Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Отбасы » Мәртебелі Мария

Мәртебелі Мария

Үйде ибалы келін, адал жар, аяулы ана, ал түзде темірдей тәртіпке бағынған қызметкер. Қоғамда олар арқалаған жүк жеңіл емес. Қос міндетті қатар арқалаған осындай нәзік жандылардың бірі Мария Досыбекова Түркістан қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң қаладағы индустриалды-педагогикалық техникумның күндізгі бөлімін, кейін ХҚТУ заң факультетін  сырттай оқып бітірген.

Алғашқы еңбек жолын құқық қорғау саласынан бастап, 21 жыл бойы үздіксіз ішкі істер органында, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, учаскелік полиция инспекторы лауазымдарында қызмет атқарып, полиция майоры шенінде зейнетке шыққан. Зейнетке шықса да еңбектен қол үзбеген кейіпкеріміз бүгінде Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, көп балалы ана. Құқық қорғау саласы ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы қызметін атқаруда. Ардагерлер ұйымының іс-шараларын ұйымдастыруда белсенділік танытып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, проблемалардың шешімін табу жолында жұмыс істеп келеді. Өмірлік тәжірибесін жастарға үлгі етіп, жас қызметкерлердің кәсіби шеберлігін шыңдауға, полиция беделін арттыруға зор үлес қосқан білікті маман. Оның еңбексүйгіштігі, үлгі істері жастар үшін өнеге, ақыл-кеңесімен жастарды патриоттық, отаншылдық сезімге тәрбиелеуге ынталы. Ардагер ретінде жас мамандар арасында тәлімгерлік, профилактикалық, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Түркістан қаласынан шыққан «Өмірлері өнеге» жинағына есімі енген ең жас ана.

Оның алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы, ерлерше бірсөзділігі балалық шағынан ұшқын атып, сезілетін. Атасы Қамбар бар немересіне тәттісін бөліп берерде «Кімнің қызысың?» деп сұрайды. Кәмпитке қызыққан басқа немерелері «атамның» десе, ол «әкемнің қызымын, кәмпиттің керегі жоқ» деп отырып алады екен. Осындай қайсарлығы, ер азаматқа тән бірсөзділігі оны болашақ мамандығын таңдауға жетелегендей. Көпбалалы отбасыда тәрбиеленген ол үйінің тұрмыс жағдайына қарайлап, кештеу тұрмыс құрды. Оқуды да өз бетінше бітіріп, мамандық меңгерді. Тұрмысқа кеш шығып, жұмысбасты болса да еш уақытта өзінің алдымен әйел екенін ұмытпаған ол бүгінде бақытты ана. Төрт баланы дүниеге әкелді. Шаруаға епті, еңбекқор. Әсіресе, ішек-қарын аршып, малдың етін іреуге келгенде Марияға жететін әйел қайда? Лауазымды қызметкермін демей, жоқты бар, барды нар қылып, дастарқанды жайнатып жібереді.

Пайым-парасаты өзіне жарасқан ол көппен тіл табысқыш, ортасында әркез абыройлы болды. Ұзақ жылдық жемісті еңбегі ескеріліп, Ішкі істер органдарында қызмет ету кезінде ІІМ-нің грамотасымен, 1-ші, 2-ші, 3-ші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Милиция үздігі» медальдарымен, облыстық, аудандық ішкі істер органының грамоталарымен, облыстық, аудандық мәслихаттың «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Мәртебесі әркез биік болған құқық қорғаушы Марияның кеудесінде биыл нәзікжандылар мерекесі қарсаңында «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі жарқырады!

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика