«Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында мен ерекше тебіреніп, еске алатын құрметті жан бар. Ол — әкем Әкім Рахымбаев, — деп бастады әңгімесін Ордабасы ауданының тұрғыны, майдангер ұрпағы Дана Әкімқызы. — Ордабасы ауданының Батыр ата ауылында дүниеге келіп, жауқазын ғұмырын соғыстың жалын оты шарпыған әкемнің балалық шағы да қиын өткен. Жастайынан жетімдік тауқыметін ерте тартқан жан. Әке-шешесі ашаршылықта көз жұмып, Арыс қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді.
Әкем 1941 жылы небәрі он сегіз жасында әскер қатарына алынады. Бір жыл бойы соғыс тактикасын үйреніп, 1942 жылы алғаш рет шайқасқа қатысады. Жаңбырша жауған оқ астында жаумен аянбай шайқасады. Смоленск облысының Ведерников қыстағында жау снарядынан ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделеді. 1943 жылы ұрысқа қайта кіреді. Қан майданда от пен суды кеше жүріп, өлім мен өмір арпалысқа түскен талай сәттерден аман шығады. Алтыншы қарашада қайтадан ауыр жараланып, Архангельск облысында емделеді. Тоғыз айдан кейін соғысқа жарамсыз болып, сауықтыру батальонына жіберіледі. Үш айдан кейін жарақаты ашылып кетіп, қайта госпитальға түсіп қалады. Сөйтіп, соғысқа жарамай, Красноярск сауықтыру орнына жатқызылады.
Ұзақ емнен кейін 1945 жылы Қиыр Шығысқа аттанып, Қытайдың Маньчжурия өлкесіне дейін барыпты. Соғыс аяқталғаннан кейін де 1947 жылға дейін қолынан қаруы түспеген. Отанды түрлі жат ниеттілерден қорғау барысында тағы да екі рет жараланады. Ақыры туған жердің топырағын басу бақыты бұйырады. Кеудесінде Жуков, «Киевті азат еткені үшін», «Жапонияны азат еткені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін» медальдары жарқыраған жауынгер елге келгеннен кейін де еселі еңбегімен танылып, абыройы артты, марапаттан кем болмады. Аудандық, облыстық деңгейде бірнеше грамоталарды иеленіп, Ордабасы ауданының құрметті азаматы атанды.
Отанға оралған соң анам Гүләйдамен отау құрады. Шардара ауданының «Сүткент» қаракөл қой зауытында еңбек етіп, мұнда бас есепші қызметін атқарды. Кейін өзі туған өлкеге табан тіреп, Қ.Мұңайтпасов атындағы кеңшардың «Мақталы» бөлімшесінде жанармай құю бекетінің бақылаушысы болды. Осы жұмыстан 1984 жылы зейнетке шықты. Әкем жастайынан жетім өскенімен, көкірегіне түйгені мол кісі еді. Еңбекқор, жарқын мінезді, бауырмал-тын. Үйде байыз тауып отыра алмайтын шаруақор еді. Жауқазындай жас ғұмырын соғыс өрті шарпыса да, Отан үшін от кешкенін азаматтық борышы деп біліп, ешкімнен көмек сұрамайтын.
Әкемнің ел ішінде абыройлы азамат болып жүруіне анамның да қосқан үлесі мол. Анам бойжеткен шағында болашақ тағдырының кімге байланатынын түсінде аянмен біліпті. Ата-анамның тірлікте жарасымды ғұмыр кешкенін осы күнде сүйсіне еске аламын», — дейді Дана апай.
Бес перзент өсіріп, тәрбиелеген майдангер Әкім ата он сегіз немере, сегіз шөбере сүйіп, 2009 жылы мәңгілік мекеніне аттанған. Туған елі ардагерін құрметтеп, атына көше берген.
Лаура Қалшабекқызы.