Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
«Журналистерді ұрып-соғуды доғарыңдар!» – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

«Журналистерді ұрып-соғуды доғарыңдар!»

Генералдың кешірім сұрауы қызметкерлерін жауапкершіліктен құтқармауы тиіс

Аптаның алғашқы күні шымкенттік журналистер үшін бұрынғыдан өзгерек басталды. Дәлірек айтқанда, сол күні таңертең қалалық Полиция департаментінің алдына «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Бахрам Талибжанов, 31 арнаның тілшісі Бахрам Абдуллаев және «КТК» телеарнасының тілшісі Бек Әбиев «Журналистерді ұрғып соғуды доғарыңдар» деп жазылған плакат ұстап келіп, тәртіп сақшыларының әрекетіне наразылығын білдірді. Оларға бір топ әріптестері қолдау білдірді.

– Мен бұл жерге азаматтық позициямды білдіруге келдім. Осыдан бір ай бұрын қаладағы «Тұлпар» базарындағы өртті түсіру үшін журналистік міндетін атқарып жүрген әріптесім Бахрам Талибжановқа тәртіп сақшылары қол жұмсаған болатын. Ол бойынша журналист полицияға шағым түсірген. Алайда тергеу амалдары бір орыннан жылжымай келеді. Қайта соңғы кездері тергеушілер журналистке «мүмкін сені көшеде кетіп бара жатқан біреу ұрып кеткен шығар» деген сөздерді айта бастаған. Тергеудің бәрі циркке айналды, – деген Бек Әбиев бұдан әрі Бахрам Абдуллаевпен бірге жексенбі күні болған екінші оқиғаны баяндап берді.

Олардың айтуынша, бір топ әріптестер сол күні тұрғындардың наразылық жиынынан ақпарат тарату үшін Алтынтөбе ауылына барған. Полицейлер олардан оқиғаны түсірмеуді талап етіп, ақыр аяғында күш қолданған. Б.Абдуллаевтің камераның үстіне ұстап тұрған қолшатырын бір полицей жұлып алып, сындырған және журналистің қолына жеңіл жарақат салған. Тәртіп сақшылары сол жерде жүрген «Азаттықтың» тілшісі Диляра Исаның ұялы телефонын тартып алмақ болған. Ал Бахрам Талибжановқа азаматтық формадағы бір қызметкер орыс тілінде «я тебя прикончу» деген сөзді айтып, қорқытқан. Оқиға кезінде тәртіп сақшылары жергілікті «Отырар» телеарнасының операторына да соққы жұмсаған.

Журналистер әріптестеріне сұхбат беріп тұрған кезде оқиға орнына өзін «әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасарымын» деп таныстырған азамат келіп, митинг өткізудің заңсыз екендігін айта бастады. Ал онымен бірге келген қалалық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ералы Жұмаханбетов журналистерді ішке кіріп, әңгімелесуге шақырды.

Департаменттің акт залында генералдың тапсырмасымен өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі журналистердің алдына шығып, 2 наурызда «Тұлпар» базарындағы өртті сөндіру барысында тәртіп сақшыларынан таяқ жеген «Астана» телеарнасының тілшісі Бахрам Талибжановтың арызы бойынша нендей жұмыстардың атқарылғанын баяндады. Тергеуші арыз бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанынан басқа ештеңе келтірген жоқ.

– Бұл іс бойынша күдікті бар ма? – деген сауалға тергеуші жауап бермеді. Яғни, журналистің арызы бойынша бір нәтиже шығады, кінәлілер заң алдында жауапқа тартылады деген үміт көмескі деген сөз. Кездесу барысында Алтынтөбедегі оқиға кезінде Талибжановқа «көзіңді құртып жіберемін» деген қызметкердің департаменттегі бір басқармада істейтіндігі, қазіргі уақытта оның денсаулығына байланысты еңбек демалысына шығып кеткені айтылды.

Ералы Жұмаханбетов журналистердің жазған арыз-шағымы бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізілетінін мәлім етті. Тіпті генерал қарамағындағы қызметкерлердің әрекеті үшін журналистерден кешірім сұрады. Журналисті ұрып-соғып, қоқан-лоққы жасағандар басшыларының бір кешірімімен құтылып кете ме әлде заң алдында жауапқа тартыла ма? Мұның жауабын білу алдағы уақыттың еншісінде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған