Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Төс тартудың төркіні неде? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Төс тартудың төркіні неде?

Бүгінде әрбір қонақжай шаңырақ күйеу балаға арнап төс сақтайды. Бірақ, оны не үшін күйеуге жегізетінін көпшілгіміз біле бермейміз.

Бірде туыс қайынсіңлімді ұзаттық. Сонда күйеу балаға төс тарту кәдесі маған бұйырды. Бұл кәденің астарында не жатқанын білмесем де, мәз болдым. Тіпті, қайынсіңліме: «күйеу балаға айт, қалтасын қомпайтып келсін, ертең төсті мен тартамын», – деппін. Ал, қайынсіңілім: «төс деген не, оны не үшін береді?» – деп сұрады. Шынымды айтсам, осы кезде жауап бере алмай  қатты ұялдым. Сосын «оны сол кезде айтып беремін» деп жалтара салдым.

Кейін мұның астарын іздеп, «бір білсе, осы кісі білер» деген оймен әулеттегі үлкен апамнан сұрадым. Апам еш мүдірмей жауап бергенде іштей сүйсіндім. Айтуынша, күйеу балаға төс екі қабырғалы елді төспен біріктіргендей сіңімді болсын дегенді білдіреді екен. Одан бөлек, күйеу бала төс секілді майлы болсын, туған-туысына жайлы болсын деген мағынаны ұқтыратын болып шықты. Қызымызға, қайын жұртына, жалпы ұрпағына төс секілді майлы, сөздері көңілге тимейтіндей жұмсақ болсын деп те ырымдаған.

Ал, біз оның сырын түсінбестен, тек қалта қомпайтудың әдісі деп ойлап, қатты қателесіппіз. Тіпті, бір той алдында жеңгелеріміз күйеу баласына төсті тауысқанша жемесе болмайды деп, майлы тағамды аямай асатқаны бар. Жас күйеу содан той үстінде жүрегі айнып, әбден мазасы кетті. Салтты дұрыс сақтап, оның жоралғысын жөнімен атқармаудың кесірі осылайша дәстүрімізге деген жастардың жеккөрінішін туғызып алмай ма? Ендеше, төсті дұрыс тартуды кейінгіге аманаттау бүгінгі біздей жеңгелерге дәстүр аманаты.

Майлы малдың төс етінің ерлер үшін емдік қасиеті де бар болып шықты. Бүкіл қабырғаның түйіскен жері – майлы төс етінде қуық асты безіне қуат беретін нәрі бар. Осыны бұрынғы ата-бабаларымыз білген. Білгендіктен де қызын алғалы отырған күйеу бала қуатты болсын деген ізгі ниетпен төс тартқан. Демек, бүгінде белең алған ерлер арасындағы белсіздіктің алдын алу үшін дана қазақ күйеуге төс жегізген екен. Төс майлы болады, соған қарамастан жүрекке тимейді. Түрлі стресстік жағдай, суық тиюде қойдың төс  еті қабынудан сақтап, қалпына келтіретінін дәрігерлер де мойындаған.

Сондықтан төс тарту – күйеу баладан жоралғы дәметудің жолы емес, қызының бағының баянды болуына, шаңырағының шайқалмауына, бесігінің мәңгі тербелуіне, ана атанып, әлди айтуына жолашар болған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған