Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Дерменедегі өрт қауіпсіздігіне кім жауапты? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Дерменедегі өрт қауіпсіздігіне кім жауапты?

Өкінішке қарай, соңғы кездері өрт, газдан улану салдарынан қаза болғандар саны азаймай тұр. Ақпан айының өзінде елімізде өзекті өртейтін екі бірдей қайғылы оқиға орын алды. Мұның барлығы халықтың жылыту маусымына дайын еместігін көрсетеді.

Әрине, жылыту маусымына ең алдымен әр отбасының өзі мұқият әзірленуі қажет. Сонымен қатар, билік тарапынан да тыңғылықты жұмыс жүргізілуі тиіс. Бүгінде жергілікті атқарушы билік тарапынан ала жаздай «қысқа сақадай сай әзірміз» деген мәлімет бергенімен, барлық жерде жағдай керемет пе?

Жуырда біз Арыс ауданының Дермене ауылдық округінде болғанымызда куә болған келеңсіздіктер жайлы жазған болатынбыз. Ауыл әкімдігі мен ветеринария бөлімі қызметкерлері жайғасқан ғимараттың апатты жағдайда екенін айттық. Енді сол тақырыпқа қайта оралуымызға тура келіп тұр.

Күн суықта әлгіндей апатты ғимаратта отырған қызметкерлер бөлмесін электр қуатымен жұмыс істейтін құралдармен жылытуға мәжбүр екен. Бұл өрт қауіпсізігі ережесін өрескел бұзу болып табылатыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне ескі ғимараттағы электр желілерінің де жаңа емесі анық. Суық өткізетін терезелер сыртынан кленкамен қапталғанымен, бөлмелердің қалыпты температураны ұстап тұруы қиын.

Әрине, бұл әрекеттері үшін біз әкімдік пен ветеринария бөлімінің қызметкерлерін кінәлай алмаймыз. Өйткені, бөлмені жылытудың басқа амалы жоқ. Ал, өрт шыға қалған жағдайда азаматтарды қауіпсіз жағдайда оқшаулауға мүмкіндік беретін қосымша есік те жоқ. Осының барлығын Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек мырза біледі ме екен? Білсе, не себепті тиісті шара көрмейді? Қыстың суығында өзі жылы кабинетте отырғасын, ауылдық әкімдік қызметкерлерінің қақаған қыста суық бөлмеде дірдек қағып, «жаңғақ шағуы» аудан басшысы үшін маңызды мәселе емес пе?

Өрт қауіпсіздігін сақтау, алдын алу төтеншеліктердің төл міндеті. Ал оларға Дерменедегі ахуал таныс па? Біз бұл жайтты Арыс қалалық әкімдігінде кезіктірген төтеншеліктерге арнайы ескерттік. Мұның қауіпті екенін растаған, ереже бұзылғанын түсінген олар «Ереже бұзғандарға айыппұл салу үшін басшымыздың атына арыз жазып кетіңіз», – дейді. Бұған күлесіз бе, жылайсыз ба?! «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» деген осы болса керек.

Ғимаратты жылытуға қанша қаржы, қатты отын бөлінеді? Дермене ауылдық округінің әкімі сол кезде еңбек демалысында болғандықтан бұл сұраққа жауап берген әкімдіктің бас маманы Ержан Усманов көмір түсірілмейтінін, сол себепті электр қуатымен жұмыс істейтін құралдармен жылытуға мәжбүр екенін айтады. «Ол үшін жарық беруші мекемемен келісім шартқа отырғанбыз. Ай сайын ақысы төленеді» дегенді қосып қойды. Алайда, мәселе жарық беруші мекемемен келісім-шартқа отыруда емес, қауіпсіздікте болып тұр емес пе?! Ал облыстың бас мал дәрігері Тоқсейіт Елекеев ветеринарлық қызмет саласының мамандары отырған бөлмелерді жылыту облыстық ауылшаруашылық басқармасына қарайтынын айтты. Олай болса, бұл мәселеде басқарма басшысы Нұрбек Бадырақовтың да жауапкершілігі бар деген сөз.

Оқырманның есінде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің Кемерева облысындағы ғимараттардың бірінен шыққан өрттің салдарынан көптеген адам қаза тапқан еді. Сол кезде Елбасы мұндай қайғылы жағдай елімізде қайталанбас үшін барлық жерде өрт қауіпсіздігін тексеріп, тиісті шаралар көруді, қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Жасыратыны жоқ, сол кезде қарқынды жұмыс жүргізілді. Бірақ, ол да науқаншылықтан әріге аспады, бүгінде тапсырма ұмыт қалды. Оған осы жайт дәлел. Қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан ажалы өрттен, судан келген жазықсыз жандардың обалы кімге және бұл келеңсіздік қашанға дейін жалғасады?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған