Төлеби ауданының Диханкөл ауылында тұратын Тәшеновтер құрт дайындап сатуды кәсіп көзіне айналдырған отбасы. Кішкентай құрттан үлкен табыс тауып отырған олардың бүгінде тұрмыстық ахуалы да ауылдағы алдыңғы қатардағылардың сапында.
Алғашқыда бес сиыр бағудан басталған бизнес келе-келе ұлғая берді. Қазір алпысқа жуық ірі қара бағып отырған олар «Тәшенов» жеке кәсіпкерлігін ашқан. Сүт, айран, май және құрт сатып, отбасылық бизнесті өркендетуде. Мал басын көбейту үшін «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы төменгі пайызбен 3,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, Семейден ақ бас сиыр, Мерке мен Алматыдан, өзіміздің жергілікті сиырдан біразын алып, асыл тұқымды сауын сиыр мен бұқа бағуда. Бүгінде қорадағы 57 қара малдың 53-і сауын сиыр болса, төртеуі бұқа. Оның ішінде әсіресе, Меркеден алдырған сиырлар күніне 12 литрден сүт береді екен. Биыл тағы да мал басын көбейтіп, қора салсақ деген ниетте.
Сәдуақас Тәшеновтің айтуынша, жұмыс бабымен 16 жыл Шымкент қаласында тұрған отбасы 2009 жылы ауылға, қарашаңыраққа көшіп келеді. Алғашқыда әртүрлі кәсіптің басын шалып, кейін атакәсіппен айналысуға бел буады. Диханкөлдегі барлығы үш жүз үйдің екі жүзге жуығы сиыр бағып, бие байлайтынын ескерсек, отағасыға бұл шаруа аса қиын болмаған. «Бала күнімнен әкемнің жанында жүріп мал бақтым. Біз үшін сауын сиыр ұстап, құрт-май жасаудан артық жұмыс жоқ екенін түсініп, айналыстым. Пайдасын көріп отырмыз», – дейді ол. Осынша сиыр сауып, сүт пісіріп, айран ұйытып, күбі пісіп, май шайқау сияқты мың-сан шаруа үйдегі Гүлайна жеңгейдің мойнында. Көктемде сиыр төлдегенде ауылдағы екі келіншекті жұмысқа алады. Отағасы балаларының да еңбекқор болып өсіп келе жатқанын мақтаныш етеді. Студент ұл-қыздарынан бастап, оқушы Бектөре мен Өркенге дейін ертелі-кеш малды айналшықтап, кешке қораға жайғамай үйге бас сұқпауды үйренген.
«Бір бауырыма қаладағы ағасы 10 сиыр сатып әперіп, жаз бойы пәлен дана құрт істеп берсең, осы сиырдың бәрі сенікі болады депті. Содан інісі жатпай-тұрмай әлгі құртты жасай берген. Ағасы сол құрттан 30 миллион теңге пайда көргенін есітіп, мен де іске кірістім», – дейді кәсіпкер. Бүгінде іскер отбасының өнімдері өзінің ауылдастары мен туған-туыстарынан-ақ артылмай қалады екен.
Шаруашылықты ұршықтай дөңгелетіп отырған отбасының өзіне тиесілі 16 гектар егістік жері бар. Оған жоңышқа мен арпа егеді. Ауыл тұрғындарының барлығы дерлік мал ұстағандықтан жайылымның тарлығы мазалайтын-ақ мәселе. Қосымша жем алып, қыстың қамын ерте күйттейді. Жылына үш жарым, төрт тонна құрт өндіретін Тәшеновтер әр келісін 2000 теңгеден сатқанда, орташа есеппен 3,5 тоннадан 7 миллион теңге пайда табады екен. Одан бөлек келісі 2000 теңгеден сатылған сары майы тағы бар. Осылайша сүтке қарағанда оның табиғи өнімі, құрт-майдан түскен табыс олжаға кенелтетіні көрініп тұр.
Ауылда жұмыс жоқ деп қол қусырып қарап отырмай, қиын да болса бейнетіне шыдап, табысқа кенеліп отырған отбасының кәсібі талайға үлгі. Әрі ұлттық тағамды ұлықтап, әрі одан қыруар пайда тауып, балаларын да еңбекпен тәрбиелеп отырған шаңырақ алдағы уақытта шаруасын бұдан да ұлғайта бермек. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек» деген болатын. Елбасы Жолдауында айтылған ауылдағы еңбек идеологиясы мал шаруашылығында орын алып жатқанының жарқын көрінісі осындай отбасылар болса керек.