Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Отбасы » Алтын құрсақ Ақмарал

Алтын құрсақ Ақмарал

       Көктемнің алғашқы лебімен келетін мерекенің бірі – 8 наурыз! Бұл күні асыл жандарға ізет көрсетіп, құттықтау дәстүрі қалыптасқан. Шындығында, әйел – отбасының ұйытқысы, қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. Бүгінде нәзікжандылар қоғамда да белсенді. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен де ерекшеленіп жүр. Ал, олар үйде қандай әйел, қандай жар, қандай келін?

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ақмарал Құдайбергенова білікті басшы ғана емес, отбасында сүйікті жар, көпбалалы ана. Алты перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған отанасы үшін қызмет пен үй шаруасына қатар үлгеру кейде оңайға соқпайды. Алғашқы еңбек жолын осы музейде ғылыми қызметкер болудан бастаған ол отбасы мен қызмет жолында қатар өсті. Музейдің «Ерлік» филиалын сегіз жыл басқара жүріп, қарадомалақтарды бірінен кейін бірін өмірге әкелді. Бір қолымен бесік тербетіп,  бір қолымен қызмет тізгінін тегеуріндеген Ақмарал замандасымыз өзіне үлкендердің де көмегі көп болғанын айтады. Ата-енесі жолдасы екеуінің жағдайына қарайлап, үй болып кетуіне көп ықпал етті. Түзде басшы Ақмарал үйге келгенде құрдай жорғалап, келіндік міндетін атқарып, көңілдерінен шығуға тырысады. Бүгінде тұңғышы Жамал студент, Аружан, Ұлжан, Нұрмұхаммед мектеп оқушысы болса, кішкентай Ханшайым мен Хансұлтан аяғын енді ғана апыл-тапыл басқан балдырғандар. Ал, жолдасы Ернар полиция қызметкері болып жұмыс істейді. Күні-түні ел тыныштығын күзеткен жолдасының жұмысы да оңай емес. Үнемі қолдау мен ерекше күтімді қажет етеді. Осының барлығын үйлестіріп, үдесінен шығу Ақмарал ханымға аз жауапкершілік жүктемесе керек

— Әйел бақыты ұғымының аясы кең. Ол әуелі ана атанып, ұрпақ көбейтуде. Қазақ қыз тәрбиесін ұлт тәрбиесі деп түсінген. Еңбек етіп көзге түссек, шаңырағымыздың шырағын маздатып отырсақ ол алдымен әжелерімізден алған тәрбиенің жемісі. Анам Баянның да үлгі-өнегесін көріп- біліп, үйреніп өстім. Марқұм анамның жылдық асында еске алып сөйлеген  құрбылары, әріптестері адамгершілік асыл қасиеттерін, қайырымдылығын айтып жылады. Олардың ой пікірі мен шынайы ықыластарын сезініп,  қаншалықты қасиетті кісі болғанына қайран қалдым. О дүниесі жарық болса екен деп, шүкіршілік еттім, — дейді ол.

«Балаларды әдеби кітапты сүюге баулу керек, сонда оларды тәрбиелеудің де қажеті жоқ» деген орыс нақылына сүйенген кейіпкеріміз үйелмелі-сүйелмелі өскен балалар бір-біріне көмектесіп, бауырмал болып өсетінін айтады. Қарадомалақтардың бірінен кейін бірін дүниеге әкеліп жүріп те жаңашыл бастамаларды жүзеге асырған Ақмарал жұмыс тізгінін де босаңсытып алған жоқ. Еңбектің ыстық-суығына төзіп, «Ерлік» музейінің жұмысын танытуға күш салды. Екі қабатты қосымша ғимарат салдыруға қол жеткізіп, жаңа жобалардың ұйытқысы болды. Саладағы еңбегі ескерілген алтын құрсақты ана, өз ісінің білгір маманы осылайша облыстық музей басшысы қызметіне тағайындалды. Жүз бір жылдық тарихы бар киелі орталықтың жұмысын жандандыру ісі осылайша өзіне сеніп тапсырылды.

— Көпбалалы ана ретінде мені арнайы отбасы орталықтарының ашылуы,  олардың жұмыс жүргізуі қуантады. Бүгінде көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайынан бөлек, психологиялық мәселесі де күрделі. Отбасыдағы зорлық-зомбылық, бала тәрбиесіндегі қателіктер, мұның бәрі біздің ұлттық педагогикамыздан ажырап қалғанымыздан. Мұндай орталықтар енді әжелер институтын, қыз-келіншектер тәрбиесін ұлттық бағытта жандандырса нұр үстіне нұр болар еді. Көпбалалы аналар үшін жүйелі, қазақи білімге негізделген орталықтарды көбейтудің маңызы зор, — дейді бойынан қазақылық лебі ескен келіншек.

Түзде басшы, үйде әйел Ақмарал ханым жұмыстан орала сала өзінің әйелдік міндетін атқаруға кірісіп, қазанды отқа қоя бастайды. Балалардың сабағын қадағалап, отағасымен шүйіркелесе кешкі ас ішеді. Сұхбат алу кезінде Ақмарал ханымның тіпті, ата-енесінің есімін айтып беруге де именіп, хабарламамен жазбаша қалдырғанына тәнті болдық. Осындай ізетті келін, аяулы ана, асыл жардың үлгісі боларлық нәзікжандылар басқарған қай сала болса да елдің бүгініне ғана емес, ертеңіне де қызмет етері сөзсіз!

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика