімді бозбала болатын…

Қойылым әрі қарай жазықсыз жапон жігітінің тағдырын баяндайды. Жекірген жендеттердің алдында өзі істемеген қылмысты мойындаудан басқа амалы қалмаған бозбала 10 жылға темір торға қамалады. Онда Алаш деп ұрандатып, ұлтының қамын жеймін деп жалалы болған зиялылар мен олардың әкелерімен бір камерада отырып көрген қорлықтары көрермен назарына ұсынылады. Арнайы жалдаған қанішер, баскесер Степаның көрсеткен қорлығы, ақсақалды өлтірмек болғанда камераластарының қолынан өзі ажал құшқаны өте әсерлі суреттеледі. Өкініштісі, Степамен бірге бірнеше жас жігіт те қаза болады. Олардың арасында жас ақын Ахмет те бар еді.

 

Ахико жазасын өтеп шыққаннан кейін қандай қиындық көрсе де Ахметтің аманатына қиянат жасамай, оның туған ауылына іздеп барып, әл-дәрмені құрыған күйде өлеңдер жазылған қойын дәптерінің анасының қолына тиюіне себепкер болады. Өмірлік жарынан, енді бауыр еті – баласынан айырылған ананың жүрегі қан жылайды. Алайда, уақыт өте келе олардың орындарын өзі асырап алған Катя мен Ахико алмастырады. Тағдыр тәлкегі өмірін күрт өзгерткен Ахико қазақ елінде жолықтырған екінші анасы мен Катяға бауыр басып қалады. Дегенмен, кіндік қаны тамған өлкесі мен ата-анасын, бауырларын сағынған Ахиконың жүрек түкпірінде Жапон елі әрдайым қол бұлғаумен болады. Сағыныш жеңген ол еліне аттанады. Бұл қазақтан тапқан анасы мен сүйіп қалған Катя үшін өте ауыр жағдай болды.

Ата-анасымен, бауырларымен табысып, сағынышы басылған Ахиконың көңілін Қазақстан, ондағы туғанындай болған жақын жандары еріксіз тартып тұрады. Ақыры түпкілікті бір шешімге келіп, әкесінің батасын алған Ахико алып ұшып Қазақстанға, дәлірегі екінші Отанына оралады. Сөйтіп, мұнда Катя екеуі шаңырақ көтеріп, анасы қазақы дәстүрмен келін түсіреді. Ахико қазақ еліне, қазақ ұлтына бас иіп, құрметін жеткізеді…

 

Бұл құрылғанына көп бола қоймаған «17 Жастар» театрының Шымкент әзіл-сықақ театрының сахнасында сақтық шараларын сақтай отырып қойған «Ақтастағы Ахико» тарихи драмасы. Еркебұлан Жолдасовтың режиссерлігімен қойылған драма көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Жас актерлер Нұрболат Құдайберген, Диас Оспан, Ұмсынай Базарбаева, Аружан Сәкенқызы, Орынбасар Бекманов, Рүстем Әуелбеков, Айдос Әбіл, Әбдісұлтан Сайлау, Бексанат Кенжебеков, Аян Акрамов, Досхан Досмырза, Нұржан Медеубаев, Салтанат Балқашова, Нұрәсем Насырлаевалар өз рөлдерінде шеберлікпен ойнап шықты.

Театр 2019, яғни Жастар жылында құрылды. Шымкент қаласында актерлік шеберлік мамандығы жоқ болғасын, дарынды қыз-жігіттерді өзіміз оқытып, сахнаға жан-жақты даярладық. Жанашыр, қолдаушы кәсіпкерлердің көмегімен әртістерімізді мұғалімдерге жалақы төлеп оқыттық, сахна өнеріне баулыдық.

Карантинге байланысты біраз уақыт жұмысымыз үзіліп қалды. Дегенмен, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаған қойылымымызды өңіріміздегі мүйізі қарағайдай алты театрдан бұрын сахнаға шығарғанымыз біз үшін үлкен мәртебе болды. Бұған дейін өзге облыстарда өнер көрсеттік. Жуырда қызылордалық көрермендерге қойылым ұсындық. Шымкенттегі драмаға арнайы қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы оң бағасын берді, қатты ұнатты, – дейді театр директоры, әрі көркемдік жетекшісі Рүстем Әуелбеков.

Жастардан құралған жаңа театрда бүгінде 16 әртіс өнер көрсетсе, оның төртеуі кәсіби мамандар да, қалған 12-сі студент. Оларға арнайы стипендия төленеді. Оқуды бітірген соң осы театрға жұмысқа қабылданады екен.

Қойылым билеті екі мың теңгеден сатылды. Мұндай жоғары баға мемлекеттік театрларда болған емес. Соған қарамастан көрермендерге арналған орындар толды. «17 Жастар» театрының өзіндік негізгі ерекшелігі – келген әрбір көрермен сыйлықсыз қалмайды екен. Осы кезге дейін балаларға тәтті шоколадтар үлестіріліп келген болса, бұл жолы қазақтың ұлттық тағамы – ауыл құрты таратылды. Бұл да театрға көрермен тартудың, ұлттық тағамдарды насихаттаудың керемет бір түрі екені даусыз.

Өнердің өгейдің күнін кешкен бүгінгідей нарық заманында театр ашып, халыққа рухани байлық ұсынып, қалтқысыз қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікпен пара пар. Ендеше, «17 Жастар» театрына зор болашақ тілейміз!

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика