Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Қыл көпір… – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Қыл көпір…

Шаяндағы көпір оқушылар өміріне қауіпті

Жуырда жеке жұмыстармен Шаян ауылына жолымыз түсті. Біз барған үйдің иесі қонақ екенімізге қарамастан, «тамақ дайын болғанша бір жерлерді көрсетіп келейін» деп қолқа салған соң, амалсыз соңынан ердік. Шындығында ол кісінің көрсеткеніне қарап, өзіміз таң қалдық. Сол сәтте «бұл аудан мен ауылда басшы бар ма?» деген сауал еріксіз санамызда сығалады.

Бұл сауалды Төлепбек есімді жергілікті азаматқа қойдық. «Батырбек Көшербайдан кейін әкімге жарымай келеміз, – деді ол ойын бүкпесіз айтып. – – Батырбектен кейінгі әкіміміздің не бары, не жоғы білінбеген күйі зейнетке шығып кетті. Ержігіт Шәріпбеков әкім болып тағайындалғанда «жас, әрі жергілікті азамат, өндіріп жұмыс істейтін шығар» деп қуанған едік. Ол қуанышымыз да ұзаққа созылмағанын сезіп отырмыз. Бәлкім, тәжірибесі аздау болып тұр ма, ол жағын білмедік. Әйтеуір, көзге көрініп жатқан тірлігі байқалмайды. Әйтпесе осы көпірді айтып жүргенімізге қанша уақыт болды. Әкімдер жаңарған сайын назарына саламыз. Уәде беріледі, бірақ орындалмайды. Тіпті, оның жөнделетіні немесе жөнделмейтіні жайында бір ақпар да бермейді. Осыдан келіп қаңқу сөздер көбейеді. Егер әкім іскер болса осы көпір үшін қазынадан қаржы шығармай-ақ, демеушілердің көмегімен істеп тастаған болар еді. Қанша дегенмен, көпір салу өте сауап іс қой, демеушілер табылмай қоймас.

Ауылды су басудың алдын алу мақсатында қазылған каналдың үстінен бұрын жергілікті тұрғындар асарлатып көпір салған. Қазір ол «қыл көпірге» айналды. Аяқ астындағы ағаштар сынған. Өту қауіпті. Бірақ, мектепке баратын оқушылар үшін каналдан өтер осы көпірден өзге өткел жоқ. Көпірге аяқ басу үшін де он шақты метр биіктен төменге түсу керек. Қыстың күндері балалар көпірге сырғанап түседі, келесі беттен тайғанақтап жоғарыға әрең көтеріледі. Қанша бала сырғанаған күйі суға түсіп кетті. Оны елеп-ескеріп жатқан басшы байқалмайды. Олар міндетті түрде біреу қаза тауып, қара жамылғаннан кейін қозғалуды әдетке айналдырған ғой. Әзірге бір Алладан жәрдем тілеуден басқа амалымыз жоқ».

Ауыл тұрғындарының айтқан бұл базынасы Бәйдібек ауданы әкімінің құлағына жеткен бе, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Соны білмек мақсатта Шаян ауылдық округінің әкімі Ордабек Шұбаевқа хабарласып көрдік. «Менің қызметке келгеніме әлі бір жыл толған жоқ. Бірақ осы ауданның тумасы ретінде кем-кетігінің барлығын білемін. Олардың барлығына жоспар құрып қойдым. Рет-ретімен орындайтын боламыз.

Сіз айтып отырған көпірден де хабарым бар. Тұрғындар шағымданып келіп жатыр. Сондықтан жағдаймен таныспын. Қауіпті екенін де білемін. Көпірдің екі жағынан адамдар ұстап өтетін темірлерді дайындап қойдым. Күн жылынса болды дәнекерлеушілерді апарып, жөндетемін. Көпірге қатысты мәселелердің барлығы назарымда», – деді округ әкімі.

Әкімнің бұл сөзі көңілімізге медеу болды. Дегенмен, айтылған сөз жерде қалмас үшін біз бұл мәселені алдағы уақытта да назарда ұстап отыратын боламыз. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген бар емес пе, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, қолдан келер шаруадан аянбаған әкімді халық та жақсы көріп, төбесіне көтеретіні сөзсіз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған