Махажанов Шөкеевті алдап жүр ме?

Соңғы кездері қарт Қаратаудың тәжі атанған Кентау қаласының өсіп-өркендеп келе жатқаны жайында жағымды жаңалық көп. Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік саласы дамып, қала күннен-күнге көркейіп, көріктеніп келеді. Бұл қуантарлық мәлімет. Алайда, бұл ақпараттардың қайсысы рас, қайсысы жалған екенін біле алмадық. Бұлай деуімізге себеп жоқ емес.

Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановқа қатысты жергілікті тұрғындардың пікірі әр алуан. Бәлкім, оның жұмысына разы адамдар да бар шығар, бірақ, ел ішіне кіргенімізде әкімге қатысты сыни пікірлерді жиірек еститінімізді жасыра алмаймыз. Көпшілігі қала басшысының халыққа ашық еместігін, қолжетімсіздігін, айтқан уәделерінің орындалмайтынын айтып шағымданады.

Қала әкімінің жұмысына журналист ретінде талдау жасау үшін жоғарыдан түскен ресми деректер мен жергілікті тұрғындардың ой-пікірін таразыға салғаннан артық саралау болмаса керек. Облыс әкімдігінен түскен мәліметтерге назар салсақ, Кентауда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны айтылады. 14 қазанда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына жасаған жұмыс сапарында «Кентауды жасыл оазиске айналдыру керек. Көгалдандыруды күшейтіп, гүлбақтар мен көпшіліктің көңілінен шығатын демалыс орындарын көбейткен жөн», – дей келе қала әкімі Дәурен Сәбитұлына бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Сол кезде Д.Махажанов: «Бүгінде 132 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қабырғасы қаланған әр үйдің шатыры ауыстырылып, подьезд, жертөлесінің инженерлік жүйелері жаңартылып, қасбеті әрленуде. Сонымен қатар, қаладағы үй аулалары толық жөндеуден өтіп жатыр. Отандық өндірістегі балалар ойын алаңқайлары қойылып, жолаяқтар төселуде. Аулаларды жарықтандыру жұмыстары қолға алынған», – деп облыс басшысын сендірген-ді. Бірақ, бізге жанайқайын жеткізген тұрғындардың уәжі мен талап-тілектері басқаша. Мәселен, Ататүрік көшесіндегі қабырғалары жарылып, құлағалы тұрған №43 үй иелерінің арасында барар жер, паналар баспана таппай отырғандары да бар. Оларға әкімдіктегілер «үйден көшіңдер» дегеннен басқа тиімді ұсыныс айтпағанға ұқсайды. Әкімдіктің бірнеше ай пәтер жалдап беріп, кейін далада тастағанына көнгісі келмейтін тұрғындар басқа пәтер немесе нақты өтемақы төленбейінше апатты болса да өз үйі – өлең төсегінен ажырамайтынын айтуда. Ал, біздің шакыруымызбен әлгі үйге келген қала әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясының өкілі бар кінәні тұрғындардың өздеріне аударудан басқа шешімін табар ешқандай ұсыныс айтпады.

Апатты тұрғын үй мәселесі осылайша күрделі күйінде қала берді. Ендігі жерде облыс әкімдігіне өздері ұсынған мәліметте көрсетілген игі істерді, әсіресе, ауылшаруашылығы саласындағы атқарылған жұмыстарды арнайы барып көріп, насихаттағымыз келді. Облыс әкімдігінен келген мәліметте Кентауда шаруалардың «Сыбаға» бағдарламасының шапағатын көріп отырғаны, бір кәсіпкердің мал шаруашылығын жандандырғаны, тағы бірі күніне жарты тонна құс етін өндіретіні, енді бір шаруаның түйеқұс өсірумен айналысатыны туралы көрсетілген-ді. Бұл керемет жақсы жаңалық емес пе?! Қазынаға салық төлегеннен бөлек, жерлестерін ет-сүт өнімдерімен қамтиды, тұрғындарды жұмыспен қамтиды. Осы игі істерді көзбен көру мақсатында Кентау қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің сол кездегі басшысы Дәулет Құдияровқа барғанбыз. Жақсы нәрсені елге неге көрсетпеске деп ойлағанбыз. Бірақ қателесіппіз. Кентаулық шенділерде жақсы жаңалықты елмен бөлісу ниеті жоқ секілді. Дәулет Асылханұлы жоғарыда айтылған нысандардың бірінің шалғайда орналасқандығын, екіншісінің бастығының мінезді екенін, үшіншісіне алдын-ала рұқсат алып бару керектігін сылтау еткені көңілімізге сенімсіздік ұялатты. Сонда жоғарыда айтылған көрсеткіштер жалған болғаны ма, әлде..? Егер мәлімет жалған болса, Дәурен Махажанов Өмірзақ Шөкеевті алдаған болып шықпай ма? Бірақ, бұл не үшін қажет? Санада сапырылысқан сауал көп.

Жалпы, Кентауда тұрғындар тарапынан тиісті басшыларға жеткізе алмай жүрген жанайқайлары аз болмай тұр. Сонда бұл басшының тұрғындармен тіл табыса алмауының салдары ма? Егер солай болса, Елбасының «әкімдер халықтың қызметшісі» дегені,  Президенттің айтып жүрген «ашық әкімдігі» қайда қалды?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған