Хакім Абай музейіне келіңіз!

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы «Хакім Абай» музейі Шымкент қаласындағы Абай саябағында орналасқан. Музейдің ашылу салтанатына Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаев келіп, алғашқы көрермені ретінде оң бағасын берген. Сондай-ақ бұл салтанатқа облыс әкімі, қала басшылары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері мен жергілікті абайтанушы ғалымдар қатысқан.

Музей қазақтың ұлы ақыны, философ, қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Бөлмелерде хакім Абайдың өмір сүрген кезеңдеріне байланысты архивтік құжаттар, фотосуреттер, этнографиялық экспонаттар, кітаптар мен мерзімді басылымдар, қолжазбалар жинақталған. Абай мен оның ізбасарларының әдеби шығармалары, сондай-ақ олардың әлемнің түрлі тілдеріне аудармалары ұсынылған. Музейді ашудағы мақсат – ақынның терең философияға толы шығармашылығын, қарасөздерін, өмір жолы мен хакімдік мұрасын жергілікті халыққа кеңінен насихаттау, бүгінгі жастардың ұлы ақын Абай туралы ізденісін кеңейту, ой-өрісіне қозғау салу, олардың бойында патриоттық сезім мен еліміздің ұлы тұлғаларын мақтаныш ету, руханиятты дамыту болып табылады.

Музейдің жалпы аумағы 950 шаршы метрді құрайды. Ал ғимаратының жалпы ауданы 490 шаршы метр. Экспозициялар қойылған аумақ 345 шаршы метрді алып жатыр. Бес зал бар, оның біріншісі – Абай заманы, екіншісі мәжіліс залы болса, үшіншісі – Хакім Абай залы, төртіншісі абайтану залы, бесіншісі – галерея мен дәлізден тұрады. Оларды безендірген белгілі этнодизайнер, 60-тан астам музей экспозициясының авторы Аманжол Найманбай болып табылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған