Ұлы Отан соғысы басталған уақытта Қыдыр Мамбетовтың жасы 40-тан асқандықтан оны майданға алған жоқ. 1941 жылдың 29 шілдесінде «Правда» газетінде «Трудящиеся предлагают создать фонд обороны» атты хаттарға шолу жарияланған. Үш күннен кейін осы газетте «Фонд обороны – новое проявление советского патриотизма» атты бас мақаласында Қорғаныс қоры жедел ұйымдастырылғаны айтылды. Оның ашылуына азаматтар жан-жақты қолдау көрсетіп, отаншылдықты және майдан мен тылдың бірлігін көрсетті.
Соған байланысты, КСРО Мемлекеттік банктың барлық жергілікті бөлімшелерінде арнайы шоттар ашылған болатын. Қорғаныс қорына КСРО азаматтары ерікті түрде қаржылай немесе материалдық құнды заттарды беріп, көмек көрсеткен. Қорғаныс қорына жеке ақшалай жинақтар, алтын, күміс заттар, авторлық қаламақы, үкіметтік наградалар және мемлекеттік қарыз облигациялары, қаржылық лотереялар бойынша ұтыстар, жексенбілікте тапқан, ауылшаруашылық өнімдерін сатудан түскен қаражат аударылатын. Еңбекшілердің жинаған осынау қаражатына соғыс техникасын жасау аймақтарда 1941 жылдың жазында басталып кеткен.
1944 жылы Сталин халыққа арнаған «…Бірнеше күн бұрын әскер мен халыққа жараланған неміс аңдарының ізіне түсіп, жауды ұясына дейін қуып, біржола талқандауды тапсырамын» деген сөзінің сол заматта әрбір патриот адамның жүрегіне жеткені анық байқалды.
Сол жылы «Күйік» қой совхозының ферма меңгерушісі Қ.Мамбетов патриоттық танытып, 500 мың рубльге облигациялар сатып алып, оны Қорғаныс қорына аударған. Ол адал еңбегімен тапқан қаражатына жасалған жаңа танк пен ұшақ және қару-жарақ фашистік баукеспелердің бастарына оттай бораған оқ болып тиіп, жеңісті жақындатуға көмектеседі деп білген. Қыдыр атаның фермасында 9 мың қой болған, осы совхозда 13 жыл үздіксіз жұмыс істеп, Стахандық еңбегі үшін 15 рет ақша мен мал ретінде сыйақы алған.
«Жаңа Әскери Қарыздың шығуы туралы хабарды естіген сәтте-ақ мен мемлекетке өзімнің еңбекақымнан жинаған ақшамның барлығын аударуды шештім. Мемлекет алдында патриоттық борышымды өтеп, маған бақытты өмір берген Отанымның абыройы үшін одан да жақсы еңбектенетін боламын», – дейді ол Сталинге жөнелткен телеграммасында. Сол жылы И.Сталин өз атынан Қ.Мамбетовке ризашылық білдіріп, жауап ретінде «Кеңес Одағын қорғау ісінде қамқорлық танытқаны үшін жолдас Мамбетов менің сәлемім мен Қызыл Әскердің ризашылығын қабыл алыңыз» деген мағынадағы телеграмма жолдаған.
Елдің, алып мемлекет басшысының алғысына ие болған Қ.Мамбетов осылайша өзінің шынайы отансүйгіштігін көрсеткен. Қазіргі күні Қ.Мамбетовтың шөберелері Берік Кәрім Шымкент гарнизоны әскери сотының төрағасы, ал Серік Кәрім Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болып абыройлы қызмет атқарып жүр.
Ұлы Отан соғысында Жеңіске жету үшін тылда жүріп ерен еңбегімен мол үлес қосқан Қыдыр Мамбетовтың патриоттық әрекеті мәңгілік ел есінде сақталады!
Махаббат Амангелдіқызы,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының судьясы