Ана көркі кимешек

 Ұлттық бас киімімізді ортамызға оралтсақ екен

Кимешек – қазақ әйелдеріне ғана тән қасиетті бас киім. Шымкент қаласының тұрғыны, тігінші Ақмарал Жұмабаева 2013 жылдан бері қазақы нақыштағы кимешек тігіп, әжелер алғысына бөленіп жүр. Ол бірде базарға барғанда, апаларымыздың көрші қырғыз елінің кимешектерін алып жатқанын көреді. Сөйтіп, «қазақтың кимешегін неге тікпеске?» деген ой түйіп, қызығушылығы артып қайтады. «Кимешектің денсаулыққа пайдалы тұсын, шаштың шаң-тозаңнан, сыртқы жағымсыз энергиядан сақтайтынын, бала емізгенде шашты қобыратпай, көзге түсірмейтінін, ас үйде тазалық сақтайтынын біліп, түрлі үлгілерін тіге бастадым», – дейді кейіпкеріміз.

Кимешек ақ матадан тігіліп, жиегі астарланады. Оның тігілуі, әшекейі, түсі терең мағынаны айшықтайды. Кимешекке қарап әйелдің жасын, қандай әулеттің, рудың отын тұтатып отырғанын білуге болады. Кимешектегі бояуы ашық түсті, оюының жылтырағы көп болса, онда жас келін екенін аңғарасыз, ал егер оюы аздау, тігісі жұқа жіппен тігілсе, онда пайым-парасаты жоғары, көпті көрген ел анасы деп білсеңіз болады.

Қазақ үшін киелі саналған кимешекті киюдің де өз орны мен жоралғысы бар. Кимешекті қай кезден бастап киген? Жаңадан босаға аттаған жас келінге кимешек кигізбейді. Ол басына ақ орамал салып, келіндік міндетін атқаруға кіріседі. Ал құрсақ көтеріп, бөбегін аман-есен бауырына басқан соң кей аймақтарда қырқынан шыққан кезде ауыл әжелері, абысын-ажындары жиналып, кішігірім той жасайды. Сол қуанышты кеште жас анаға «Сен де ана болдың», «Елдің анасы бол», «Ізетті, саналы ұрпақ тәрбиеле» деген тілекпен алдын ала кестелеп тігілген кимешек кигізеді.

Егер жас ананың қолынан іс тігу келсе, өзінің талғамына сай тігіп алуға болады. Егер ондай іске икемі келмей, қыры болмаса, енесі немесе үлкен апалары ақ ниет, адал көңілмен кимешек тігуді қолға алады. Көргені мен көкейге түйгені көп енелер көбінесе бәйтеректей жайқалған, ұрпағы өсіп-өнген әжелерге тіктіруге ниеттенеді. Кимешек киген ана-келінге жиналған қауым ізгі тілектерін білдіріп, бата беріп, көрімдік ұстатады. Кимешек кигізетін адамды да арнайы ниетпен сайлайды. Жас келіннің енесі осындай абыройлы істі жасаған абысынға арнайы сый беріп, қошемет көрсетеді.

Кимешектегі кестеге қарап әйелдің жасын білуге болады. Мәселен, жас келiншектер неғұрлым көркем айшықты өрнектермен тігілген қызыл, жасылмен көркемделген кимешекті таңдайды. Ал егде әйелдердің кимешектері онша әшекейленбейдi. Ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жасы ұлғайған әйелдердiң киелі киіміне жасыл, қоңыр жiптер мен иiр кестелер тiгiледi. 30 жастан асқан әйелдер күмiс теңгелер мен моншақты кимешекті кимеген.

Аналарымыздың көпшілігі тігін шеберіне кимешекті алдын-ала тіктіріп, сандық түбіне салатын көрінеді. Бұл дайындығы қызының отау құрған соң, көп ұзамай құрсақ көтеріп, ана болуын тілегеннен шықса керек. Кейбір аналар көнекөз қариялардың кимешектерін ырымдап әдейі сұрап алады. Кимешек – жас анаға абырой, бедел сыйлайды. Отбасының ұйытқысы, отағасының тілекшісі болатын кез келген әйел басына орамал орайды. Орамалды келіншектің тұтандыратын оты, тербететін бесігі, қорғайтын қамқоршысы барын, адал жар, аяулы ана екенін айтпай-ақ аңғаруға болады.

Солтүстік және Орталық Қазақстан кимешектерінің өң беті трапеция немесе үшбұрыш тәрізді пішіліп, жоғарғы тар бөлігінен бетті көрсетуге арналған тесік қалдырылады. Әдетте артқы жағындағы ромб пішіндес бөлігі тізеге дейін немесе өкшеге дейін жететін ұзын болған. Ал күйеуі өлген әйелдің кимешегін теріс кигізіп, жылдық асын бергеннен кейін ғана оң кигізетін салт болған. Кимешек қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты әртүрлі үлгіде болады

Оңтүстік өлкесінің кимешегі ұзындығы бойынша тең қатталған матадан тұтас пішілген. Пайда болған тік бұрыштың жартысын диагоналы бойынша кескен және қиығы бойынша тіккен. Тігіс арқаның ортасына түскен. Ойық тең қабырғалы үшбұрыш пішіндес болған. Осы жерден бетті көрсететін тесік жасап, бөлек дөңгелек немесе сопақ пішінді маңдайлық тіккен. Пішу барысында матаны үнемдеу үшін төменгі үшкір ұшын кимешектің негізгі бөлігін пішуден қалған екі үшбұрышты бөліктерден тіккен.

Ақ жаулықтың баламасы кимешек – әрі этноқұндылық, әрі қайта айналып келген тәуелсіздіктің символы. Ақын Мұқағали Мақатаев «Ақ кимешек көрінсе сені көрем, ақ кимешек жоғалса нені көрем?» деп әжеге сағынышымен қатар, ұлттық  бас киімнің қасиетін шумақ өлеңмен айшықтаған. Ендеше, бүгінде дін атын жамылып, хиджабпен бет-аузын тұмшалаған әйелдеріміз ежелгі әжелердің жолымен ұлттық бас киімімізді қайта басына қондырса қанекей?  Бас киімін қадірлеген ұлттың әйелі де құрметті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған