Абзал ӘЛІҚҰЛОВ, Шымкент қаласы, Қаратау ауданының әкімі:
Қаратау – үшінші мегаполистегі құрылымы жағынан ең жас аудан. Соған қарамастан, ауданда атқарылып жатқан тірліктерде толас жоқ. Қаланың дамуына айшықты үлес қосып келе жатқан ауданның басшысы Абзал Әліқұловпен жақында арнайы сұхбаттасқан едік.
— Абзал Шымкентбайұлы, бүгінде аудан аумағында орналасқан елді мекендердегі халық саны 247 мыңнан асыпты. Тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық сұранысын қамтамасыз ету мегаполис мәртебесіне сай жүзеге асуда ма?
— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында инфрақұрылым мәселесіне айрықша көңіл бөлсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа қызмет етудің жариялы үлгісін міндеттеп келеді. Міне, осы екі нұсқаулықты басшылыққа ала отырып, өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда және мұның бәрі де халықтың көз алдында жүзеге асуда. Билік пен қоғам арасындағы диалогтың жанданғаны болар, бүгінде әрбір тұрғын өзінің көкейіндегі сауалды әлеуметтік парақша арқылы тікелей жолдап, оң шешімін табуын талап ете алады. Осыған сәйкес, аудандық «Ашық әкімдік» алаңында тұрғындар өтінішіне жауап беріліп, қызмет түрлері бойынша кеңес айтылады. Сондай-ақ, «AntikorLive» және «Әкім сағаты» жобалары аясында әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер өткізіліп, тұрғындардың өзекті сауалдарына жауаптар ұсынылды. Біз үшін әрбір тұрғынның талап-тілегі, ұсынысы маңызды.
Тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық ахуалының жарқын көрінісінің бірі – сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету дер едім. Биыл жыл басынан бері ауданда ауқымды жұмыстар жоспарға сәйкес жүзеге асып келеді. Оның ішінде көшелерді жарықтандыру бойынша аудан аумағындағы 439 көп қабатты үй 159 аулаға біріктіріліп, 106 аулаға жарықтандыру бағаналары орнатылған. Қалған 53 ауланы жарықтандыруға ұсыныс берілді. Алдағы екі жылда қосымша 98 көшеге 54,2 шақырымға жарық шамдарын орнату іс-шарасы бекітіліп, Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасына мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында атқаруға ұсыныс берілді.
Су – тіршілік нәрі. Аудандағы тұрғын үйлердің 77 пайызы тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылса, 12 пайызына кесте бойынша беріледі. Қалған бөлігі тасымал суды пайдаланады. Бүгінде Көмешбұлақ су жинақтаушысынан «Тұран» шағынауданы айналма жолына дейінгі суаққы құрылысы, «Тұран», «Асар-2», «Достық» шағынауданын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша ішкі орамдық жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, аудан аумағында ауыз сумен қамтуды қажет ететін 6 елді мекен бар. Бұл елді мекендер «Шымкент қаласын дамытудың 2020-2023 жылдарға арналған іс-шара жоспарына» енгізілді.
Электр жарығымен қамту бойынша «Асар-2» (2 кезек), «Бозарық-2» шағынаудандары, «Достық» тұрғын алабын сапалы электр жарығымен қамту мақсатында жобалау сметалық құжат әзірленген. Ал, «Қайнарбұлақ» тұрғын алабын сапалы электр жарығымен қамту бойынша «Береке» мекемесі тарапынан әзірленген жобаға сараптама қорытындысы алынып, осы жылдың бюджетіне ұсынылды. Қазір «Тұран» шағынауданының электр жарығы құрылысы «АБМ Билдинг» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Табиғи газбен қамтылған тұрғын үйлер 73, 7 пайызды, ал қамтылмағаны –26,2 пайызды құрайды. Бүгінде «Қайнарбұлақ», «Достық», «Асар-2», «Азат» шағынауданын табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша ішкі орамдық жүйелерінің құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар аяқталса, көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 85 пайызды құрайтын болады. Сонымен қатар, «Асар-2», «Достық», «Тассай» тұрғын алабында кәріз жүйелерімен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кеткім келеді.
— Әне-міне дегенше, кезекті оқу жылы да аяқталуға таяу. Жазғы демалысты тіиімді де қызықты өткізу пандемиялық жағдайда қала оқушыларына оңай тимесі анық. Ол үшін көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы алаңшалар талапқа сай ма?
— Аудан аумағындағы 439 көп қабатты тұрғын үй 159 аулаға біріктірілгенін жоғарыда айтып өттім. Биыл осы аулалардың 32-сіне қосымша балалар ойын және спорт алаңшаларын салу жұмыстары жоспарлануда. Наурыз айындағы бюджетті нақтылау кезінде 4 ауланы абаттандыру (Тұран ш/а – 2 жерге, Ақжайық ш/а – 1 жерге, Өтеміс т/а – 1 жерге) жұмыстарына қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.
Санитарлық тазалық жұмыстарына баса мән беру керектігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Яғни, саулық тазалықтан басталады. Шымшаһардың ең сұлу аймағы орналасқан жаңа аудан қала тұрғындары мен қонақтары үшін көзайым мекенге айналып келеді. Осы ретте аудан аумағындағы аулалар мен аллеялар, шағын бақтар мен гүлзарларды күтіп-ұстау жұмыстары нәтижелі. Қазіргі таңда аудан аумағынан 3 200 куб күл-қоқыс шығарылып, 211 шақырым ирригациялық жүйелерді тазалау, 25 100 ағаш түбін әктеу, ағашты санитарлық қырқу және кеше бойлары мен аулалардың шөбін ору жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, ауданның басты көшелері күнделікті арнайы техникалармен жуылып, көше бойларында орналасқан аялдамалар тазаланып, жуылуда. Аудан бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 6 мекеме айналысады. Көп қабатты үйлерден күніне 2 рет тұрақты түрде, ал жеке тұрғын үйлерде аптасына бір рет бекітілген кестеге сәйкес шығарылуда. Бұған әкімдік аппараты тарапынан күнделікті қадағалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан аумағындағы көп қабатты үйлер жанына орнатылған 67 қоқыс алаңшаларының айналасы «Экоспецтранс» ЖШС және «Шымкентспецкомплекс» ЖШС тарапынан жуылып, дезинфекция жұмыстары атқарылуда. Міне, осының барлығы да тұрғындардың, оның ішінде балалардың санитарлық қауіпсіздігі мен алаңсыз демалысы үшін атқарылып жатқан шаралар деп айта аламыз.
— Халқы тығыз орналасқан миллионер қалада тұрғындардың әлеуметтік мұқтаждығы да айтарлықтай проблема. Оны шешуде мемлекетке арқа сүйегеннен бөлек, өз бастамаларыңыз бойынша шешімін тауып жатқан жайттар бар ма?
— Алдымен мемлекеттен алып жатқан көмектің есебіне тоқталып өтсем артық болмас. Биыл жыл басынан қазіргі уақытқа дейін аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмек алуға 4 737 отбасы өтініш білдіріп, оның 2 836-сы мұқтаж деп танылса, 242 отбасының мұқтаж емес екені анықталды. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға «GraMad» сауда орталығы арқылы міндетті әлеуметтік пакеттер берілуде. Биыл аудан әкімі аппараты жанынан құрылған атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырған отбасылардың материалдық жағдайын тексеру бойынша құрылған 12 учаскелік комиссия мүшелері жаңартылып, қазіргі таңда өтініш білдірушілердің мекен-жайларына барып, тұрмыстық материалдық жағдайын тексеру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде.
Рас айтасыз, жергілікті билік халықтың мұң-мұқтажын шешуде мемлекетке арқа сүйеп, қол қусырып қарап отырмауы тиіс. Аудан аумағында әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға, жетім балалар үйіне және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кәсіпкерлер мен депутаттардың демеушілігімен қайырымдылық іс-шаралары тұрақты өткізілуде. Қаратау аудан әкімі аппаратында жағдайы төмен отбасыларға ақшалай немесе азық-түліктей көмек көрсетуге бюджеттен қаржы қаралмаған. Десек те, шарасыз емеспіз. Көмекке мұқтаж отбасылар алдымен әрбір елдімекендегі ауыл билеріне барып тіркеледі. Бізге көмек білдіруге ниеттеніп келген демеушілерді біз сол елдімекендердегі ауыл билеріне барып, тізім бойынша қайырымдылық танытуға болатынын ұсынып, үйлестірудеміз. Нәтижесінде «Рамазан қоржыны» қайырымдылық іс-шарасы аясында жалпы 2 373 аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға демеушілер тарапынан, атап айтқанда, «Халық-фонд» қайрымдылық қоры 500 отбасыға қолдау білдірсе, алдағы уақытта тағы 250 отбасыға көмек көрсетуге ниеттеніп отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда «ЕRG» мекемесі тарапынан 500 отбасыға, қалалық мәслихат депутаттары мен аудан кәсіпкерлері тарапынан 1623 отбасыға азық-түлік, ет өнімдері мен 1350 отбасыға ауызашар себеттерімен көмек көрсетілді.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Лаура ТАСТАНБЕК