Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
«Айтыстың көрермені азайып барады» – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

«Айтыстың көрермені азайып барады»

Нұрлан Есенқұлов,  айтыскер ақын:

— Нұрлан,  алдағы Наурыз мерекесімен! Дәстүрлі өнер өкілі ретінде ұлттық мереке қарсаңында өзіңмен сұхбаттасуды жөн көрдік. Айтысқа алғаш қалай қадам бастың?

— Арыс қаласында дүниеге келгенмін. Кішкентайымызда теледидардан  айтысты көп көретінбіз. Ол кезде теледидардан  көрсетілетін бағдарлама «Айтыс» пен «Тамаша» ғана болушы еді. Әкем не анам «осыны көріңдер,  ертең сендерге керек болады» демейтін. Өз ықыласыммен  теледидар алдына жайғаса қалатыныма қарағанда  ұлттық өнерге қызығушылығым бойда бар қасиет болған сияқты. Мектепте алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін  апайымыз  Арыс өзені туралы өлең жазып келіңдер деп тапсырды. Менің шумақтарымды көріп «бойыңда ақындықтың ұшқыны, талабың бар сияқты» деп көтермелеп жіберді. Мұқағали Мақатаевтың жетпіс жылдығына арналған мүшәйраға қатысасың деп ауданаралық байқауға жетеледі. Ал сегізінші сыныптан тоғызға көшкен жылы Шымкенттегі жас ақындар  мен импровизаторлар даярлайтын мектепке оқуға қабылдандым. Ұстазымыз Әбдіхалық Әбдірайымұлы (Сәбит ақын)  ақындық өнердің қыр-сырына үйретті. Жалпы, бойдағы өнер нағашыларымнан  келген  сияқты. Нағашы атам  кітабы шыққан,  кез-келген  тойға барғанда арнау жазып барып, өлең оқитын кісі болған. Соған қарағанда ақындық қасиет ананың сүтінен дарыған-ау деп ойлаймын.

— Ең алғаш үлкен додаға қатысуың есіңде ме?

— Иә. Арнайы мектепке келгенше ақынбыз деп жүргеніміз жай қызығушылық екен. Жас ақындар мектеп-интернатында бізге ұстаздар ұйқастың, шумақтың қалай өрілетінін,  ой түйіндеу, қарсыласқа қалжыңмен теңеулер арқылы тиісу,  сахна әдебі сияқты талаптарды үйретті. Аталар сөзін жаттадық. Домбыраны қалай ұстап,  қағуға дейін білдік. Осылай үйрене келе мектепаралық айтыстарда жүлдегер атанып,  үлклен  сахналарға қанат қаға бастадық.  Он бірінші сыныпта алғашқы республикалық айтысқа қатыстым. Қарсыласым елге танылып қалған сырбаз ақын Мақсат Аханов болды. Үлкен айтыстарды теледидардан  ғана тамашалап, аузымыз ашылып, тамсанып жүрген  кезіміз еді.   Дәулеткерей Кәпұлы, Мэлс Қосымбаев сияқты дүлей ақындардың жанында өзімізді бақытты сезініп,  жақыннан көргенімізге мәз болып қайтқанмын. Алғашқы аламан додада жеңімпаз атанбасам да,  осындай ақындармен бір сахнаға қатар шыққанның өзі маған жеңіс болды.  Қарсыласыммен сыйласып, әдемі айтыс жасадық. Кейін Байқоңырға аймақтық  айтысқа, Шымкентте жыл сайын  тұрақты өтетін Наурыз айтысқа қатысып  жүріп шыңдалдық.

— Өзің үшін бәсі биік болған сөз сайысың қайсысы?

— Бәсі биік айтыстарыма қыз бен  жігіттің сахнадағы өлеңмен қақтығыстарын  айтар едім.  Қызылордада өткен  айтыста осындай бір тамаша сахналық кездесулер болды. Мөлдір Айтбай, Аяулым Жұмабек, Алматыда өткен айтыста Жансая Мусинамен  болған додадан кейін халық ризашылығын  білдіріп,  арқамнан  қағып,  қолымнан алып жатады. Балғынбек Имашов ағамызбен  болған айтыстың өзі бір төбе. Осыдан  екі-үш жыл бұрын әнші Заттыбек Көпбосыновтың көкпарына келген еді. Соны сахнада тілге тиек етіп, «Тұлғаңа қарап жұрттың бәрі шабандоз деп ойлаған еді,  сен бірақ тамақ жеуден  басқаны білмей,  киіз үйден шықпадың ғой» деген сияқты қалжыңмен қағытып, халықты думанға бөлегенбіз. Қадамыма қуанғаны ма, Балғынбек ағамыз бұл айтыс туралы өзінің ризалығын білдіріп, инстаграм парақшасында арнайы пост жазған болатын. Ринат Зайытовпен де шаппа-шап, жақсы сөз қақтығыстары болған.

— Ақын ретінде өзіңді жиі толғандыратын  мәселе қандай?

— Айтыстың көрермені азайып бара жатқан  сияқты. Елдің ықыласы бұрынғыдан төмендегендей. Бәрінің емес, бірақ көпшілігінің. Айтысқа деген  көзқарас өзгерді. Дәстүрлі өнерге «жай өзіміздің айтыс қой» деп жеңіл қараймыз. Эстраданың алға озып, теледидарда айтыс болып жатса, «Астарлы ақиқатқа» ауыстыратын тыңдарман талғамы күрт өзгерді.

— Бұған белгілі деңгейде айтыс ақындарының да «үлесі» бар деп ойламайсыз ба?

— Жоқ, бұл айтыскерлердің себебінен деп ойламаймын. Өйткені, төл өнердің деңгейі бұрынғы айтысқа қарағанда едәуір өскен.  Өлең құрылымы,  көркемдік жағынан  айтыскерлердің тыңдарманнан ұялатын  жері жоқ. Бір біріне қалжыңы да қуатты. Қазір айтыс дамып  кетті деуге болады. Жазба ақындардың біраз уақыт толғатып жүріп жазатын дүниесін жарты сағаттық айтыста төгіп тастап айтатын айтыскерер бар. Егер айтыстың ақсауына ақындардың да себебі бар деушілер болса оған қарсымын. Өйткені ақындар  барынша айтыс көркін  қыздырып жүр. Осындай түйткілдерге қарамастан  ұлттық өнер дегенде «ішкен асын жерге қоятын», жаны да,  жүрегі де қазақ  тұрақты көрермендері бар. Бірақ, көпшілік қазір эстрадаға елеңдеп,  «КВН»-ге құмартып  кетті.

— Өзің айтқандай, соңғы кезде айтыс дамып,  жас ақындар да көбейді. Олардың жайы қалай?

— Сан көп жерде сапа бар. Егер бір облыста он шақты ақын болса үлкен додаларға соның ішінде екеуі немесе үшеуі ғана шақырылады. Яғни,  кім мықты, соған  басымдық беріледі. Ал қалған  ақындар не істейді? Ол кезекті айтысқа қашан  ілігермін деп күтіп жүре бермейді ғой. Ел ішінде дәстүр жолын ұстанып, көптің қуанышына қызмет етеді. Оңтүстік өңірінің өзінде айтыстың өтпей қалғанына үш-төрт жыл болып,  биыл міне алғашқы сең қозғалды.  Елбасы Н. Назарбаевтың өзі 2017 жылы халыққа арнаған Жолдауында « Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп, рухани жаңғыруға ерекше көңіл бөліп, Үкіметке тапсырма берді. Осыған сәйкес қазір өңірлерде «Рухани жаңғыру» орталықтары құрылып, жұмыс істеуде. Жергілікті басшылардың бойында қазақы қасиет, төл өнерге жанашырлық болса айтыс жетімсіремейді. Мінекей, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенованың қолдауымен биыл араға бірнеше жыл салып наурыз қарсаңында өтетін айтыс ортамызға оралды.  Бұл тыңдаушы үшін де, жырлаушы үшін де үлкен қуанышты жағдай!

— Шымкенттегі Салт-дәстүр орталығында бірнеше жылдан бері тұрақты қызмет етіп келесіз. Айтысты дамытуға орталықта қаншалықты көңіл бөлінуде?

— Бұл орталық басқа өңірлерде жоқ, тек Шымкентте ғана салынған бірегей мекеме. Бүгінде дәстүрімізді дәріптеуге сүбелі үлес қосып келеді. Ашылғанына бес жыл болған орталықта көптеген  жұмыстар атқарылды. Соның ішінде айтыс та өткіздік. Үлкен тірліктер  кішкентай қадамдардан  басталатынындай,  жас ақындар айтысын ұйымдастырып, шыңдалуына үлес қостық. Кейінгі жылдарда қаржы бөлінбей, жастар айтысы да тоқтап қалды. Алдағы уақытта орталық айтыс өнерін көтерсін деп  қаржы бөлініп, тапсырып жатса неге өткізбеске? Қазақтың айтысына қашан да қызмет ете береміз.

— Сұхбатыңа рақмет!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған