ҰБТ қалай өткізілмек?

Оқу жылы аяқталуға да таяу қалды. Енді бір айдан кейін мектеп түлектерін үлкен өмір жолына аттандыратын білім сынағы – ҰБТ-ның қорытынды кезеңі аяқталмақ. Қазіргі кезде тестілеуге қатысуға өтініштер ttp://app.testcenter.kz/auth сайтында 17 сәуірден бастап қабылдануда. Сайтқа әр түлек өз бетінше тіркелуде. Биылғы тест тапсыру жүйесінде тағы қандай өзгерістер мен ерекшеліктер бар? Карантин жағдайында ҰБТ сынағы қалай өткізілмек?

Білім саласы мамандарының айтуынша, биыл ҰБТ ерекше жаңа форматта өткелі отыр. Бұл өзгерістің ерекшелігі, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға, оқу сауаттылығы бойынша берілген мәтіндерді оқу кезінде талапкердің тұжырымдау, салыстыру, ойлау сияқты дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Бұл процесс оқушылардың білімін толыққанды көрсетуге мүмкіндік береді. Жаңа форматтағы ҰБТ 5 пәннен тұрады, 3 міндетті және таңдаған мамандыққа байланысты 2 бейіндік пән. Оқу сауаттылығы мектеп түлегінің мәтінмен жұмыс істеу қабілетін тексерсе, математикалық сауаттылық оқушының игерген білімін өмірде қолдана білу деңгейін анықтайды. Ал, бейіндік пәндер бойынша тест тапсырмасы талапкердің таңдаған пәнін қаншалықты меңгергенін анықтауға арналады.

Түркістан облысында биылғы оқу жылында барлығы 919 мектепте 27 410 түлек алтын ұямен қоштасқалы отыр. Ал, олардың ішінде 22 535 –і ҰБТ тапсыруға ниетті. Оқушыларды ҰБТ сынағында қажетті аудиториямен, техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге де білім ұялары сақадай сай. Түркістандық түлектер 5 аудан, қала мен Шымкент қаласында орналасқан «USTUDY» тестілеу орталықтарында білімдерін сынамақ. Атап айтқанда, Түркістан, Жетісай, Сарыағаш, Ордабасы, Созақ аудандарында және Шымкент қаласындағы тестілеу орталықтарында 21 аудиторияда 600 орын дайындалған. Оқушы ҰБТ тапсыратын аудан, қаланы өз қалауы бойынша таңдайды.

ҰБТ сынағын тапсырудың жылдан-жылға қатаңдануы оқушының ешқандай «шпаргалка» қолдануына жол бермейді. Екіншіден, бөгде адамдардың немесе аудитория бақылаушысының сыбайластыққа жол беруіне тосқауыл. Осыған орай  «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидасы биыл да ҰБТ сынағының барынша әділетті өтуіне жол бермек. Мамандардың айтуынша, барлық тестілеу орталықтарында интернет жылдамдығы талаптарға сәйкес келеді, онлайн трансляцияға қосылған, ахуал орталығы жұмыс істейді, тұрақты электр желісіне қосылған.Тестілеу орталықтарының барлығында медициналық пункттер жұмыс істейді, ұялы байланыс тұншықтырғыштары орнатылған, ғимараттар антитеррористік қорғанысқа тексерілген. ҰБТ өткізу қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін ҰБТӨП-ке ҚР БҒМ қызметкерлері және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өкілдері мен арнайы мониторингтік топ мүшелері қатарынан бақылаушылар жіберіледі.

– Түлектерге мемлекеттік грантқа тапсыруға тестілеуден тегін өтуге 2 рет мүмкіндік беріледі. Оның бірі 25 сәуір мен 30 маусым аралығында өткізіледі. Бұл түлектің ҰБТ-да жинаған балымен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беріледі. Ал, екінші мүмкіндік, яғни тестілеу 1 мамырдан басталады. Бұл кезеңде де түлектің ҰБТ-дағы жинаған балымен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндігі бар,  – дейді Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз хатшысы М. Махамбеткәрімова.

Пандемиялық жағдайдағы ҰБТ сынағы кезінде карантин талаптарын  сақтау басты назарда. Ол үшін тестіленушілерді кіргізу және отырғызу кезінде 2 метр арақашықтық сақталуы тиіс. Барлық тестілеу пункттері қазір тепловизорлармен, медпункттермен, зарарсыздандыру тоннельдерімен, санитайзерлермен, дезинфекциялаушы кілемшелермен, бетперделермен, қолғаптармен қамтамасыз етілген.

Тестілеу шартына сәйкес әрбір тестілеу уақыты 240 минуттан тұрады. Алпыс минут өткеннен кейін көзге арналған жаттығуларға және дене жаттығуларына арналған 2 минут көлемінде үзіліс беріледі. Ал, 120 минут өткеннен кейін 15 минут көлемінде үзіліс берілсе, 180 минуттан кейін көзге арналған жаттығуларға және дене жаттығуларына арналған 3 минут көлемінде үзіліс беріледі. Барлық тест тапсырмалары саны – 120 болса, балдары – 140-ты құрайды.

– ҰБТ сынағының барынша әділетті өтуіне жыл сайын баса мән беріліп,  қатаңдатылуда. Соған сәйкес, талапкер тест тапсыру жағдайында аудиторияға ақпараттарды тасымалдау функциясымен жабдықталған кез-келген техникалық құралдарды өзімен бірге алып кіруіне болмайды. Атап айтар болсақ, пейджер, ұялы телефон, планшет, радио-электрондық байланыстың барлық түрін, оның ішінде «вай-фай», блютуз, дект, 3 джи, 4 джи, 5 джи, ноутбуктер, плейер, модемдер, смарт сағаттар, сымды және сымсыз құлаққаптар, калькулятор қолдануға рұқсат етілмейді, – дейді «Ұлттық тестілеу орталығының» өкілі Әділет Маханбетов.

Үміткерге қойылатын талаптар мен міндеттерге біршама тоқталдық. Ал, тест тапсырушының құқығы қалай қорғалмақ? Мамандардың дерегінше, тестке қатысушы тапсырмалардың мазмұны бойынша апелляцияға шағымдана алады. Тест тапсырмаларының мазмұны бойынша апелляция дұрыс жауап дұрыс жауаптар кодымен сәйкес келмеген, дұрыс жауап болмаған, бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмаларында бірден көп дұрыс жауап болған, тест тапсырмасы дұрыс құрылмаған жағдайларда қарастырылады. Апелляцияға өтініш тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут аралығында беріледі.

Бүгінде жаңа форматтағы ҰБТ бойынша дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түлектердің дайындығына мектеп ұжымдары мен ата-аналар қолдау танытуда.

Л.Жолан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған