Олимп шыңын бағындырғысы келеді
Еліміздің байрағын биікке желбіретуде ерлерден кем түспей жүрген қазақ қыздары жетерлік. Спорт өмірінің ажырамас бөлігіне айналып кеткен осындай батыр қыздардың бірі Маржан Бизақ. 1997 жылы 28 желтоқсанда Түркістан облысы, Ордабасы ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген ол самбо күресінен Қазақстанның 10 дүркін, Азияның 4 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Сондай-ақ, Президент Кубогының иегері, дзюдо және белбеу күресінен Қазақстанның 2 дүркін чемпионы.
«Ақылына көркі сай» демекші, бойжеткеннің бойында сұлулық пен зеректік өзара үйлесім тапқан. Спортқа деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі шексіз.
— Спортқа келуіме ата-анам себепкер болды. Әкем мен анам қолымнан жетектеп спорт мектебіне апарды. Сөйтіп 12 жасымнан бастап спортпен айналысып келемін. Төртінші сыныпқа дейін Бірлік ауылындағы Ғ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектепте оқып, кейін Шымкент қаласындағы №50 мектепке ауыстым. Жастайымнан спортпен шұғылданған соң бар арманым осы салада жетістікке жету болды. Нәтиже жоқ емес. Ендігі мақсатым – олимп шыңын бағындырып, еліміздің көк туын әлем жанкүйерлері алдында желбірету.
Жарыс болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кейбір сәттерде аяқтан шалу кездеседі. Көре алмаушылық та бар. Мені бірқатар жарыстарға жібермеген кездер де болған. Бір жағынан қаржы мәселесі де шешілмей жатады. Сондай қиын сәттерде ата-анам көңілге демеу болып, «Қызым, бұған мойыма, келесі жолы барасың» деп моральдық тұрғыда қолдап, күш-қуат беріп отырады. Сол үшін ата-анама алғыс айтамын. Кейде қаражат тапшылығынан жарыстардан қалып қоямын. Осы кезге дейін Әлем, Азия чемпионаттарынан 5 рет қалып қойдым. Ақша жинап, жарысқа қалай да бару үшін өзімді қаржыландырған сәттерім де аз емес. Бір кездері базарда қауын-қарбыз сатып, түнгі уақытта жүк тасушы болып жұмыс істеп, тәжірибе жинау үшін шет елдерге дайындыққа барып келетінмін, — дейді жігерлі ару.
Маржанның алғашқы бапкері Болатхан Исахов оның табиғи дарынын байқап, турникке тартқызып көріп, «Осы қыздан бірдеңе шығады» деп бойына талаптың дәнін сеуіпті. Кейін қалаға ауысып, жаттықтырушылар да алмасты. Қазір шеберлігін Орынбасар Құрал шыңдап жүр.
— 2016 жылы Албанияға жарысқа баратын болдық. Әлемдік бәсеке алдында Орал қаласында дайындық жасадық. Алдыңғы бір жарыста қолымды шығарып алып, әлі толық жазылып үлгермеген едім. Қазақстанның намысын арқалап баратын болғасын уайымдадым, қобалжыдым. «Жеңіліп қалмайын» деген қорқыныш бойымды билеп тұрды. Албанияға барып, салмақ өлшеу деген сияқты өзіндік талаптарынан өттік. Содан жарыс басталды. Қолымның жарақатына қарамастан Моңғолия, Корея, Анталия, Германиядан келген бәсекелестерімді жеңдім. Финалдық кездесуге жолдама алдым. Қолымның шыққанын ресейлік қарсыласым біліп алған. Дәл сол қолымның ауырып тұрғанын біліп, қулыққа көшіп, «Болевой прием», яғни ауырту әдісін қолданды. Амал жоқ, екінші орынды місе тұттым. Сол кезде «Қап әттеген-ай, қолым шықпағанда еліме алтын жүлдемен оралар едім» деген өкініш болған, — деген Маржан тағы бір естелігімен бөлісті.
— Маған демеушілік жасаушы жерлес ағам — Нұртас Ахметов. Жарыстарға қиналмай баруыма көмегін аяған емес. Спорттық киманоға дейін әпереді. Нұртас ағамның жақсылықтарының бірін айтайын. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Тұңғыш Президент күніне орай самбо күресінен Әлем кубогі үшін жарыс өтетін болды. Сол жарысқа екі күн қалғанда бапкерім хабарласып, «Маржан, сен бұл жарысқа бара алмайсың, саған қаржы қарастырылмады», — деді. Көңіл-күйім түсіп кеткенін байқаған туған бауырым Өміржан «Осы жарыстан қалма» деп, жолақымды көтерді. Барғаннан кейін орнығатын үй-жайды қамдап жүргенімде бапкерім хабарласып, «тағы 60 доллар керек, болмаса сені таразыға түсірмейді» деді. Менде ондай ақша жоқ. Өміржаннан тағы сұрауға ұят. Амал жоқ, жарыстан бас тартып, ауылға қайттым. Көңіл-күйім болмай жүргенде Нұртас ағам телефон шалды. «Маржан, жарысқа дайындал, сен осы жарыста жеңіске жетуің керек», – деді. Қуанышым қойныма сыймай, жылдам жолға шықтым. Дегенмен, жан дүниемді қуанышпен бірге қорқыныш та билеп тұр. Сенім үдесінен шығу оңай емес. Алла сәтін салды. 56 келі салмақтағы қарсыластарымның бәрінің жауырынын жер иіскеттім. Чемпион болдым. Үміт ақталды. Жетістікке жетуіме Шымкент қалалық №10 күрес түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұжымының да үлесі зор, – дейді ағынан жарылған Маржан.
Адамды ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей, өзіне ынтызар етер спорттың құдіреті зор. Өйткені, спорт – денсаулық кепілі. Бастысы, оған шексіз беріліп, адалдық танытсаң — берері мол сиқырлы әлем. Сол әлемнің бір бөлігі болып жүрген мақтанышымыз Маржанға «Әлі талай додадан сүрінбей өтіп, еліміздің көк туын желбірете бер!» деп тілейміз.