Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Арманның анасы – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Арманның анасы

 Күлсара апа Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген солақай саясатының кесірінен ел аштыққа ұрынған нәубет жылдары бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келді. «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деп жыраулар айтқандай, ел есін енді жиып, еңсесін тіктеді-ау дегенде 1941 жылы сұм соғыс басталып кетті. Арқа сүйер азаматтың бәрі бірінен соң бірі қан майданға аттанып, ауылдың ауыр жұмысы әйелдер мен балаларға қарап қалды. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезде қабырғасы қатып, буыны бекімеген бүлдіршін қыз 13 жасынан тылда тер төкті. Жетісай ауданының Үлгілі колхозында таңның атысы, күннің батысы шабық шауып, мақта теріп, көсек ашыды. Соғыс салған жарақаттан 2 топ мүгедегі болып елге оралған, майдангер жігіт Роман Қарсыбаевпен 1959 жылы тағдыр қосты. Роман ата алған жарақатына қарамастан бар ауыртпалықты ақылмен шешіп, соғыстан кейінгі тұралап қалған ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бір кісідей атсалысты. Күлсара апа 9 құрсақ көтергенімен, жазмыштың жазуы шығар, алтауын Жер-Ананың қойнына мезгілсіз тапсырды.

Жас отбасы 1970 жылы жаңадан құрылып, құрылысы қызу қарқын алып жатқан Шардараға қоныс аударады. Дала данышпандарының тәлімді тәрбиесін алған Күлсара апа еріне сүйеу, балаларына тіреу бола жүріп, бейбіт заманда да қарап жатпай, 1971-1988 жылдар аралығында құрылыста аянбай еңбек етті. Еткен еңбек пен төккен тер зая кетпей, мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше марапаттарға ие болды.

Жарасымды жанұяда тәрбие алған көзінің ағы мен қарасындай үш перзенті  азамат болып, бүгінде бір-бір шаңырақтың отанасы мен отағасы атанды. Қызы Ұлбала – Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы педиатрия кафедрасының ассистенті, жоғары санатты дәрігер-педиатр. Дертіне дауа, жанына шипа іздегендерге қолұшын созатын ақ халатты абзал жан. Кіші қызы Жәудір сан шәкірттің жүрегінен жол тапқан, қияға қанат қақтырып, қиялын ұштаған бала жанының бағбаны. Халықаралық қазақ-қытай тілі колледжінің бас маманы, физика пәнінің жоғары санатты оқытушысы.

Ал ұлы Арманның жеткен жетістігі, шыққан шыңы өз алдына бөлек әңгіме. Ол №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебін бітіріп, Қазақ Темір Жол Академиясын, 2001-2003 жылдары Шымкент мемлекеттік университетін, 2014 жылы «Мирас» университетін бітіреді. 2003-2006 жылдары Шардара аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, одан кейін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, 2018-2021 жылдары Түркістан облыстық №4 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін абыроймен  атқарды. Бүгінгі таңда Шардара аудандық мәслихатының хатшысы. Қазақстан Республикасының «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Шардара ауданының Құрметті азаматы». Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Құрмет» Грамотасымен марапатталған. Үш жыл қатарынан Оңтүстік Қазақстан облысының «Үздік жаттықтырушысы» атанған. Армрестлингтен Азияның абсолютті чемпионы. ҚР Спорт шебері, ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2005 жылы Токиода өткен армрестлингтен Әлем чемпионатының жеңімпазы. «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалінің иегері.

Арман Романұлының «Арнайы залдарда шәкірт тәрбиелеп, жетістікке жетсем» деген бала арманы орындалып, Шардара қаласынан асар тәсілімен және демеушілерді ұйымдастыра отырып, болашақ чемпиондарды баптайтын алаңшаларды салып, ел игілігіне берді. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, Арманның ізін жалғаған шәкірттері де биік белестерді бағындырып, толайым табыстарға жетіп жүр. Бүгінде ауданда 48 спортшы Әлем чемпионы, 39  спортшы Әлем чемпионатының жүлдегері, 26 спортшы Әлем кубогы иегері, 144 спортшы Азия чемпионы, 154 спортшы Азия чемпионатының жүлдегері, 50 спортшы Азия кубогының иегері, 316 спортшы Қазақстан Республикасының чемпионы, 339 спортшы Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері атанған. Сондай-ақ, 85 спортшы Халықаралық турнирдің жеңімпазы, 62 спортшы ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 112 спортшы ҚР спорт шебері, 485  спортшы ҚР спорт шеберлігіне үміткер, 2 Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, 1 ҚР «Еңбек сіңірген спорт шебері» бар. Шалғайдағы Шардараның атын шартарапқа танытқан осыншама спорт саңлақтарын шығару –  ердің ерінің ғана қолынан келетін іс.

Әке жолын қуған ұлдары Дияр мен Данияр да байрақты бәсекелерде  намысты қолдан бермей, ел үмітін, ата-ана сенімін ақтап жүр. Қыздары   Аяжан, Аружан, Асылай – мектеп оқушылары. Жан жары Гүлмира білім саласының үздігі. 2019 жылы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында аудан тарихында тұңғыш рет Қарсыбаевтар отбасының бас жүлде алуы – екі ғасырдың көзін көрген қазыналы қарияның ізін жалғар ұрпағына берген тағылымды тәрбиесінің жемісі болса керек.

Ұлы Жеңіс мерекесін қарсы алып отырған тыл ардагері, бауыр еті балаларынан 9 немере, 5 шөбере көрген бақытты әже – Күлсара апа елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп, бейбіт өмір сүріп жатқанына шүкіршілік етеді. Өйткені, соғыс – адамзат баласының ең ауыр қасіреті. Қаншама боздақ қанды қасап майданнан оралмай, қаншама жанның үміті мезгілсіз үзілсе, қаншама азамат соғыс салған жазылмас жарадан мәңгілік мүгедек болып қалды. Санаулысы ғана елге оралып, ел үшін еңбек етті.

Жастық жалынын, ерік жігерін «Бәрі де Отан үшін, бәрі де майдан үшін» деп еңбектенген Күлсарадай аналар салған сара жолмен жүріп, елге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеу әркімнің-ақ арманы болса керек.

Орынша Қалшабекова,

Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік

бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған