Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Көлік алсаң, көріп ал…

Көлік алсаң, көріп ал…

Соңғы кездері көлікке байланысты келеңсіздіктердің өршуі көпшілікті мазасыздандыруда. Бірі малын, екіншілері бірнеше жылғы табан ақы, маңдай терін тірнектеп жинап, арманындағы көлігіне әрең қол жеткізгенде, әлдекімдер оны әп-сәтте-ақ жұтқыншағынан өткізіп жібереді. Әрине мұндай оқиғаның жүйкеге салмақ салатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Полицияға жазған арызыңыздан кейде нәтиже шықса, кейде қайран болмайды. Осындайда жәбірленуші амалсыздан журналистердің көмегіне жүгінеді. Сондай азаматтың бірі жуырда редакцияға шағымданып келді.

Сарыағаш қаласының тұрғыны Бақытқали Сейітбековтің ашынатындай жағдайы бар. Қымбат бағаға сатып алған көлігін полиция қызметкерлері басқа біреуге алып бере салыпты. «2020 жылдың қазан айында Шыңғыс есімді жігіттен (көлік Фарух Ташбаевтың атында болған) «Тойото» Ланд Круизер-200» көлігін 10 миллион теңгеге сатып алғанмын, – дейді Б.Сейітбеков. – Көп ұзамай моторы істен шығып, оны жөндеттім. Содан кейін қайта сатпақ болып ұлыма «Колесо» сайтына жарнама бергіздім. 11 қараша күні бір азамат хабарласып, көлікті көргісі келетінін айтты. Келіскен жерге ол полиция қызметкерлерімен келді. Олардың «көліктің қылмысқа қатысы болуы мүмкін, тексеруіміз керек» деген нұсқауымен ұлым көлікті өзі жүргізіп, полиция ғимаратына алып барған. Алайда, көлікті қабылдап алу хаттамасын заңда көрсетілгендей сол күні емес, ертеңіне, яғни 12 қарашада толтырған. Таққан айыптары – көліктің шасси нөмері өзінікі емес екен. Осы айыптары рас болса, неге оны көлігімді өз атыма тіркеп, жаңа мемлекеттік нөмір алғанда анықтамайды? Ол кезде ешкім ештеңе демеді. Арада төрт ай өткенде ғайыптан айып тауып отыр.

Алғашында Абай аудандық ішкі істер басқармасының тергеушілері «көлік сенікі, шығарып береміз» деп баламды алдап жүрген. Іс сағызша созыла бастаған соң ұлым осы жылдың 16 қаңтарында тергеушінің әрекетіне байланысты тергеу сотына шағым түсірді. Арада екі күн өткенде тергеуші ұлымның телефонына келуі керектігі жөнінде хабарлама жібереді. Бірақ, нақты қаншада, қай жерге екенін көрсетпейді. Алайда, арада 5 минут өтпей жатып полиция ғимаратында тұрған көлікті ешқандай рұқсатсыз, құжатсыз айдап шыққан. Баламның телефон арқылы «көлікті орнына апарып қой» деген сөзіне «иә» деп жауап бергенімен, бәрібір сараптамаға алып барған. Ол туралы маған хабарланбайды. Заң бойынша біз сарапшыға қосымша сұрақтар қоюымыз керек болатын. Осылайша тағы менің құқым тапталды.

Тергеуші осы кезге дейін неліктен көліктің бұрынғы иелерін шақырмаған? Бұл да күдікті. Біздің анықтауымыз бойынша, Шыңғысқа дейін көлік Нұрсұлтан, Сапар есімді азаматтардың атында болған. Нұрсұлтан көлікті Бектас деген азаматпен бірігіп сатып алса керек. Өйткені, көлікті сенімхатпен Бектас пайдаланған. Қитұрқылық осы кезде орын алған болуы мүмкін деген күдігіміз бар. Ендеше, заңсыз іс-әрекет болса, бізге дейінгі иелері жауап беруі тиіс. Бұған біздің қатысымыз қанша? Біз адал сатып алушымыз.

Ең сорақысы 10 наурыз күні менің атымдағы көлікті Алтаев Нұрсұлтанға беріп жіберген. Бұл ҚР азаматтарының меншік құқына қол сұғушылық болып табылады. Бізден алып кеткендіктен тергеу мен сот аяқталғанша ол көлік негізгі айғақ ретінде сол жерде қозғалыссыз тұруы керек. Бұл заңдылықтардың біреуін де сақтамаған тергеуші тергеуді де бір жақты жүргізуде. Оған келіспейтініміз жөнінде басқарма басшысы Дәурен Майрықовқа бірнеше рет арыз жаздық. Ол арыздар да жауапсыз қалды. Шымкент қалалық ішкі істер департаменті басшысының қабылдауына кіргізбейді. Сонда біз енді осы заңсыздықтар жайында кімге шағымданып, әділдікті қайдан іздеуіміз керек?».

Арызда көрсетілген мәселе бойынша біз тергеуші Мардан Шәріпбаевтың өзімен жолығып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық. «Көлік бұрынғы иесі Нұрсұлтан Алтаевқа тиесілі. Оны Нұрсұлтаннан Бектас есімді азамат алып кетіп, қайтармаған. Содан бері іздеуде болған. Шасси нөмері өзгертілгені сараптама нәтижесімен дәлелденіп отыр», – деді терегуші. «Көлік айғақ ретінде алынып, осында қойылды. Заң бойынша сот аяқталғанша қозғалыссыз тұру керек. Неге оны басқа адамға беріп жібердің?», – деген қорғаушының сұрағына тергеуші: «Бекер беріп жібердік. Бермеуіміз керек еді. Олар генералға кіріпті. Генерал бізге «көлікті бірінші иесіне қайтарыңдар. Сот біткенше сол жерде тұрады» деді. Мен генералдың тапсырмасын орындадым», – деген болатын. Бұл қандай бассыздық? Сонда полиция қызметкерлері үшін заң – заң талаптары ма, әлде генералдың тапсырмасы ма? Тіпті тергеуші М.Шәріпбаев бізге көлікті бергендігі туралы хаттаманы да көрсете алмады.

Қорғаушының шақыртуымен біршама уақыттан кейін басқармаға Абай аудандық прокуратурасының кезекші прокуроры келді. Ол тергеушімен ішке кіріп кетті де, бір сағаттан кейін сол кезге дейін жоқ болған «көлікті беру» хаттамасын жазып шықты. Бірақ онда жоғарыда айтылған «генералдың тапсырмасы» туралы бір ауыз да сөз жоқ. Оның себебін түсіну қиын емес.

Қымбат көлік хикаясы әзірге осылайша өрбіп тжатыр. Өзін адал сатып алушы есептейтін азамат енді не істерін білмей дал. Ал, мәселені шешеді деген полиция керісінше істі күрделендіріп, шатастырып жіберген. Тергеуші болса екі айдан бері көлікті сатқандардан сұрақ-жауап алмаған.

Осындай оқиғалардан кейін полиция қызметкерлеріне қалайша сенуге болады? Олар қарапайым халықты қорлауы мүмкін, бірақ, қорғай алмайтын болғаны ма? Оған Б.Сейітбековтың сергелдеңі дәлел бола алады.

P.S. Бет қатталып жатқанда редакцияға келген Бақытқали Сейітбеков Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұржан Сейдалиевтың қабылдауында болғанын, айғақтық дәлел зат ретінде сақталып тұрған көлікті үшінші тарапқа берген адамның жауапқа тартылатынын айтқанын жеткізді. Ендеше, әліптің артын күтелік.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика