шаруалар Өмірзақ Шөкеев майшаммен қарайды деген үмітте
Созақ ауданында 23-24 қаңтарда бет қаратпас қарлы боран тұрды. Соның салдарынан шаруалар көп малынан айырылды. Тіпті адам шығыны да орын алды. Бұл жөнінде газетіміздің 8 санында «Ажал құшқан адам мен қырылған малдың обалы кімге?» деген тақырыппен мақала жарияланған болатын.
Содан бері арада екі ай уақыт өтсе де теріскейде мәселе шешілудің орнына, шиеленісіп бара жатқаны байқалады. Әлі күнге дейін Беккари шұңқырына сыймаған малдың өлекселері ауыл арасында шашылып жатыр. Ал әкімдіктің ауылшаруашылық бөлімі екі айдан бері өлген малдың есебін алып үлгерер емес. Осыдан-ақ Созақта қаншама малдың қырылып қалғанын болжауға болады. Жалғыз күнкөрісі – қорадағы малынан айырылған тұрғындар оның өтемақысына қол жеткізе алмай, енді жанайқайларын кімге жеткізерлерін білмей жүр.
Сондай шырылдаған шаруаның бірі Ізжан Өміров (суретте) өткен аптада редакцияға арнайы келіпті. Созақ ауданының басшыларынан қайыр болмағандықтан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтен көмек сұраған азамат өзінің үшбу хатында былай депті: «Егер сізге хабардар етілген болса, 23-24-қаңтар күндері Созақ ауданында ауа-райы күрт суытып, қарлы боран болғанын білмеуіңіз мүмкін емес. Соның салдарынан жолдар жабылды. Жарық сөнді. Байланыс өшті. Су тоқтады. Адам өлімі тіркелді. Тұрғындар осындай ауыр жағдайға тап болғанда өзіңіз басқаратын облыс, аудан немесе ауыл басшылары бізден хабар алмады. Тіпті қар астында қалған қойшының мәйітін де ертесіне жергілікті тұрғындар өздері іздеп тапты. Өзгені айтпағанда, көршім К.Жағыпарова екеуміз ғана 20-дан аса жылқы, жиырмаға жуық сиыр мен 500-дей ұсақ малымыздан айырылдық. Мұның барлығы банк берген несиеге сатып алынған малдар еді. Дәлірек айтқанда, ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 12 бас жылқы алу үшін 4 миллион теңге несие алғанмын. Енді оны қалай өтемекпін? Малым қырылып, таяқ ұстап қалдым. Несиені төлейтін мүмкіндігім жоқ. Мен отбасымды осы төрт түліктен түскен табыспен асырап отырған болатынмын.
Аудан әкімі Салыхан Полатовтан көмек сұрап барғанымызда төтенше жағдай орын алмағандықтан өтемақы төлеуге ешқандай негіз жоқ екенін айтып, шығарып салды. Мен тиісті орындардан анықтама алдым. «Қазгидромет» сол күні желдің секундына 30-35 метр жылдамдықпен соққанын көрсетіп отыр. Созақ ауданы ТЖБ басшысы, азаматтық қорғау капитаны Б.Мұханов ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Мейірмановтың 29.01.2021 жылғы хатына берген жауабында былай дейді: «…Оқиға салдарынан барлық бағыттағы автокөлік жолдары жабылып, ауданның 7887 абонентінде жарық өшіп, төтенше жағдай тіркелді. Ауа температурасы -12 градус…». Бұл сонда төтенше жағдайға жатпай ма?! Ал, Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Н.Жүнісов болса: «Аумақтан адамның жоғалғаны, қайтыс болғаны немесе малдардың қар құрсауында қалғаны жөнінде хабарлама түскен жоқ», – деп жауап берді. Неге ауылдағы шынайы жағдай тиісті орындарға хабарланбай, жасырылып отыр?
Құрметті Өмірзақ Естайұлы, өзіңіз хабардар болғаныңыздай, тиісті орындар Созақта төтенше жағдайдың тіркелгенін растап отыр. Алайда, Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың өзіне жүктелген міндетті дұрыс ұйымдастыра білмеуінің салдарынан қарапайым тұрғындар зардап шегіп, зиянға ұшырады. Адам мен мал шығындары жайлы тиісті орындарға хабарланбаған. Осының салдарынан төтенше жағдай орын алса да ол жарияланбай қалды.
Кенеттен табиғат тосын мінез танытып, қол созым жер бораннан көрінбей қалғанда біз ештеңе де істей алмай қалдық. Әйтпесе, малымыз қараусыз емес. Ендеше, аудан әкімі бізге көмектескісі келмесе, Сіз қол ұшын созады деп үміттеніп отырмыз. Бізге Сіздің көмегіңіз ауадай қажет. Тым болмағанда банк алдындағы берешегімізді жабатындай жағдай жасаңыздаршы!».
Халқымызда ежелден келе жатқан «мал ашуы, жан ашуы» деген сөз бар. Жалғыз күнкөріс көзі болғандықтан, шаруалар қозы шығынына да күйінеді. Ал енді бір күнде ондап жылқы мен сиыры, жүздеп қойынан айырылғандардың жағдайын түсінуге болады. Сол себепті, арыз иесі І.Өміров мұнымен тоқтап қалғысы келмейтінін айтады. Әрине, облыс басшысының көмегінен үмітті, ал егер үміті ақталмайтын болса арқаланып Ақүйдің алдына барып жататынын айтуда. Алайда, мәселе бұл деңгейге дейін ушықпас деген ойдамыз. Салыхан Полатов салғырт қараған мәселені, бәлкім Өмірзақ Естайұлы майшаммен қарар деген үміт бар.