Рухани кемел қала

 

Биыл сәуірде Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалалық бағдарламасының жарияланып, еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырыла бастағанына 4 жыл толды. Бұл уақыт ішінде қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттары айқындалып, қазақстандық қоғамның дамуының бірегей беталысы көрініс тапты деуге болады. Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру»

бағдарламасын сапалы жүзеге асыру мақсатында құрылған Өңірлік жобалық кеңсе өңірдегі 4 аудан әкімдіктері және жауапты басқармалармен, тиісті мекеме-ұйымдармен бірлесе бірнеше бағытта жұмыс істеуде. Бағдарламаның төрт жылдығына орай үшінші мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстар жайында Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Зәуре Оралбаева әңгімелеп береді.

Ұлы тұлғалар ұлықталған жыл 

 

— «Туған жер» арнайы жобасы аясында 2020 жылдың өзінде 362 ірі, шағын жобалар іске асырылды. Негізгілеріне тоқталсақ, меценаттар, демеушілер көмегімен салынған, жөнделген 112 нысан тұрғындардың пайдалануына берілді. Онда негізгі екпін қоғамның өзекті мәселелерін шешуге және туған өлкені дамытуды мақсат тұтқан белсенді әлеуметтік, қайырымдылық шараларға бағытталды. Демеушілік, меценаттық бойынша жалпы сомасы 2 501 900 000 теңгеге әлеуметтік нысандарды жөндеу, салу және қайырымдылық акциялары іске асырылды. Алғашқы үш айда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 106 іс-шара ұйымдастырылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қала әкімінің қолдауымен, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» жалпыұлттық жобасы аясында әдеби шығармалар конкурсы өткізілді. Шымкент қаласында «Smart Hub SILKWAY» IT орталығы құрылды. IT орталық Ақпараттық технологиялар саласындағы болашақ мамандардың инновациялық идеяларын жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Шымкент мектептерінде «Кітап оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында кітап талқылау дәрістері ұйымдастырылуда.

Шымкент қаласындағы «SHANYRAQ» отбасын қолдау институты орталығында аналарға арналған шеберхана және түрлі кеңес беру бөлмелері ашылды. Қала кітапханаларында, ЖОО-да Халық жыршысы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Халық фольклорының феномені» әдеби-музыкалық кештері ұйымдастырылды. Шымкент опера және балет театры ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Домалақ ана» операсының премьерасын тарту етті. Жаңа қойылымды сахналауға әлемге әйгілі және елімізге танымал өнер майталмандары тартылды. Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада «Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы» оффлайн Фараби халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми трактаттарының негізгі принциптері талқыланып, ғылыми жұмыстарын зерттеу бойынша бірыңғай дерекқорын құру және оның шығармаларын насихаттау сөз болды.

Қаладағы «Забадам» шағынауданында Қазақстандағы алғашқы «Отбасылық кітапхана» іске қосылды. «Үй үлгісіндегі» жаңа форматтағы кітапхана демеушілер есебінен ашылды. «Наурыз Шымкенттен басталады» онкүндігі аясында 18 наурыз – «Игі істер» күні болып бекітілді. Осыған орай, қала әкімінің қолдауымен «Наурыз тал» акциясы өтті.

 

Туристерге  танымал  мегаполис  болады

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы шеңберінде «Сансыз бабтар мекеніне онлайн экскурсиялар» циклі өткізілді. Бүгінде қаладағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштердің 22-сіне QR кодтар орнатылған. Экскурсиялар мен шымкенттік студенттер, оқушылар саяхатының, Қазақтану ҚБ-нің іс-шараларының қорытындысы ретінде деректі фильм түсірілді. 10 минуттық танымдық бейнеролик жергілікті телеарналарда көрсетілді. Тарихы 10 ғасырдан сыр шертетін «Қызыр мұнарасы» аумағында зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізіліп, Туризм басқармасы инвесторлардың көмегімен инфрақұрылымын толық реттеп, аумағы абаттандырылды. Осы аумақты тарихи-танымдық дәрістер негізінде ашу жоспарланып отыр. Ескі қала – Цитадельде қазба жұмыстарын жүргізу, реставрациялау құрылысының бірінші кезеңі аяқталып, республика көлемінде қаланың 2200 жылдық тарихынан мағлұматтар беретін теле жоба ұсынылды.

Биыл қалада «Шымқала» этноауылы ашылды. Мегаполистің туристік әлеуетін жаңа белеске көтеру мақсатында ашылған этноауылда қолөнершілер, ұлттық ойындар, зергерлік және төрт түлік алаңдары жұмыс істейді. «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында жақында «ЭКО-Сана» сенбіліктер акциясы Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, қаладағы төрт ауданда тұрғындардың қатысуымен ұйымдастыру басталды. Екі жарым ай ішінде эковолонтерлер, қоғам белсенділері, тұрғындардан құралған 40-тан астам топ әр сенбіде қаланың көпқабатты үй аулаларында тазалық сағаттарына қатысады. Волонтерлер жылында бастауын алған бұл жоба республика бойынша «Үздік жобалар жинағына» енген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру және Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығының «Шымкент: мыңжылдықтар тарихы және қазіргі заман» атты халықаралық апталық форумы бағдарламаның 4 жылдығына орай ұйымдастырылды. Мақсаты – 2200 жылдық тарихы бар Шымкент мегаполисінің экономикалық перспективалық бағыттарын дамытуға мүмкіндік беретін салалардың дамуы, мегаполисті туристерге танымал ету, қаланың дербес келбеті мен сәулетін ілгерілету үшін зерттеулер мен жобалар жасау. Форум аясында «Шымкент – туризм квест» байқауы ұйымдастырылды. Өңірлік жобалық кеңсесі сәуір айында Бағдарламаның 4 жылдығына орай, қалалық әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығымен бірлесіп, «Төрт түлігің төлді, төрт құбылаң тең болсын!» деген тақырыпта 4 санының қасиетін дәріптейтін танымдық онлайн тәрбие сағатын өткізді. Шымкент волонтерлерімен бірге Өңірлік Жобалық кеңсе қызметкерлері төрт ауданның кітап алуға мүмкіндігі жоқ жүз отбасы балаларына көркем шығармалар мен танымдық кітаптар және карантин кезінде пайдалы жемістер себетін сыйға тартты. Бұл шара өңірлік кеңсенің «Қайырымды істер марафонына» қосқан үлесі.

«100 жаңа есім» жеңімпазы – жерлесіміз

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасына үміткер ретінде биыл қаладан 70-тен астам үміткер тіркелді. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз – 8 гимназия-мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Роза Керімбекова болып танылуы да біз үшін үлкен мақтаныш. «Шымкент – ТМД-ның мәдени астанасы» жылы аясында жалпы 8 фестиваль, 7 ірі жоба іске асырылды. 2021 жылы ақпан айында Беларусьтың Минск қаласында өткен «Книга объединяет людей и страны» XXVIII Минск Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне Шымкент қаласының кітапханашылары қатысты. Көрмедегі қазақстандық павильонның ашылуы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, шымкенттік авторлардың кітаптары орталыққа тарту етілді. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында мемлекеттік тілге аударылған әлемдік туындылармен Шымкент қаласының барлық ЖОО мен орта арнаулы оқу орындары, орталық кітапханалары, филиалдары қамтылды. «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы бойынша адамзаттың Абайы ғұлама, ойшыл ақынның 175 жылдығына М. Әуезов атындағы ОҚУ «Мұхтартану» орталығының жас ғылыми маманы Әзімхан Исабек Абайдың «38-ші қара сөзін» өз алдына, жеке «Китаб Тасдиқ» ретінде жарыққа шығарды. Абайдың бір ғана шығармасынан 400-ге жуық араб-парсы, түрік тілдерінен сөздік жасады.

Шымкент қаласының «Рухани жаңғыру» Өңірлік Жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен жоба жетекшісі өңірдегі фарабитанушылар және абайтанушылармен 21 сұхбат жүргізіп, тележоба түсірілді. Танымдық, ұлы тұлғаларды, шығармаларын насихаттау мақсатындағы бейнероликтер жергілікті арналар мен әлеуметтік желілерде көрсетілді. Ал биыл Алаш арыстарының өмір жолын, тарихи деректерін дәріптеуде «Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы» танымдық «дөңгелек үстел», онлайн-конференция, алаш арыстарының өмірін зерттеуші ғалымдардың онлайн басқосуларын өткізіп, виртуалды көрмелер көрсетілуде. «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобасы шеңберінде «САҚ» киностудиясы Әл-Фараби трактаттарының негізінде «Көне құмыраның сыры» атты балаларға арналған мультфильмнің 3-ші, 4-ші бөлімдерін түсіріп, телеарналардан көрсетілді. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысымен, Қазақстан Ұлттық арнасының қолдауымен «САҚ» киностудиясы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмір жолына арналған көпсериялы деректі-тарихи фильмін түсіріп, Тәуелсіздік мерекесінде көрермен назарына ұсынылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасына сәйкес, өңірде туған өлкені дамытуға үлес қосқан танымал тұлғалар жайлы бейнероликтер әзірленді. Бүгінде олар барлық өңірлерде көрсетілуде.

Шымкент қаласында Бағдарламаның қосымша арнайы жобалары шеңберінде жаңа жобалар қолға алынды. «Үнем – қоғам қуаты», «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет», «Дәстүр және ғұрып» арнайы жобаларын қоғам қызыға қабылдауда деуге болады. Мысалы, шымкенттік бала-бақшаларда 2020 жылғы қазан айынан бастап балғындардың экосанасын қалыптастыру бағытында бірегей сабақтар, табиғаттану ойындары және су, электр энергиясын үнемдеуге үйрету ойын-сабақтары өткізілуде. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлтымыздың ұмыт болған дәстүрлері, оларды дұрыс насихаттауды қолға алған.«Құқықтық мәдениет» арнайы жобасы аясында Шымкент қаласындағы Мәртөбе тарихи кешенінде келешек ұрпаққа жолдау жазылған капсула қаланды. Қала әкімінің қолдауымен іске асқан бұл акцияда сот қызметкерлерінің келешек ұрпаққа қалдырған жолдауында 14-15 ғасырлардан бастау алған қазақ елінің «Жеті жарғы» заңнама тарихы мен егемен еліміздің бүгінгі Заң үстемдігі туралы баяндалған. Шымкент қаласы білім басқармасы әдістемелік орталығының бастауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Еңбек – елдің мұраты» тұжырымдамасы негізінде қала мектептерінде «Әкелер кеңесінің» мүшелері, қоғам белсенділері қажырлы еңбектің арқасында табысқа жету тәжірибесімен, ұдайы өзін-өзі жетілдіру идеяларымен бөлісіп келеді.

Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталығының негізінде «JASTARGA – KENES» жас кәсіпкерлермен мотивациялық кездесу, тренингтер ұйымдастырылды. Бұл жоба биыл да жалғасады. Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия бекіткен Жол картасы негізінде Шымкент қаласы әкімімен 78 тармақтан тұратын кешенді шаралар жоспары бекітілді. Оған халықтық сипат беріп, ұлттың жаңғыруы кезеңіндегі шаралардан бұқараны барынша хабардар ету басты назарда.

Жазып алған Л.Мәлік

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған