Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Алатаудан, Арқадан ақындарым келіпсің… – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Алатаудан, Арқадан ақындарым келіпсің…

«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз,  жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс».

Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан.     

 

Шымкент шаһарын бірнеше күн қатарынан думанға бөлеген Наурыз мерекелік бағдарламасы аясында халықаралық аламан айтыс өтті. Екі күн қатарынан жыр көрігін қыздырған бәйгеге барлығы 16 ақын қатысты.

Ұлыстың ұлы күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жүрсіннің жүйріктері, Сәбиттің сәйгүліктері», «Наурыз, гүл көктем, жыл басы» деген тақырыппен болған айтысты Шымкент қаласы әкімінің тікелей қолдауымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастырды. Аламан айтыстың шымылдығы салтанатты түрде ашылып,  Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан шаһар басшысының құттықтауын жеткізді.

– Биылғы Наурыз жәй Наурыз емес. Тәуелсіздіктің отыз жылдығымен тұспа-тұс келген Наурыз. Наурыз Шымкенттен басталды. Енді жыл сайын  бүкіл қазақстандықтар Ұлыстың ұлы күнін Шымшаһарға келіп тойласа деген  бастама сәтті қолға алынды. Наурыз айтыстың басты тақырыбы – тәуелсіздік.  Өткен жылы Шымкентте 232 мыңға жуық сәби дүние есігін ашты. Бұл да Тәуелсіздіктің бізге берген бір бақыты, бағы деп білемін, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Ақындар айтысын ақын, «Парасат» орденінің иегері Жүрсін Ерман  жүргізіп отырды. Аламан дода тақырыбы «айтыстың отымен кіріп, күлімен шығып», алтын көпірі болған Ж. Ерманның жетпіс жылдығы мен Шымкентте алғаш жас ақындар мектебін ашып, талай мұзбалақ баптаған Әбдіхалық Әбдірайымұлының (Сәбит ақын) алпыс жылдық мерейтойын қамтығанын айта кеткен жөн.

Сахна төріне алғашқы жұп болып шымкенттік Қажымұқан Абзалов пен  қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан көтерілді. Жас болса да тегеуріні мықты қос ақын сөз әбзелін әдіптеп өре біліп, жыр маржанын тереңнен теруге талпынды. Әсіресе, Қажымұқанның әсерлі теңеулермен шумақталған «Салтын жатқа бермейтін ешқашан да, алтын әкеп берсең де ат басындай» деген секілді сөз тіркестері додаға жақсы дайындықпен келгенін байқатты. Маңдайы жасынан жарқыраған алтын айдарлы ұл

саналатын Мейірбек те осал түсіп жатқан жоқ. Алғашқы жұптың сөз қағысы құрдастық қалжыңға ұласты. Екінші жұпта өнер көрсеткен Бауыржан Шермиденұлы мен Рауан Хайдаровтың айтысы да замандастар әзілімен  өрнектелді. Бұл жұпта тереңнен толғап сөйлеген Бауыржанның бәсі биіктеу көрінді. Шымкенттің мыңдаған жылдық тарихын  алақандағыдай жайып салып сәлемдесуінің өзі көрерменді рухани сілкінтіп алғандай болды.

Үшінші жұп болып өзбекстандық қандасымыз Құлмахан Дүйсенов пен шымкенттік Қалижан Білдәшов шықты. Шаппа-шап айтыста ешкімге дес бермейтін Қалижанның өткірлігі бұл айтыста да ә дегеннен-ақ байқалды. Аға сыйлап айтысқан ол қарсыласын мақтамен  бауыздап отырғандай әсер қалдырды. Әсіресе, қоғамдық жағдайларды қарсыластың өзімен байланыстыра отырып қалжың қағытуы оның аламанда алымды екенін ұқтырды. Пандемиялық жағдайда қарсыласының шекарадан  қалай өтіп келгенін әзілмен түйреп:

Мен сізге неге келдің деп тұрғам жоқ,

Ойымды түсініп ал жөндеп, құрысын…

Мен сізге қалай келдің деп отырмын,

Топ етіп ойда жоқта төрлеп тұрсың.

Кеденнен өткеніңе күмәнім бар,

Күдікті қылмыскерді меңзеп тұрсың.

Топалаңын шығарып келіп тұрған,

Айтса да, айтпаса да ер боп тұрсың.

Арыны талай жерді талғамайтын,

Былтырғыдай алапат сен боп тұрсың.

Қазақтың шекарасын заңсыз бұзған,

Сардобадан кейінгі сел боп тұрсың, — деп ағасын ашық «шайқаспен» қарсы алуға әзір екенін білдірді. Дәстүрлі өнердің аға буынына айналған Құлмахан  Дүйсеновтың сөз саптауынан айтыстың табиғатын сақтай отырып сөз қағысу мәдениеті байқалды.

Аламанның алғашқы күніндегі ең биік сөз төресі нұр-сұлтандық Еркебұлан Қайназаров пен алматылық Шұғайып Сезімханның айтысы болды. Айтысқа тән сөз қақтығысы ғана емес, пайымды парасат, сахна әдебі мен мақам мәдениеті жарасқан қос ақын сай жұпталыпты. Айтыскерлер мен жыршы-термешілер одағын басқарған Еркебұланның қазір астанада үй салып  жатқанын, айтыстан қанша бәйге алса да бітіре алмағанын тілге тиек еткен Шұғайып сөз басын нағыз тартыспен бастады. Қарсыласы да сөз көкпарына салымды екенін байқатып, тосылған жоқ. Одақтың бұрынғы күйі мен қазіргі жайы арқылы ақындардың күйін баян ете отырып, жезде мен балдыздың жарасымды айтысын тарту етті. Түркістаннан түлеп, Шымкентте шыңдалып, астанада алашқа танылған Еркебұланның бойындағы биік мәдениет оның үнемі ізденістегі ғана емес, тәжірибелі ақын екендігін де көзі қарақты көрермен  аңғармай қалмады. Ал, қарсыласына теңеумен, қарапайым ұйқасты ұтқыр ойға негіздей жауаптасуы Сәбит ақын мектебінің тәсілін меңзеп тұр.

Наурыз-тілек.

Жүрсін Ерман, ақын:

— Менің наурыз тілегім өзгермейді. Отыз жылдай уақыт болды, жылда Жаратқаннан «халқымызды бақытты, мейірбан ете көр, отбасыларын аман қыла көр» деп тілеймін. Өйткені, Наурыз осындай жақсы тілек тілейтін мереке.  Қыстан қалған қардың көбесі сөгіліп, мал төлдеп, адамдар да мейірбанға айналып, бір-біріне жылы тілек білдіретін кез. Менің тілегім осы, бәріміз басымыз аман, бауырымыз бүтін, тәуелсіз елдің төрінде басымыз бақыттан  айналып жүрсін!

 Алаштың аяулы ақыны Айбек Қалиев пен Нұрлан Есенқұловтың, Аруна Керімбек пен Айбек Жеңісхазиннің, Аспанбек Шұғатаев пен Қазірет Бердіханның арасындағы сөз тартыс та өз деңгейінде өрбіді. Аламанның алғашқы күнгі кезеңін түркістандық Бекарыс Шойбеков пен қарағандылық Төлеген Жамановтың айтысы қорытындылады. Нәтижесінде ақтық сынға сегіз ақын іріктеліп, екінші күні де жыр бәйгесінің көркін қыздырды.

Жалпы, 2004 жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келе жатқан Шымкенттегі Наурыз айтыстан көрермен кейінгі төрт-бес жыл шамасында көз жазып қалған еді. Араға уақыт салып, жергілікті әкімдіктің қолдауымен қайта оралған төл өнерді тыңдармандар сағынып-ақ қалған екен. Осыған сай ақындардың да даярлығы кем болған жоқ. Уытты қалжың, тағылымды түйін, терең ізденіске құлаш сермеген шайырлар айтыстың деңгейін ақсатып алмағанына куә болдық. Рас, кей жұптарда екеуара жеңіл әзілді сахнаға алып шығу, бір тақырып аясында ұзағынан толғап, көрерменді жалықтырып алғандай кемшіліктер де орын алды.  Алайда, «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» десек, әр ақынның аузынан теріп алуға жарайтындай өлең маржаны төгілмей қалған жоқ.

Айтыстың мәресін тамашалауға қала әкімі Мұрат Әйтенов өзі қатысты. Қазақ руханиятының бүгінгі абызы Асанәлі Әшімов, Әселхан Қалыбекова, Ханбибі Есенқарақызы, Мархабат Байғұт, Бауыржан Қалиолла, Маржан Есжанова, Кәрима Оралова сияқты сөз саңлақтары бағалаған сайыс келесі күнгі ақтық сыннан кейін қорытындыланды. Нәтижесінде, бас бәйгені нұр-сұлтандық Еркебұлан Қайназаров жеңіп алып, оған 2 миллион теңгенің сертификаты берілді. Ал, бірінші орын батысқазақстандық Бауыржан Шермиденұлына бұйырып, қанжығасына 1 миллион теңге байланды. Екінші орынды иеленген Айбек Қалиев пен Бекарыс Шойбековтің әрқайсына 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Үшінші орынды Шұғайып Сезімхан, Қалижан Білдаш пен Нұрлан Есенқұлов (әрқайсысына 300 мың теңгенің сертификаты) иеленді. Қалған қатысушыларға арнайы жүлде мен Мәделіқожа, Майлықожа, Құлыншақ, Көпбай Омаров,  Тәушен Әбуова, Орынбай Тайманов, Қаныбек Сарыбаев атындағы жүлделер берілді.

Ақындар айтысы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, 100 адамнан аспайтын көрерменмен өткізілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған