Жақсылыққа жаны құмар Жарылқасын әже

Батыр ана, Шардара ауданының құрметті азаматы, «Мәдениет майталманы» медалінің иегері, аудандық «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі, ақын, әнші Жарылқасын Ізбайқызы Мүтәлиева туралы айтылар сыр жетерлік. Осы бір болмысы бөлек, тұлғасы ерек жанды көргенде көз алдыма кешегі Шоқандай дараны, Абайдай дананы  мірге әкеліп, тәлімді тәрбиесін берген Зейнеп пен Айғаным, Ұлжан мен Зередей ел аналары  елестейді. Он бес жасында, яғни қабырғасы қатып, буыны бекіместен, оң мен солды ажырата алмайтын кезде жат босағаны аттады. Балалық бал дәурені көзден бал-бұл ұшып, «Кісі есігі – тоң есік, жібітпекке ер керек» дегендей  өзге елге келіп, келін болды. Алтын асықтай 8 перзентті өмірге әкеліп, қанға біткен қайсарлық пен найзағайдай жарқылдаған намыс отының арқасында  ешкімнен алақан жайып көмек сұрамай, Құдай қосқан жары, арқасүйер азаматы Лесбек атамен бірге балапандарын қатарынан кем етпей жетілдірді.

Күнделікті күйбең тірліктің жетегінде кетпей, көмейге ұя салған әншілік пен ақындықты қатар алып жүрді. Үндінің ұлы перзенті  Рабиндранад Тагордың «Қанша терең сайда отырса да, биік көрінетін тұлғалар болады» деген даналық сөзі Жарылқасын Ізбайқызындай жандарға арнап айтылғандай.

«Жақсы адамның үш қасиеті болады. Біріншісі – өзіне жақсылық жасауы, яғни жан саулығы мен тән саулығын күте білуі. Екіншісі – еліне жақсылық жасауы, яғни өмірге саналы ұрпақ әкеліп, дұрыс тәрбие беруі. Үшіншісі – халқына қалтқысыз қызмет етуі», — дейді ұлылар. Жарылқасын Ізбайқызының бойынан аталған үш қасиет те табылады. Бүгінде жетпістің желкенін керсе де Алла берген денсаулықтың арқасында 2012 жылы Шардара ауданының тарихында тұңғыш құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі болып, жетістіктерге жетелеп жүр. 2014 жылы «Әже — ұлттың ұйытқысы» атты облыстық байқауда ансамбльдің бас жүлде алуы бұл сөзімізге дәлел бола алады. Әкеден қасиет қонған, анадан өсиет алған бауыр еті балалары бүгінде түрлі салада ел дамуына үлесін қосып жүрген танымал азаматтар. «Үйелмелі-сүйелмелі балаларымның бірін бесікке бөлеп, қалғандарын үйді сыртынан жауып, Шардара астық қабылдау мекемесіндегі жұмысыма кететінмін. Бүгінгідей әр балаға жәрдемақы, жеңілдік дегенді көрген жоқпыз. Тоқырау жылдарындағы қиындықтарды ешкімнің басына бермесін. Тапқан балаларымызды сонда да ешкімге міндетсінбей асырадық. Бала – Алланың берген шексіз сыйы. Оны туғаннан кейін көпсінуге, ешкім көмектеспейді деп тепсінуге болмайды. Барға қанағат етіп, жоққа салауат айтудың арқасында осы күнге жеттік.

Әкем Ізбай қосағы Күміскүл екеуі жеті баланы жерге беріп, бір баланы  ел басына күн туған қиын заманда майданға аттандырып, тағдырдың тәлкегіне көніп отырғанда, сол ауылға 1945 жылы Кавказдан жер ауып келген бір отбасының төрт жетім баласы келеді. Келгендердің арасындағы ең үлкені 19 жастағы қарашай қызы Шамшияға әкем үйленеді. Келер жылы мамырдың мамыражай алғашқы күнінде жарық дүниеге жар сала мен  келгенде 60 жастағы әкем «Жаратқанның жарық күні келді ме? Алланың жарылқағаны осы шығар?», – деп иегі кемсеңдеп, екі көзден тарам-тарам болып аққан жасы аппақ қудай болған сақал-шашына тама отырып, атымды Жарылқасын қойыпты. Бауыр еті балаларынан қапыда айырылып, ботасынан айырылған бозінгеннің күйін кешкен Күміскүл апам жаңа туылған мені бауырына басқанда, шемен боп қатқан көңілі бордай босап, кәрі көкіректен  сүт шығыпты. Осылайша өзге ұлттың қызы, менің анам Шамшия қос мұңлықтың сөнген үмітін қайта жаққан екен» деп өткен өміріне ойша көз жіберді.

Бір кездегі Ізбай ақсақалдың Жаратқаннан жалбарына жүріп, алпысты алқымдағанда көрген көзқуанышы, талдырмаш қана ерке қыз қазір тамырын тереңге жайған мәуелі ағаштай әулеттің үлкен әжесіне айналды. Өткен өміріне шүкіршілік етіп, балаларын бақыт бесігінде тербеткен, немерелерін  жетектеп, шөберелерінің шаттығына бөленген, бүгінгі күніне тәубе деген ақын ана, әнші әже. Өмірге деген шексіз құштарлық, өнерге деген адалдық болар бәлкім, 60 жастан асқанда «Сабыр ет, көңілім, сабыр ет» деген атпен «ҚазНұр» баспасынан ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Қазақ  үні» газетінің Бас редакторы, бүгінде халық қалаулысы Қазыбек Исаның алғысөзімен өлеңдер жинағы жарық көрді. Араға 9 жыл салып, ақын ананың «Алтын шаңырақ» атты тағы да бір тың туындысы оқырмандарына жол тартты.

«О, аналар, осындайсың бәрің де, Осындайсың жасың-дағы, кәрің де» деп сахнада ерекше даусымен ән шырқаған, қос ананы тел емген, балғын  балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр жылдарға тура келсе де жасымаған қайсар ананың өнегелі өмірі көз алдымнан кино лентасындай тізбектеліп өтті. «Балаларым – бақытым, ән – бағым» деген өнерлі анаға балаларының асқар тау әкесі, сексеннің сеңгіріне шыққан Құдай қосқан жары Лесбек атамен бірге терең қартаюды жазсын.

Орынша Қалшабекова,

Шардара аудандық жұмыспен қамту және

әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған