Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Орысшаның әлегі – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Орысшаның әлегі

Бұл Қарағанды қаласында басымнан өткен оқиға еді. 1979 жылы ауылдағы орта мектепті бітіріп, Қарағанды қаласына оқуға түсуге бардым. Туған әпкем, Ізбасар бөлем үшеуміз тамызда «Қарағанды»  қонақүйіне  жайғастық. Бұрын-соңды үлкен қала көрмегенбіз. Небір зәулім үйлерді, ғимараттарды, фонтандарды көріп, жан-жағымызға таңырқай қарап, кешке дейін қыдырып, қонақ үйге шаршап келіп, ұйқыға кеттік.

Ертесіне үшеуміз ақылдаса келіп, Қарағанды кооперативтік институтына құжаттарды тапсырдық. Ол кезде сауда саласының маманы болсақ, аштан өлмеспіз деген ой болғаны анық. Әкем  жоғары милиция мектебіне түсірмек болды, бірақ мен одан бас тарттым. Үшеуміз жұбымыз жазылмай күнделікті институтқа барып, емтихан алдындағы дайындықтан дәріс алып жүрдік. Емтихан тапсыратын уақыт та келіп жетті. Бірінші емтиханымыз орыс тілінен жазбаша болды. Үшеуміз де үш деген баға алдық. Екінші емтихан СССР тарихы болды, мен төрт деген баға алып шықтым, әпкем, бөлем өте алмай қалды. Мені құттықтап жатыр. Екеуі менің келесі емтиханымды күтетін болды. Үшінші емтихан – география пәнінен. Қызу дайындық үстіндемін. Мектепте бұл пәннен төрт деген баға алып көрмеппін. Сәуірбай Қалиев деген ағайым  өте қызықты өткізетін. Дүние жүзі картасын жетік білетінмін, ағайым ылғи «5» қоятын.

Таңертең тұрдым да институтқа қарай аяңдадым. Түске таяу дайындықтан шыққан соң, «ЦУМ»-ның қасынан өте бергенімде ұзын-сонар кезекті көрдім. Бұл не қылған кезек екен деп сұрасам, лакированный туфли сатылып жатыр екен (ол кезде бұл туфли мода еді ғой). Ақша бар, біреуін алып, киіп алайын деген ой келді. Сөйттім де ауылдағы әдетке салып, кезектің алдына барып, тұра қалдым. Жұрт шулап қоя берді.

– А, ну-ка, встань в очередь, —деді бір орыс әйел. Очередь дегенді білем ғой, кезектің соңына барсам, өңкей орыстар. «Соңы кім?» деп сұрауды білмей тұрмын. Бір кезде ауылдағы машина лайға тығылып қалғанда, шопырға «алға, алға, артқа, артқа», «задний ходқа сал» деп айқайлайтын сөздер есіме түсе кетті. Әлгі кезек соңында бір орыс қызы мен жігіті тұр екен, соларға қарап, «Кто задний хоть», – дедім. Олар маған бір қарады да, үндемей тұра берді. Мен іштей өзімше дұрыс айттым ғой деп қоямын. Дауысымды барынша шағарып, әлгі сөзді екі-үш мәрте қайталадым. Орыс қызы сұқ саусағын шекесіне апарып, мынау не деп тұр, жынды ма дегендей ала көзбен қарап қояды. Ерегісіп, орыс қыздың алдына тұра қалып едім, ол «Ты что, хам?» — деді көзі шатынап. Мені хан деген екен деп ойлап, «спасибо, я хам, хан», – дедім. Ол үндеген жоқ. Мен де үндемей тұра бердім.

«Встань в очередь», – деді әлгі орыс қызы маған қарап. Мен оған «Өзің  мыстан», — дедім қазақшалап. Кезек соңын сұрағандарға «Я, я», – деп қоямын. Аяқта тәңкеткі, шалбарымның балағы 45 сантиметрлік кала-кала, шаш дудардай болып өскен. Үстіме кигенім мен түр басым ауылдың баласы екенін айғақтап тұрған болса керек, бір қазақ жігіті келіп:

– Туфли керек пе, жүр тасалау жерге, – деді. Соңынан ере бердім.

—Қандай размер киесің? — деді.

– 40-шы размер…

– Егер маған туфли бағасының үстінен бес сом қосып берсең, кезексіз алып берем, – деді қызықтырып. Күн күйіп тұр, кезек жылжитын емес, оның үстіне шөл қысып барады.

– Ойбай, жарайды, 5 сом емес, 8 сом қосып беремін, – деп елп ете қалдым. Екеуіміз қол алысып, ақшаны бердім. Туфлидің бағасы 10 сом екен.

– Сен анау талдың көлеңкесінде тұра бер, мен 20 минутта келемін, – деді де, ішке кіріп кетті. «Жолым болғанына» іштей қуанып, күтіп тұрмын. Жарты сағат өтті, жігіт жоқ, қырық бес минут өтті, жоқ. Мен тықырши бастадым. Апам «қаланың адамдары сырттан келгендерді бірден байқайды, алданып қалма» деп жиі айтушы еді. Ойыма апамның осы сөзі сарт ете қалды. Біліп айтқан екен ғой жарықтық деп, өкініп тұрмын. Екі көзім әлгі жігіт кіріп кеткен есікте. Қап, ең болмаса атын да сұрамаппын деп өз-өзіме кіжініп тұрмын. Бір кезде ысқырған дауысты естідім. Жалт қарадым, о,тоба, әлгі жігіт қол бұлғап тұр. Әкемді көргендей қуанып кеттім. Жанына жетіп бардым. Қолында коробка. «Былай жүр» деп «ЦУМ»-ның артына апарды. Коробканы ашып қалсам, қап-қара жылтыраған, лакированный туфли. Қолыма бір коробка ақша ұстатқандай риза болып, әлгі жігітке «рақмет, рақмет» дей беріппін. «Егер анау-мынау дефицит заттар керек болса маған келіп тұр. Мен осы қалада физкультурный институтта 5-курста оқимын. Атым Қайсар, Егіндібұлақ ауданынанмын. Туған әпкем осы «ЦУМ»-да жұмыс істейді», – деді. Мен де атымды айтып, қонақ үйдегі номерімді, Шымкенттен оқуға келгенімді айтып, біраз мағлұмат беріп үлгердім. Әңгімеміз жарасқан соң, оған риза болғаным соншалық, қолына тағы 5 сом ұстаттым. Ол да риза, мен де риза. Жылы қоштастық, маған қонаққа келіп тұрды.

Күн қайнап тұр, шөлімді басайын деп әлгі көше бойындағы автоматты «газводаға» бет бұрып, шөлім қанғанша іштім. Үш тиын салсам тәттісін қосып береді, бір тиынға газдалған ақ су береді. Қалай тура құяды деп, автоматтың ішіне бір, сыртына бір қарап қоямын. Құдды бір сатушы құйып тұрғандай. Қызығып іше беріп, үш, бір тиындықтар таусылды. Сосын «үш тиыннан көп қой, мүмкін молырақ құятын шығар» деген оймен он бес тиын салдым, са-а-р еткізіп ақ су құйды. Осылай бірнеше рет қайталанды. Содан ашуланып, автоматтың алдынан, артынан жұдырықпен ұрып қоямын. Қасыма бір жас қазақ жігіті келді де орысшалап:

– Оу, братан, что вы делаете? – деді. Мен оған болған жайды қазақшалап түсіндірдім, бір жағы орысша сөйлегеніне ашуланып:

– Өзіңді қазір бір ұрам, – дедім. Ол түсінді–ау деймін, қазақшалап:

– Ой, аға, 15 тиынды 3 тиындыққа майдалатып алмайсыз ба? – деді.

– Қалай? – дедім мен.

– Анау, қарсы бетте тұрған газет сататын киоскіге барсаңыз майдалап береді, – деді. Көрсеткен киоскісіне келсем, о,тоба, мұнда да дәу, жалпиған орыс әйелі отыр.

– Здрастье,- дедім. Ол маған бір қарады да:

– Что надо? – деді діңк етіп. Мен сасқалақтап:

– Нешауа, нешауа, – дей салдым. Сосын ұялған тек тұрмас дегендей, қолыма 15 тиынды ұстадым да:

– Вот, 15 копеек возьмите, 3 копеек дайте, – дедім.

– Чего, Чего? – деді онан сайын бажырайып. Мен іштей дұрыс айтып тұрмын ғой деп ойлап қоямын. Әйел өз тірлігімен айналыса берді, мен болсам 15 тиынды ұстаған күйі әлі тұрмын. Тілмен жеткізе алмағасын ыммен түсіндірейін дедім де:

– Здрасьте, – дедім тағы да. Ол маған жақтырмай қарады тағы да.

– Вот, газвода, газвода, пить, пить, – деп саусағыммен тамағымды шерттім де қарсы беттегі «газвода» автоматын қолыммен нұсқап көрсеттім. Енді түсінді-ау деймін:

– А-а, разменять что ли? – деді. «Да, да» деп қоямын түсінгендей. Содан  қолыма бес дана үш тиындықтарды берді. Ух деп, тағы армансыз шөлімді қандырдым.

Әрі сәнді, әрі шыдамды болу үшін лакированный жаңа туфлиімнің өкшесіне темір таға қақтырып алғым кеп бірнеше аяқ киім жөндейтін шеберханаларды араладым. Ол уақытта шеберлер орыс, түрік, әзірбайжан секілді өзге ұлт өкілдері болатын. Олар қазақша түсінсе де орысша сөйлейтін. Бес-алты шеберханаға бас сұқтым, кілең орысша сөйлейтіндер. «Таға қағып беріңдер» деп ешқайсына түсіндіре алмадым. Тәуекел деп тағы біреуіне кіріп көрейін, болса болар, болмаса ауылға барып қақтырамын деп ойладым. Бет-ауызын қалың жүн басқан шебер:

– Говори по русский,- деп гүр ете қалды. Мен жынданып:

– Нет русский, — дедім де, туфлиді аяғымнан шешіп, стол үстіндегі тағаны қолыма алып:

– Этот нали, нали, сюда тақ, тақ, – деп туфлидің өкшесін көрсеттім.

– А-а, железка что ли? – деді маңғазданып.

– Да, да, — деп ызаланып айқайлап жібердім. Шебер маған көзі бақырая қарап:

– Почему кричите? – деді.

– Өзің қыршите, – дедім қазақшалап. Ол үндемей қағып берді. Сол туфлиді киіп, екі күннен соң үшінші емтиханға бардым. География пәні болатын, төрт деген баға алдым. Соңғы емтихан – математика. Әпкем мен бөлем «біз ауылға қайта берейік, босқа жатқанда не істейміз? Саған сәттілік тілейміз» деп қайтуға жиналды. Вокзалда бір-бірімізді қимай қоштасып, қала бердім. Айдалада жалғыз қалғандай екіұдай күй кештім.

Жалғыз өзімнің ермегім – есеп шығару, формулалар жаттау болды. Ертерек ауылға қайтқым келді. Орыстанып кеткен қалада қалғым келмеді. Сәтін салып, соңғы емтиханнан да төрт деген баға алдым. Әр емтихан тапсырған сайын ауылға жеделхат жіберіп отырдым. Әке-шешем қуанғаннан бүкіл ауылға «балам өз күшімен оқуға түсті» деп сүйіншілепті. Тіпті, әкем қызметтестеріне жуып та үлгеріпті. Алда, яғни 25-тамызда конкурс болады екен. Оған дейін әлі 10 күн бар. Шыдамым жетпей, институтқа бардым да, «құжаттарымды беріңдер» деп жауапты хатшыға кірдім.

– Тапсырған бағаларың жақсы, конкурстан өтесің, арнайы пәннен төрт алыпсың, конкурста жеңілдік болады, — деп құжаттарымды бергісі келмеді. Мен оған «Бұл қалада оқымаймын, Алматыға кетемін», — деп, табандап тұрып алдым. Алматыны көру арман еді. Ағаларым сонда оқыған, суреттерін көріп қызығатынмын.

– Арыз жаз да, деканға кір, – деді жауапты хатшы. Солай еттім. Декан да қал деп біраз үгіттеді. Алған бетімнен қайтпадым. Құжаттарымды алдым да, ұшаққа отырып Шымкенттен бір-ақ шықтым. Шынын айтсам, еш өкініш болған жоқ. Келесі жылы Алматыға барып, Халық шаруашылығы институтына түстім. Алматыда жүріп әжептәуір орысша үйрендім. Талап болса тіл үйрену онша қиын емес екен.

Осыған ұқсас оқиға өткен ғасырдың соңында талай қазақ балаларының басынан өтті. Орысшаның әлегін көрген қайран қазақ тәуелсіздікке де қол жеткізіп, бүгінде өз тілі мен жеріне еге болып отыр. Ендігі жерде ана тілін ұмытпай, ұлықтау әр қазақтың өзіне байланысты болып тұр.

Есенғазы Жүсіпов,

қаржыгер, Шымкент қаласы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған