Ержігіт Шәріпбеков жағдайды толық білмейтін секілді
Түркістан облысында болған дүлей бораннан, әсіресе, Ордабасы, Бәйдібек, Отырар аудандары мен Кентау қаласы қатты зардап шекті. Содан бері екі аптаға жуық уақыт өтсе де төтенше жағдай салдары толықтай жойылған жоқ. Әлі күнге дейін жарықсыз, қара түнекте отырған ауылдар көп.
Көктем шықты дегенімізбен, оңтүстікте әлі күн суық. Пандемияның кезінде суық үйде бүрсең қағып отыру тіпті қиын болды. Жаураған, жарықсыз қалған ауыл тұрғындары дабыл қағып, жан-жақтан жәрдем сұрауда. Ал салдарымен күресіп емес, алдын алу жұмыстарына айрықша күш салуы тиіс болған жергілікті атқарушы билік бар кінәні табиғаттың тосын мінезіне жабудан әріге аса алмай отыр. Өкінішті.
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Айталық, төтенше жағдайдан кейін шұғыл іске кірісіп, күн-түн демей білекті түріп жұмыс істеген Нұрбол Тұрашбеков бастаған Ордабасы ауданының әкімдігі тұйықтан шығар жолды тез тапты. Шымкентте де көптеген жарық көздері істен шығып, халықты әбігерге салғанымен, ол ұзаққа созылмады. Қазір барлық жерде жылу, жарық қосылды. Ал, Бәйдібек ауданыында жағдай әлі оңалар емес.
Сейсенбі күні редакцияға хабарласқан Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылының тұрғыны Бақытжан Жұмәділла есімді азамат былай дейді: «Ағыбет ауылдық округіне Ағыбет, Алғабас, Жұлдыз елдімекендері кіреді. Боранның болғанына бүгін он күн болды, әлі жарық жоқ. Мен қазір телефонымды трактордан қуаттап алып, қырға шығып хабарласып отырмын. Облысқа, республикаға жанайқайымызды жеткізіңіздер. Аудан басшылары әлі келіп хабар алған жоқ. Мүмкіндігі барлар шағын генератор сатып алып, үйлерін жарықтандыруда. Көшеде құлаған ағаштар адамдардың жүріп-тұруына кедергі келтіруде. Ауданнан бір басшы келсе, тым құрыса көшені тазалап беріңдер дегіміз келеді. Бізді қойшы, Алғабас пен Жұлдыз ауылдарында жағдай тіпті сорақы. Білетіндердің болжамынша осы қарқынмен онда бір жарым айсыз жарық болмайтын секілді.
Мен Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Мамыржан Шодиевтен ағаш кесетін құрылғылар мен маман жіберуін өтіндім. Ол кісі ақысын аз-кем төлеп, көлікпен алып кетсеңіздер адамдар бар екенін айтты. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ. Не істеуіміз керек, елде халықтың қамын ойлайтын басшы бар ма? Қайта жеке азаматтарға рахмет. Сайрам ауданының тұрғыны Ағабек Датқа электр қуатымен жұмыс істейтін ара берді. Бірақ жарық болмағандықтан оны пайдалана алмай отырмыз. Біздің дабылымызды көпшілікке таратыңыздар, жарығымызды жақсын. Дамыған 30 елдің қатарында жүріп, жарықсыз отырғанымыз масқара емес пе?! Мақтанғанда алдымызға жан салмағанымызбен, қандай да бір төтенше жағдайларға дайын емес екенімізді бір боранның өзі дәлелдеп берді».
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тиісті мекеме басшыларының «Құлаған бағаналарды қалпына келтіріп, жарық беру үшін бір айға жуық уақыт қажет» деген уәжімен келіспей, «бір ай көп, бір аптада жарық жанатын болсын» деп тапсырма берген болатын. Бірақ ол тапсырма толыққанды орындалмады.
Біз Б.Жұмәділланың жанайқайын Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбековке жеткізіп, Ағыбет ауылында жарықтың қашан жанатынын сұрадық. «Жұмыс атқарылып жатыр, – деді Ержігіт Шәріпбекұлы. – Жағдай бақылауда. Ағыбетте ертең жарық жанады деп жоспарлап отырмыз. Бұл енді табиғаттың тосын мінез танытуы ғой. 30-40 жылда бір қайталанатын жағдай. Біз оның алдында әлсіздігімізді мойындауымыз керек. Шығын көлемі де аз емес. Соған қарамастан күн-түн демей ретке келтіру жұмыстары жалғасуда. Бағаналарды қалпына келтіріп, жарықты жылдам жағуға батпақ лай да кедергі келтіруде. Көліктер батып қалуда. Ағыбет ауылындағы ағаштарды кесу үшін сайрамдық бір азамат электр қуатымен жұмыс істейтін ара берген. Сонымен көшені құлаған ағаштардан тазалау жұмыстары жүргізілуде. Десек те, ауылдағы жағдайды айтып, маған ешкім хабарласпады. Бақытжан ағамыз Қарабұлақтың әкімінен көмек сұрағанша, маған хабарласпай ма? Өзіміз-ақ көмектесе алар едік қой».
Бақытжан Жұмаділлә мен Ержігіт Шәріпбековтың айтқан сөздеріндегі айырмашылықтарға қарап, шынында да аудан басшысы Ағыбет ауылына ат басын бұрмағаны байқалады. Сонда он күннен бері аудан басшыларының неліктен қара түнекте қалған ауылдың жағдайын сұрап бармауы түсініксіз. Мүмкін ауылдағы ахуалды өз көздерімен көрмеген соң жүректерімен де сезіне алмай жүрген болар. Туған ауданы ғой, бәлкім, бұл ауылдарға облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің өзі арнайы барып, жағдайды назарға алуы керек шығар.
Ал сол кезде…
Отырарда жарық жанды
Дүлей боран Отырар ауданын да айналып өтпеді. Қатты жауынның соңы қарға ұласып, ағаш бұталары мен электр желілері мұз құрсауында қалды. Салдарынан электр бағаналары былай тұрсын, адам құшағы жетпейтін қалың ағаштар да құлады. «Бұдан да сорақы суықтар мен қатты аяздар болған. Бірақ Арыстанды Қарабастың қатты желі тұрғанда қар мен жаңбырдың араласып жауғанын бірінші рет көруім», – дейді жасы сексенді алқымдап қалған жергілікті қария Бекбатыр Әйменов.
Төтенше жағдай жайында Отырар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шарушылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Құдайбергеновтен (суретте) сұрадық.
«Тоқтаусыз жауған жаңбыр мен қар аралас дауылды желден жалпы 2424 бағана құлап, желілер үзілген. Соның кесірінен 9600 тұтынушы, яғни бүкіл аудан тұрғындары жарықсыз қалды. Қалпына келтіру жұмыстары сол күні-ақ басталып кетті. Атқарылар жұмысты жүйелеп алып, бірінші кезекте төрт жерге қуаты жоғары генератор қойып, тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге тырыстық. Келесі кезекте қосымша генератордың күшімен үйлерге жылу бере бастадық. Жергілікті мүмкіндікті пайдаланып, кәріз жүйесін іске қостық. Құлаған бағаналарды тұрғызу қолға алынды. Осылайша келесі күннен бастап жарық беріле бастады.
Біз негізгі электр қуатын Кентаудан алатынбыз. Ол жақтағы жағдай күрделенген соң елді мекендер орналасуына қарай Шардара мен Арыс қаласының электр қуатына жалғанды. Қиындық осылай еңсерілді. Әрине, төтенше жағдай салдары толық жойылды дей алмаймыз. Дегенмен бүгінгі таңда «Оңтүстік жарық Транзит» ЖШС-нің 10 бригадасы (74 адам, 28 техника) қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Жаңадан 187 электр бағанасы жеткізіліп, құлаған 122 бағана қалпына келтірілді. 58 шақырым электр желілері жөнделді. «Қазақтелеком» АҚ-ның Отырар желілік-техникалық учаскесінен 2, Түркістан қаласынан 1, Арыс пен Шымкент қаласынан 1 бригаданың күшімен 85 байланыс бағаналары тұрғызылып, 15 шақырым желі жөнделді. Сондай-ақ аудан әкімінің ұйымдастыруымен ерікті 10 бригада құрылды. Оның құрамындағы 139 адам мен 13 техника Аққұм, Көксарай, Бестораңғыл ауылдарындағы құлаған 90 бағананы қалпына келтіріп, 9 шақырымдық электр желілері жөнделді. Сонымен қатар, Қостүйін, Қарақоңыр, Отырарабад, Ш.Қалдаяқов, Балтакөл, Көлқұдық, Үштам, Ақкөл ауылдарының тұрғындары толығымен электр қуатына қосылды. Шәуілдір, Маяқұм мен Арыс елдімекендерінде де жарық бар, дегенмен ішінара толықтыру жұмыстары атқарылуда».
Келтірілген мәліметтерге қарап отырып, табиғаттың тосын мінезі Отырар ауданын да «аямағаны» байқалады. Бүкіл аудан тұрғындарының бір мезетте жарықсыз қалуы өте ауыр жағдай. Дегенмен, аудан басшысы Әбдіғали Жүнісовтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жұмыс жүйелі жүргізіліп, қиындық еңсерілді. Жоқтан бар жасау деген осы болса керек.