«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген мақал бекер айтылмаса керек. Менің жеңешем босағамызды аттаған күннен бастап шаңырағымыз нұрланып сала бергендей. Басына ақ орамалын тағып алып, үйге сән болып келді. Алты бөлмені шыр айналып тазалап, ыдыс-аяқтың барлығын сартылдатып жуып, киім-кешектің барлығын реттестіріп, шырайымызды келтіріп жүреді. Күніге неше түрлі тәтті тағамдар пісіріп, айналаның барлығын тап-таза етіп жинап қояды. Есімізге түскен кезде ғана тамағын беретін итіміздің өзі семіріп, жеңешемді көргенде қуанып кететін болды.
Сондай күндердің бірінде жұмысқа баруға дайындалып, таңғы асымды ішіп отырдым. Жеңешем шәй құйып отырып «Абылай, сен менің қайнымсың, кез келген жеңеше өзінің қайныларына ерекше есім қойып алады. Саған «Пәленше, Түгенше» деп айтуға да ұялып тұрмын. Егер қаласаң, өзің таңдаған бір есімді айтсаң мен сені солай атайын» деді. Менде үн жоқ, себебі кейбір жеңгелердей «Тәтті бала, ерке бала» деп атағанын қаламаймын. «Азан шақырып қойған атыммен атай беріңіз, өз есімім өзіме ұнайды, сондықтан ренішім жоқ» деп түсіндірдім. Жеңешем «қой, жалғыз ғана қайныма бір есім қоя алмағаным ба?» деп ыңғайсызданып қалды. «Онда жеңеше, өзіңізге ұнаған атты қойыңыз, мен соған риза боламын» деп рұқсатымды бердім. «Сен жұмыстан келемін дегенше бір әдемі есім дайындап қоямын» деп күліп қалды. Оны естіген мен басым салбыраған күйі жұмысыма кеттім.
Содан жұмыста кешке дейін уайым, «мәссаған, дардай басыңмен енді жеңешеңнің «Ерке бала» дегеніне еркелеп жүр» деп өз-өзіме күбірлеп қоямын. Ертең достарымның көзінше «ай, ерке бала, шайға келіңіз!» десе қайтпекпін? «Бұл қай бала?» десе «қайным ғой, Ерке бала» деп таныстырса, қалай қараймын? Сақал-мұрты өскен балаға ыңғайсыздау екен, кішкентай бала болсам бір сәрі.
Не керек, жаңа есім қою дәстүріне тосырқай қарадым. Жұмыс уақыты бітіп, үйге қайттым. Тау қопарғандай шаршап, шәй-тамағымды ішіп отырмын. Таңертең мазалаған ой мүлде есімнен шығып кетіпті, басым салбырап, наннан түскен қиқымдарды термелеп отырсам жеңешем «Қайным, ойлана келе бір шешімге тоқталдым, сені енді Төре деп атайтын болдым», —дейді. Құлағыма жағымды естілгендей болды. «Егер ұнамаған болса тағы да басқаларын ойлап көрейін»,— дегенде мен «Жоқ, неге ұнамайды?! Өт-те керемет есім, Төре – керемет есім!» — деп қуанып кеттім. Жеңешем қандай есім қойса да қабылдайын деп жүрген едім, бірақ соншалықты өзіме ұнайтындай есім қойғанына қатты қуандым.
Төре! Төрт әріпте қаншама ұғым жатыр! Сондай керемет есімге ойда жоқта ие болдым. Енді мені достарымның арасында болсын, туыстарымның көзінше Төре деп шақырса ыңғайсызданбай, жеңешеме «ау» деп жауап бере аламын. Бұл деген жеңешемнің маған деген құрметі деп білемін. Алла бұйыртса, жасым жетпіске жетсе де мені Төре деп атағаныңды қалаймын. Ақылыңнан айналайын, ақ жеңешем! Сендей жеңгелер көп болса екен!