Салыхан Сабырұлы?
Мемлекет аудан-қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына көп қолдаулар білдіруде. Баспана салып, жолдарды жөндеп жатыр. Елді мекендерге газ, жарық, ауыз су тартудан да қаржы аяп жатпағаны белгілі. Шаруашылықты дамытамыз, егін егіп, пайдаға кенелеміз дегендерге су қоймаларын да салып беруде.
Осындай қолдау-көмектің арқасында Қазақстанның қай саласы болмасын дамудың даңғыл жолына түсуі тиіс болатын. Өкінішке қарай олай болмай тұр. «Судың да сұрауы бар» екенін сезінбеген кейбір шенеуніктердің қу құлқыны алға басқан қадамды артқа тартуда. Жасаған қылмысына сай жазаға тартылып жатқан лауазым иелері де аз емес. Алайда, бұл жайттар шенеуніктер үшін өзінің емес, өзгенің қателігінен сабақ алуға себеп болмай тұр.
Сөздің реті келгенде Созақтағы сорақылық жайын жазғанды жөн көрдік.
Оқырманға түсінікті болу үшін бірнеше жылға шегініс жасауға тура келеді. Созақ ауданының қазіргі әкімі Салыхан Полатов 2016 жылдың сәуір айынан бастап 2017 жылдың мамырына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Құрылыс басқармасына басшылық жасаған. Сол жылдары Шолаққорған мен сол төңіректегі ауылдарды суландыру, далаға кетіп жатқан суды ысырап етпеу үшін Созақ ауданының аумағында үлкен су қойманың құрылысы басталады. Бізге белгілі болған мәліметке сүйенсек, аталған басқарма тарапынан «Біресек» деп аталған су қоймасын салуға 404 миллион теңгеге тапсырыс беріліп, келесі жылы құрылысы «аяқталған» нысан қабылдап алынады. Өкініштісі сол, арада бес жыл ғана уақыт өткеніне қарамастан, бүгінде толқыны жағаны ұрып жатуы тиіс қойма бір тамшы сусыз, қаңыраған күйі бос жатыр. Жергілікті тұрғындардың сөзіне сенсек, сол қойманы салудың салдары Жеткіншек ауылының жер асты суының көтерілуіне алып келген. Осылайша қыруар қаржы жұмсалған, елге пайда береді деген су қоймасы керісінше зиянын тигізуде.
Су қоймасына қатысты С.Полатовтың өзімен сұхбаттасқымыз келгенімен, сәті түспеді. Көкейдегі сауалдың жауабын аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмаханнан сұрадық. «Құрылысына 404 миллион теңге жұмсалған қойма 2015 жылы басталып, келесі жылы аяқталған, – деді әкімнің орынбасары. – Бірақ ол жобада сметадағы көп нәрсе қамтылмай қалған. Сол себепті онда су жиналмайды. Су жібермейтін биомембрана да төселмеген. Қазір қайтадан жаңа жоба дайындалып, облысқа ұсынылуда. Оны мемлекеттік сараптамадан өткіздік. Ендігі жерде оны жөндеуге 2 миллиард теңгеден астам қаражат қажет. Сол қаржы қаралар болса, тоғанды толыққанды бітіреміз».
Су жаңа су қоймасы неге жарамсыз болып қалды? Неге кәдеге жарамады? Сонда жарты миллиард теңгеге жуық қаржының құмға сіңіп, сағым болып жоғалғаны ма? Олқылыққа жол бергендер неге жауапқа тартылмайды? Әлде халықтың маңдай терінен құралған қазынаның «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кете беретіндей сұрауы жоқ па? Неге тапсырыс беруші мекеме құмға сіңген қаржыға іздеу салып, қажет болса сотқа жүгінбейді? Сауал көп, жауап жоқ.
Қаражаттың іздеу-сұраушысы жоқ болса, ендеше сауалды біз жолдайық. «404 миллион теңге жұмсалған су қоймасы қайда, неге қабылдап алынған нысан жарамсыз күйде? Қандай олқылықтар орын алған, Салыхан Сабырханұлы?». Біз сізден осы сауалымызға жауап күтеміз.
Айтқандай, осы мәселеге байланысты біз Түркістан облыстық құрылыс басқармасына да арнайы ат басын бұрған болатынбыз. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» демекші, жауапты мамандардың әрқайсысы өз бастарын алып қашты ма, әйтеуір біріне бірі сілтеп, соңы сиырқұйымшақтанып, ақыры тұщымды жауап болмады. Судың да сұрауы бар заманда су қоймасының сұрауы кімнен болмақ?
Ұлықбек ҮМБЕТ.