Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Басшылық бала құқын қорғап жүр ме, жеке бастың ба? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Басшылық бала құқын қорғап жүр ме, жеке бастың ба?

Қай мемлекетте болмасын бала құқын қорғау ең маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Бірақ, біздің елде бала құқы қалай қорғалады немесе қалай қорғалып жүр? Мәселе осында.

Әрине, бала біздің болашағымыз, олардың құқын қорғау үлкендердің борышы деп әдемі сөйлеп, көркем көрсетуге келгенде шеберміз-ақ. Бірақ, шындығында солай болып жатыр ма? Бұл сауалдың жауабын мәселеге тереңірек үңілгенде ғана жолықтыруға болады.

Өкінішке қарай, біздің қоғамда бала құқын қорғау дегенді оларға барлық жағдайды жасаумен шатастырып жататынымыз шындық. Тіпті, оларға білімі сай келмесе де жалған баға қоя салу, сабаққа келмесе де келді деп белгілеп, жағымды жағдай жасауға бейілміз. Мұндай «қамқорлық» баланың болашағын баянды ете алмайды, керісінше балта шабатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ, түсінсек те осы үрдісті әдетке айналдырғандар табылады.

Осы тақырыпқа қатысты зерттеу жүргізгенімізде сабаққа қатыспаған балаға баға қоя беретін, тіпті, тұрмысқа шығып, отбасы құрып үлгерген, осыған байланысты өзге мектепке ауысып кеткен оқушыға да бұрынғы білім ұясында жалған баға қоя берген келеңсіздіктер кездесті. Оқушыдан сабақ сұрап, кері байланысқа шығу деген мүлдем ұмыт қалған. Бұл екі оқиға да Ордабасы ауданы М.Әуезов атындағы мектепте орын алған. Туу туралы куәлігі жоқ балалар да мектеп партасына отырып, сыныптан сыныпқа ауысып жүрген жайттар кездеседі. Шардара ауданының тұрғыны Мүнәсіп Сайфутдинова екінші сыныптағы қызына әлі күнге дейін құжат ала алмай жүр екен. «Мектеп басшысының кеңпейілділігінің арқасында ғана қызым оқып жүр. Әйтпесе не боларын білмейміз», – деген ананың жанайқайын ешкім естімейді. Ең қызығы, осы оқиғалардан Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мен «Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті» басшылары хабарсыз күйде. Міне, бізде бала құқы осылай да қорғала береді.

 

Ордабасы ауданындағы оқушының тұрмысқа шығып кеткендігі жайында Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаевтың бізден естігеніне бес айдың жүзі болды. Мән-жайдан алғаш хабардар болған сәтте мамандарын шақырып алып: «Бұл жерде білім туралы заң бұзылып отыр. Ол оқушы қайда болса да табыңдар, оқуын жалғастырсын», – деп, осы келеңсіздікке жол берген қызметкерлерге тиісті шара қолдануды тапсырған болатын. Бірақ, мұның барлығы «для галочки» атқарылып жатқан сияқты. Оқушының тағдырына алаңдап, құқын қорғауға ешкім бейіл еместігі байқалады. Бұл оқиғаға байланысты тиісті бөлім басшылары мәселені май шаммен қарауға уәде бергенімен, соңы сиырқұйыршықтанып барып, тоқтап қалды. Алаңдаушылық танытып, араға қаншама уақыт салып қайта айналып барғанымызда да ешқандай нақты құжат көрсете алмағандар ертеңіне-ақ «Түркістан облысы, Ордабасы ауданы «Қайнар» елдімекені, М.Әуезов атындағы ЖОМ 11 сынып оқушысы Т.Н. Шымкент қаласы, №4 кешкі мектебінің 2020 жылы 15 желтоқсандағы №27 бұйрығымен 11 сыныпқа қабылданған. Шымкент қаласы №2 кешкі мектептің 2021 жылдың 12 ақпан күні №105 бұйрығымен  Т.Н. өз өтініші негізінде 11 «п» сыныбына қабылданып, Шымкент қаласы, №4 кешкі мектептің 2021 жылдың 12 ақпан күні №71 бұйрығымен мектеп есебінен шығарылғандығы туралы анықтама берілген…», – деген мазмұндағы хатын жолдапты.

Бақылау жоқ жерде бассыздық орын алатыны белгілі. Басшылық тарапынан қатаң бақылау болмағасын, мамандар да мәселеге маңыз бермегені көрініп тұр. Тұрмысқа шыққан оқушы қызға қатысты жоғарыда аталған, яғни Шымкенттегі №4 кешкі мектепте оқымайтыны туралы осы білім ұясының басшысы Қ.Тойғанбай мырза қол қойған, 26 қаңтар 2021 жылы №34 шығыс хатты Р.Жолаев басқаратын басқармаға алғаш барғанымызда-ақ көрсеткен болатынбыз. Басқарма болса бізге тұрмыстағы оқушы қыздың осы мектепте оқитынын хатпен айғақтағысы келеді. Сонда кім кімді алдап отыр? Қай хат жалған? Бізге берілген хат па, әлде басқармаға ұсынылғаны ма?

Енді заңға жүгінелік. Білім туралы заңның «Білім беру саласындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреті» деп аталған 6-бабында былай дейді: «Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алуды, оларды орта білім алғанға дейін оқытуды ұйымдастырады; кешкі (ауысымды) оқыту нысанын және интернат үлгісіндегі білім беру ұйымдары арқылы ұсынылатын орта білім беруді қоса алғанда, орта білім беруді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді».

Ал аталмыш Заңның 15-бабы «Баланың бiлiм алуға құқығына» арналған.

Онда: «Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi», – деп жазылған.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бізге арыз айтқан тұрғындар Т.Н. есімді оқушы 24 желтоқсанға дейін М.Әуезов мектебінің тізімінде болды, себебі «Күнделік КЗ»-ке баға қойылған десе, мектеп басшылығы оны жоққа шығарып, жалған анықтаманы алға тартумен әлек. Бұл жерде бір шикілік бары анық. Егер мектеп басшылығы тұрмысқа шығып кеткен қызды өздерінен алыстатқысы келсе, «Білім туралы заңның» 31-бабын, яғни «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру» деп аталған бабындағы «Он алты жасқа дейінгі балаларды орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін білім беру ұйымы мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі», – деген талапты басшылыққа ала отырып, шығарса болмас па еді. Бірақ ол кезде тәрбие саласындағы кемшіліктер басшының басына таяқ болып тиюі мүмкін ғой.

«Торғай жауын жауса балапанын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайды» демекші, жоғарыдағы оқиғадан біз білім саласындағы басшы азаматтардың бала құқын қорғаудан гөрі жеке бастарының құқын қорғауға барын салғанын байқауға болады. Сонда бала құқы қайда қалды? Бала құқын осылайша қорғайтын болғанымыз ба?!

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған