Қала шетінде қазақы ауылдар салынса

Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жанғыру» бағдарламалық мақаласында «әлем бізді мәдени жетістіктерімізден  тануы   керек» деп,  Үкіметке осы бағытта атқарылатын  істерді тапсырып,  бекіткен  болатын. Бүгінде Елбасы идеясын жүзеге  асыру үшін  көптеген мүмкіндіктерге  иеміз. Өйткені тарихқа бай көшпенділер мәдениетінің    мұрасы  Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Ұлы Жібек жолы  бойында орналасқан. Олар — аты аңызға айналған Нұх пайғамбар кемесі  тоқтаған Қазығұрт шоқысы, ата-бабаларымыз әлемде  бірінші болып, бес жарым жыл  бұрын жылқыны  қолға үйреткен Ботапай өңірі. Бүкіл көшпенділер мәдениетінің брендіне айналған «Алтын адам» мұрасы, сондай-ақ қазіргі кезде дүние жүзінде  алғаш салынған  күмбезді ғимарат та Қызылорда облысы, Баланды ауылында орналасқан. Бұл тарихи жәдігерді археолог ғалым С.П.Толстов  зерттеп дәлелдеген.  Қазақ мемлекетінің бесігі іспеттес «Алтын орда» мемлекетінің  аумағы да бізде жатыр.   Көшпенділер мәдениетінің құндылықтары оңтүстік аймақта жақсы сақталғаны белгілі. Оның ішінде тарихи атыраптар, ұлттық салт-дәстүрлер, ат-спорты  ойындарының кей түрлері жақсы сақталып, «Көкпар» журналы да жарық көреді.

Қазақы аймақтың осындай жоғары мәдени әлеуетін ескере отырып  этноауыл  салатын  кез келді. Мысалы, киелі Қазығұрт бөктерінде қонақ үйлер, спорт , концерт қоятын, , қолөнер бұйымдары , саумал  қымыз, қымыран кафе- ресторандары бар ауыл  қоныс тепсе қанеки! Өкінішке қарай, игі бастаманы қолға алуда кеш қалудамыз. Айыр өалпақты қырғыз ағайындар бұл салада батыл бетбұрыс жасап, 2014 жылдан бастап    «Әлемдік көшпенділер  жарысын»  өткізіп келеді. Мысалы, 2016 жылы өткен бұл ойынға  62 елден 1200 спортшы  қатысты. Теледидар көрілімдері 500 миллионды  қамтыған. Алдағы «Әлемдік көшпенділер  жарысы» биыл   Түркияның Бурса қаласы маңында өтеді. Бүкіл әлемде көшпенділер мәдениетіне осыдан кейін барып қана зор қызығушылық  туды. Нәтижесінде қазіргі кезде  Мәскеуде «Музей кочевой культуры» ойын-сауық нысаны, Мәскеу  сыртындағы  Хотьково ауылында көшпенділер этнопаркі, Мәскеуден  90 шақырым жердегі Калугада осындай ауыл ашылып, табыс көзіне  айналды.

Этноауыл ұғымы дүние жүзіне 1990 жылдан бастап тарай бастады. Ол  жылдары  Данияда «әлемдік этноауыл қозғалысы» басталды. Бұл қозғалыс  ауылдың қоршаған орта, рухани және әлеуметік-экономикалық сияқты негізгі үш басымдығын айқындады. Қазір  әлемдік архитектурада    символдық мағынасы бар, дүйім жұртқа түсінікті    бас жоспарлар  зор сұранысқа ие. Мысалы,  Дубайдағы Пальма-Жумейра  демалыс аймағының бас жоспары пальма ағашы болса, Бразилияның бас жоспары  қанатын жайған құс бейнесінде  орындалған. Бұл символдық бас жоспарлар оларды әлемдік деңгейге  көтерді.

Осы ретте қала шетінен бой көтеруі тиіс қазақы ауылдың бас жоспары қандай болуы тиіс деген орынды сұрақ туады. Біз ұсынып отырған жобада этноауылдың бас жоспары символикалы  түрде  шаңырақ   пішінде  жасалған.  Бұл  еліміздің  қазақ  шаңырағы аясында  бейбіт өсіп-өркендеуін  білдіреді.

Шаңырақ пішінді  бас жоспар 20 гектарға  орналасқан,  ол жаяу жолдармен   сегізге  бөлінген. Орталығында  дөңгелек  алаң,  фонтан, отбасылық демалысқа арналған  қонақ үйлер орналасқан. Негізгі  аяқ  жол солтүстікке, ұлттық үрдістегі мұражайға,  биіктен  тамашалайтын   мұнараға    бағытталған. Шығыс жағында  киіз үйлер топтамасы, оңтүстік-шығысында  аквапаркпен шомылу орыны жайғасқан. Ал, оңтүстік батысында  «Әлемдік көшпенділер жарысын» өткізетін ипподром орналасқан. Туристік ауылда автотұрақ,  келушілерге  ат-арбалармен, электр көлікпен,  жаяу  серуендеуге барлық жағдай қарастырылған сызба осы жоспарда қамтылған.

Болашақ сәулетші, біздің түлегіміз Балжан Дәуренованың дипломдық  жобасы  М.Әуезов  атындағы  ОҚУ  Архитектура кафедрасында  бірнеше жыл бұрын орындалып, қорғалып та қойды. Көптеген республикалық, халықаралық бәйгелерге қатысып, шет елдік іргелі  журналдарға  мақаласы басылып, жобаны білікті мамандар қолдады. Алайда, ұлттық құндылықтарымызға қырын қарағаннан ба, оны жүзеге асыруға бейілді ешкім байқалар емес. Егер осы жоба  жүзеге асса  аймақтың  туристік тартымдылығы да арта түсер еді. Мұның экономикалық тиімідігі қандай болатынына жоғарыда тоқталдық, ал рухани маңызына шүбә жоқ. Этноауыл  қала тұрғындары мен қонақтарының   табиғат аясында  дем алатын орны ретінде  ел мәдениеті мен экономикасын көтеруге, жастарымызды  «Рухани жаңғыру»   дәстүрінде  тәрбиелеуге    септігін тигізері анық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған