Сауалды неге бұлай төтесінен қойып отырмыз? Себебі, жуырда ғана Созақ ауданының орталығы – Шолаққорғанның іргесіндегі Жеткіншек елді мекенін су жайлаған. Ол қайдан келген су?
Жергілікті тұрғындар бұл судың қайдан келгені жайлы әртүрлі пікір айтады. Бірі жер асты суының көтерілуінен десе, енді бірі кәсіпкерлердің жер қазып, тас алу салдарынан бұлақ суы ағатын жүйенің бұзылуынан көреді. Тасы қазып алынған жерлерде жасанды шұңқырлар пайда болып, ағысынан айныған бұлақ суы сонда жиналады екен. Ол жерге сіңіп, жақын маңдағы ауылдардан шығып жатыр деген жорамал бар. Мұның алдын алып, бұлақ суының бұрынғысынша өз жүйесімен ағып кетуіне жағдай жасамаса, бірер жылда Шолаққаорғанды да су басу қаупі бар екен. Осы жағдайға байланысты Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов екі аптадай бұрын судың қайдан келіп жатқанын тиісті мекеме қызметкерлері анықтайтынын айтқанымен, әзірге ресми мәлімет берілмепті.
Әдетте, жергілікті атқарушы билік тарапынан нақты жауап болмаған жағдайда оның себебін өздігінше іздейтін жергілікті тұрғындар тарапынан түрлі болжамдар айтылып жатады. Тіпті, қол қусырып отырмай, соған байланысты іс-әрекеттерге де көшуі мүмкін. Қазір жеткіншектер тарапынан қандай амалдар жасалып жатқаны жайында ауыл қариясы Несіп Сапаров айтып берді. «Осыдан бір-екі жыл бұрын ауыл шетіндегі мазарды су басты, – дейді Несіп қария. – Сол кезде де әкімдіктегілерге айтқанбыз, бірақ ештеңе істемеді ғой. Соның салдары осыған алып келді. Ертерек әрекет жасағанда бәлкім бұлай болмас па еді? Ешқандай шара көрілмесе, осы су тағы бір-екі жылда аудан орталығы – Шолаққорғанды әбігерге салады ма деген қаупім бар. Әрине, қаупіміз қате болса екен дейміз, бірақ, сақтықта қорлық жоқ екенін де ұмытпауымыз қажет.
Үйлердің қабырғасын қақ айырып жатқан су қайдан келді деген сауалдың жауабын әкімдіктегілер жер асты суының көтерілуінен іздеуде. Солай болуы да мүмкін. Бірақ баяғыдан бері болмаған су енді қайдан пайда болады? Сұрақтың төркіні осында болып тұр. Менің ойымша мұны қолдан жасалған деуге толық негіз бар секілді. Олай деп отырғаным, осыдан бірнеше жыл бұрын басшылар қазынадан қыруар қаржы шығындап, тау жақтан «Сасықбұлақ» су қоймасын салмақ болды. Сол кезде ауыл тұрғындары ол жобаның дұрыс еместігін айтқанда тыңдайтын құлақ болмады. Биіктегі су қойма бұзылса етектегі ауылға қауіп төндіретіні ақиқат. Біз су қойма салатын басқа жерді ұсындық. Онда соғылса суды сорғыш арқылы кез келген жерге жеткізуге болады. Бірақ бұл ұсыныс қолдау таппады да, өздерінің жобалауымен басталған іс те аяқсыз қалып қойды. Енді бұл келеңсіздікке жауапты ешкім қалмады.
Жер қазып, тас алатын кәсіпкерлер де табиғатқа көп зиян тигізіп жатыр. Тас алынған жерлер қазан шұңқырларға айналып, бұлақ сулары сонда жиналуда. Бұрын бұл су арықтар арқылы егістікке жететін. Қазір ол арықтар қаңырап бос қалған. Ал шұңқырға жиналған су біздің ауылдан шығып жатыр. Жеткіншек пен Шолаққорғанның арасы небәрі екі-үш шақырым ғана екенін ескерсек, біздің ауылға келген су тағы бір-екі жылда аудан орталығына бармасына кім кепіл? Міне, осыны ойлау керек. Ауылдын іші мен сыртынан жер қазып, суды мотопомпа арқылы басқа жерге жіберу мәселені шешпейді. Мамандар судың нақты қайдан пайда болып жатқанын анықтауы тиіс».
Иә, ақсақалдың айтқаны құлаққа қонымды. Өйткені, Жеткіншек ауылы тұрғындарының сумен алысып жатқандарына екі аптадан астам уақыт болса да елдімекен судан толық тазарды деп айтуға әлі ерте. Осынша уақыт су ортасында тұрған үйлердің ендігі жағдайы не болмақ? Алдағы уақытта бұл қиындықты болдырмау үшін не істеу керек? Осы сұрақты біз аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбетовке қойдық. «Қазір де мен Жеткіншек ауылында жүрмін, – деді Бекзат Тайұлы. – Суды қашырту үшін ауыл ортасы мен шетінен арықтар қазылуда. Нәтижесінде су деңгейі құдықтардан төмен түсті. Судың қайдан келгенін анықтау үшін Жамбыл облысынан шақыртылған гидромамандар жұмыс істеп жатыр. Әзірге біздің мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету».
Жоғарыда айтылғандай, Жеткіншек пен Шолаққорған шекаралас ауылдар екен. Ендеше, бүгін Жеткіншек су астында қалса, ертең Шолаққорғанға қатысты да осы оқиға қайталануы мүмкін екені талас тудырмайды. Жеткіншектіктердің жағдайына алаңдаушылығы аса байқалмай отырған аудан басшысы Салыхан Сабырұлы ертең Шолаққорғанды су басса да жылы бөлмесінде беймарал отыра бермек пе?! Жуырда қатты болған қарлы боран салдарынан қаншама мал қырылып, бір адам өлгенде де аудан басшысы селт етпестен, бар кінәні азаматтардың өздеріне оп-оңай-ақ аудара салғанын жазып едік. Сонда Салыхан Полатовты жергілікті халықтың жанайқайы толғандырмай, оларға төніп тұрған қауіпті елемейтін болғаны ма? Әлде «Шолаққорғанға су жеткенше менің бұл қызметте отыру-отырмасым белгісіз» деген жеңіл ойдың жетегінде жүр ме екен? Нағыз халыққа жақын әкім – бір күн қызметте отырса да елдің жағдайын жасауға бар күш-жігерін жұмсаған басшы болса керек.
Әкімдіктің әлі келмейтін болса, қиыршық тасты қазып алушылардың мәселесімен табиғатты қорғау прокуратурасы айналысуы тиіс. Олардың заңсыз әрекеттеріне бүгін тосқауыл қойылмаса, ертең зардабын халық шегетіні айтпаса да түсінікті.