Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Ұлт ұстыны — салт-дәстүр – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Ұлт ұстыны — салт-дәстүр

Дархан даламызды мекендеген ата-бабаларымыздың талай ғасырлық уақыт сүзгісінен өткен мәдени құндылықтар ел тәуелсіздігі тұсында қайта жаңғыруда. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасының тікелей жалғасы болып табылатын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының дер шағында қолға алынуы да көптеген игі бастамаларға ұйытқы болды. Бұл бағытта Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарайтын Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ілкімді істер атқаруда. Аталмыш орталықтың тәжірибелі маманы, ғылыми әдістемелік бөлім басшысы Мырзабай Омар ұлы даланың ұстынына айналған салт-дәстүр саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берген еді.

—Оңтүстік өңірі өзінің табиғи, тарихи ерекшеліктерімен танымал. Табиғаты өмір сүруге қолайлы, тұрғындары да қонақжай, еңбекқор,  қанағатшыл, өмір сүруге бейім. Жергілікті ұлт қалың шоғырланған. Соған сай ежелден келе жатқан ұлт құндылығын сақтап отырған аймақ. Осы ерекшеліктеріне орай Шымкент үшінші мегаполиске айналғалы да екі жыл өтті. Өзіндік ментелитеті қалыптасқан, миллионнан астам тұрғыны, түрлі ұлыс өкілдері тату-тәтті тіршілік кешіп келеді. Экономикасы мен мәдениеті, әлеуеті де күн сайын жаңару үстінде. Жаһандану қарқынына төтеп беретін – ұлттың салт-дәстүрі, рухани байлығы, ұлт құндылығы. Әлемдік пандемияның өршіп тұрған шағында ата-бабадан жеткен  ұлттық код, тарихи жад қатты зардап шегуде. Ал, ұлтты ұстап тұратын ұлттық идеология. Бұрынғыдан жеткен «үйді – басқұр, ұлтты — дәстүр ұстайды» деген сөз бар. Осы бағытта қаламызда ашылған әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығының ашылғанына да жеті жылға жуықтады. Бұл бірегей орталықта бүгінге дейін алыс-жақын шетелден келген мәртебелі қонақтар мен еліміздің әр өңірінен ат басын бұрған азаматтар аз емес. Ел тарихы, дәстүрімен танысуға келген туристердің де аялдайтын орны. Бұрын  облыс мәдениеті құзырындағы орталық аймақтың барлық аудандарының экономикалық табиғи ерекшеліктеріне, шаруашылығы мен тұрғындарының ұлттық құрамына қарай мәдени ұлттық мерекелер, маусымдық шараларды бірлесе атқарып, облыс орталығы Түркістанға ауысқалы мегаполис құрамына енді.

Бүгінге дейін мазмұны мен бағыт-бағдары түрлі деңгейде көптеген іс-шара өтті. Халықтың салт-дәстүрге деген ынтасы артты. Расы керек, алғашқыда бұл не үшін керек, салт-дәстүрді өзіміз де білеміз деушілер де табылды. Кейін келе балабақшадан бастап білім мекемелерінің сүйікті орнына айналды десек артық емес. Зиялы қауым өкілдері мен БАҚ, әлеуметтік желі арқылы кеңінен насихатталды. Бүкіл түркі жұртына ортақ құндылықтардың озығы мен тозығы қайта қаралып, сараптай келе семинар кеңесі, ғылыми-тәжірибелік  конференциялар, сұхбат, кәсіп пен қолөнерді дәріптеуге арналған шаралар өз  нәтижесін беріп келеді.

Онлайн жүйе бойынша алдағы күндерге жоспарланған шаруалар да аз емес. Биыл Ұлыстың ұлы күнін Шымкент жұрты өзгеше қарсы алды. «Наурыз Шымкенттен басталады» деген бастаманы қала жұрты қызу қолдады. Көктемнің әрбір шуақты күні ескерусіз қалмады. Тазару, жаңару, тарихқа тағзым, қайырымдылық пен ынтымақ-бірлікке үндеген сан қырлы мазмұнды шаралар  өзектілігімен ерекшеленді.

Бүгінде адамзатты толғантатын мәселе көп. Мейірімге зәру балалар үйі, қамқорлыққа мұқтаж отбасыларына жүрек жылуын арнау әрбіріміздің парызымыз. Арыстағы тарихы терең балалар үйінен бастап, қала тұрғындарының, жас отбасылардың «Құрсақ шашу», «Бесікке салу», «Тұсау кесу» рәсімдері ақ жаулықты аналар, елімізге белгілі құрметті азаматтардың қатысуымен атқарылуды. Көшпелілердің тағам мәдениеті мен ұмыт болған тағамдарын қаладағы ұлттық стильдегі мейрамханалармен бірлесе дала дастарқанының ас мәзірі дайындалды. Бұл жобаны әр екі ай сайын өткізіп тұру туралы дәмханалардан өтініш болуда. Қыз тәрбиесіне баса мән беру мақсатында «Шашбаулым», жас аналар арасында «Әлди, әлди ақ бөпем!» атты онлайн-жобалар қорытындыланып, әлеуметтік желі парақшаларымызда жарыс жеңімпаздары жарияланып, марапатталды.

Жас ұрпақты теледидар мен телефонға телміртіп қойған заманда бізге жүктелер міндет те аз емес. Қандай қиын кезеңдерден де бабаларымыз жол тапқан. Рухани байлығымыз ұшан-теңіз, оны жинап-теріп, бүгінгі ұрпаққа шашпай-төкпей, орнықты ұсына білмек, бұл да ортақ парызымыз. Елдегі ахуалды реттеп отыратын ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер институтын біріктіретін де осындай рухани орталықтар. Жақында қаладан ашылған  «Symkala» этноауылының жұмысын жандандыру да аталмыш орталыққа қарасты. Бүгінде этноауылда әр күні түрлі тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырылуда. «Жаңғақтан түйме, жантақтан ине», «Ата-баба мұрасын сақтайық», «Балаларға базарлық» атты мерекелік сағаттар арқылы келушілер өткен дәстүрімізге үңіліп, «Ұлы даланың жеті қырын» ұғынуда.

Елімізде баламасы жоқ Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы осылайша ұлт дәстүрін ұлықтауға арналған шаралар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге көп көңіл бөлуде. Бүгінде аталған жұмыстардан бөлек, орталықтың әлеуметтік  парақшаларында ата-баба салтына арналған түрлі тақырыптағы мақалалар жарияланып, оқырман назарына ұсынылуда. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақалаларын басшылыққа алған орталық жұмысы ашылғанына көп уақыт болмаса да нәтиже беруде.

Л.ТАСТАНБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған