Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Жел «үп» етсе, жарық «жалп» етеді – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Жел «үп» етсе, жарық «жалп» етеді

Өткен аптада бірнеше күн соққан жел күнгей өлкенің біраз аудан тұрғындарын әбігерге салып қойды. Қарапайым халық, әсіресе жарық тапшылығына тап болды.

«Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, үп еткен жел тұрса жарықтың сөніп қалуы бұрыннан бар әдет еді. Осы жолы тұрғындардың төзімі әбден таусылды. Үшінші мегаполис саналатын Шымкенттен небәрі он шақырым қашықтықта орналасқан Қарасу ауылының тұрғындары үшін бұл мәселе күрделі қалпында тұр. Биыл қыстың қытымыр күндерінен әупірімдеп шыққан жұрт көктемнің көкорай шағында да қаратүнекте жиі қалып қоюда. Төрт-бес күн бойы тоқтаусыз тұрған жел қалт-құлт етіп тұрған электр бағаналарын бұйым құрлы көрмей, жарық жалп етіп өше қалады. Амал жоқ, «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС Сайрам аудандық филиалына хабарлассақ телефон тұтқасын ешкім көтермейді. Ал, кезекші диспетчердің «Бұл менің жұмысым емес» деген дөрекілігінен не үшін  хабарласқанымызды да ұмытып қалатын жағдай көп. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету тұрмақ, тиісті мекемелер мәдениетті қызмет көрсетуді де білмейтіндей.

Қарасудағы Шиелі көшесінің жартысына дейін электр бағаналары орнатылып, қалған жартысына орнатылмаған десек, ешкім сенбес. Бірақ, шындығы осы. Бұл мәселені талай рет аудан, ауыл әкімдерінің назарына салдық. Алайда, олар «жобада жоқ» деп әлі орнатпай келеді. Қазір мектеп оқушыларының нағыз тест тапсырып, БЖБ, ТЖБ сынақтарын орындайтын кезі. Сондықтан мектеп оқушылары мен студенттердің қашықтан оқуы да электр энергиясына тәуелді болып тұр. Ток болмаған соң қашықтан оқу құ­ралдары да қуатталмайды. Демек, сайрамдық оқушылар бір апта сабақ оқымады деген сөз.

Жарықтың қорлығын талай жылдан бері тартып келе жатқан халықтың шыдамы енді таусылды. Судың жиі өшіп қала беруі де өз алдына бөлек мәселе. Үшінші қаланың іргесінде отырып су мен жарыққа жарымайтын ауылдың мұңын кім тыңдар? ҚР Президенті Қ. Тоқаев алдағы уақытта ауыл әкімдерін тұрғындардың өзі сайлайтынын айтуда. Халыққа жағдай жасай алмайтын әкімге артар сенім де қалмаған сияқты…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған