Жайылымнан тарыққан бәйдібектік шаруалар осылай дейді
Апта басында Қазығұрт ауданындағы билік күтпеген оқиға көгілдір экран арқылы бүкіл елге тарап кетті. Жайылымдық жер таппаған жергілікті тұрғындар төрт түліктерін ауылдық округ әкімдігінің алдына айдап барды. Өкінішке қарай, жайылым мәселесі бүгінде қай аудан-қалада болмасын күрмеулі күйінде тұр. Оған келтірер мысалдар жеткілікті.
Жуық арада Бәйдібек ауданында да осыған ұқсас оқыс оқиғаның қайталануы әбден мүмкін. Қазығұрттықтар қорадағы малдарын ауылдық округ әкімдігінің алдына қуып барса, Бәйдібек ауданындағы Ақбастау мен Бөген ауылдық округінің тұрғындары үй жануарларын аудан әкімдігінің алдына айдап баруды ойластыруда.
Өткен аптада Бәйдібек ауданы Бөген ауылдық округіне қарасты Екпінді елдімекенінің тұрғындары жер дауына байланысты шақыртқан соң барғанбыз. Мән-жаймен таныстық, тұрғындарды әңгімеге тарттық. Сондағы түсінгеніміз, осыдан 7-8 жыл бұрын айрандай ұйып отырған бір ауыл бүгінде екіге жарылыпты. Бір бөлігі, дәлірек айтқанда басым бөлігі Арыс қаласының қарамағына өтсе, аз ғана үй Бәйдібек ауданының аумағында қалған. Бүгінде сол тұрғындар малдарын жаятын жер таппай отыр. Аудан басшыларына жазған арыздары жауапсыз қала беретінін айтқан тұрғындар жағдай бұлай жалғаса берсе амалсыздан жоғарыдағыдай тәсілге көшетінін айтады. Тұрғындар қорасында 300-ден аса ірі қара, 400-ге жуық жылқы, 2 мыңнан астам ұсақ мал бар екен. Ал мұның барлығы бір күнде аудандық әкімдік ғимаратының алдын «жауласа», шаяндық шенеуніктерді әжептеуір әбігерге салары анық.
«Мал жаятын жеріміз қалмады. Көпірден өтетін 215 гектар жайылымдық бар еді, естуімізше сол жер сатылымға шығарылыпты. Біз оған қарсымыз. Жердің бәрі сатылса малды қайда жаямыз, – дейді Рахматолла Ыбырайым (суретте) есімді ауыл тұрғыны.
– Шамамен 6-7 жыл бұрын Арыс қаласының бір тұрғыны жер алған, оны пайдаланбайды және басқаларға да пайдалануға бермейді екен. Ал біз жайылымнан тарығып отырмыз. Президентіміз мал бақ дейді, жайылым болмаса қайдағы мал баққан?».
Ауылдасының уәжін қолдаған Абдулла Жолдасов (суретте) есімді азамат та өз ойын ішке бүгіп қалмады.
«Қорада малымызды қайда өрістетерімізді білмей қалдық, – дейді ол. – Азғантай жайылымдық жеріміз бар еді, одан да айырылар түріміз бар. Бізде жер дауы жиі бой көтереді. Алдыңғы әкім Б.Танакөзовтың кезінде де осы жер сатуға қойылғанда, ауыл тұрғындары жанталасып жүріп, сатылымнан шығартып тастадық. Міне, бұл әләуләйім тағы қайталанып отыр. Бұл әкімдердің жер сатудан басқа тірлігі жоқ па, соны түсінбей отырмыз. Елдің қамын ойлайтын әкім болса, сол жерлерді сатудың орнына халыққа қайтаруға бар күш-жігерін салуы тиіс емес пе? Біз осы көкейтесті мәселені аудан басшыларына талай айттық. Ешқайсысы да мұқтаждығымызды шешіп беруге қауқары жетпейді. Ауыл азаматтарының қолында қандай құзыр бар? Бас біріктіріп, қарсылық көрсетуден басқа амалымыз жоқ».
Жер аумағы үлкен, жайылымы кең, мал шаруашылығына қолайлы есептелетін Бәйдібек ауданының өзінде соңғы кездері дау жиілеп барады. Бұл күрмеудің түйінін тарқатуға аудан әкімі Ержігіт Шәріпбекұлының қауқары жетеді ме? Қалай болғанда да жайылым мәселесі шешілмейінше, несібесін қорадағы малынан ғана тауып отырған шаруалардың жаны жай таппасы анық.
Ұлықбек ҮМБЕТ.