арақ-шарап сатудан бас тартуда
Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген екен. «Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты «абыз» деп атаған. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде елге тұтқа болар ақсақалдар ауылда азайып-ақ кетті. Салдарынан ауылдың айбыны қожырап, руханияты құлдырай бастады. Ал, жақында Мақтаарал ауданында орын алған мына оқиға ауылға ұстын болған ақсақалдардың бар екеніне қуантты.
Аудан әкімі Бақыт Асанов апта сайын қоғамдық және жеке қабылдау өткізеді. Қоғамдық қабылдауға бірнеше ауылдық округтен жиналып келген бір топ ақсақалдар алқасы спирттік ішімдік сатылымына тосқауыл қоюға ықпал жасау бойынша аудан әкіміне өтініш жасап келді. Жасұзақ Сыдықов бастаған топ бұған дейін ішімдік сатуды тоқтатқан елді мекендердің тәжірибесі туралы кеңінен атап өтті. Бұл елді мекендердің барлығында береке-бірлік салтанат құрып, қылмыс жасау, жұбайлардың ажырасуы, кіші бұзақылық деген атымен жоғалған. Бүгінде еліміз бойынша ішімдіктен біржола бас тартқан елді мекендердің саны 10-нан асқан. Мұндай бастаманы ең алғаш Мақтаарал ауданында Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жантақсай елдімекенінің қариялары қолға алған. Қабылдауға келгендердің бірі, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейіткерім Мелдеханов өзі тұратын Бірлік ауылдық округі Табысты ауылында дүкен иелерінің әрбірімен жеке-дара сөйлесіп, спирттік ішімдік сатпауға уәделерін алыпты. Сонымен қатар, қабылдауға келген Мансұрқожа ақсақал Атакент кентіндегі 11 дүкенмен келісім орнатып, арақ-шарап сатпауға келіскен. Аудан әкімінің қоғамдық қабылдауына келген ақсақалдардың ендігі мақсаты – Мақтаарал ауданындағы 69 елді мекеннің барлығында спирттік ішімдікті сатуды азайту немесе мүлде жою. Осы арқылы ауданда қылмыс санын кемітіп, әрбір отбасыға құт-береке дарыту.
Ақсақалдар осы мақсатты жүзеге асыру үшін аудан әкіміне спирттік ішімдік сататын кәсіпкерлерге ықпал жасауды сұрап келді. Өз кезегінде аудан басшысы Бақыт Насырханұлы қариялардың бастамасы өте орынды екенін айтып, заң аясында барлық шараларды қарастырып, барынша қолдайтынын жеткізді.