Арыс қаласының «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының «Арыс» вокалды-аспаптар ансамблі көрермен көзайымына айналған шығармашылық ұжым. Ансамбль 1980 жылы әуелгіде И.Әлімбетовтің жетекшілігімен «Арысым-әнім» деген атпен құрылған. Өнерпаздар ұлттық мәдениетті дамытып, ұрпаққа жалғастыру, жаңа заманға сай насихаттау бағытында жұмыс істеп келеді.
Ансамбль 1985 жылы Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына орай ұйымдастырылған бүкілодақтық байқауда вокалды-аспаптар ансамбльдері арасынан І орынды жеңіп алды. 1986 жылы республикалық «Жігер» фестивалінде «Бас жүлде» иеленіп, келер жылы Октябрь революциясының 70 жылдығы құрметіне арналған халықаралық творчествалық бүкілодақтық фестивальде І орынды жеңіп алды. 1988 жылы Шымкент қаласында өткен Ғ.Мұратбаевтың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған байқаудың «Бас жүлде» иегері. Ауылшаруашылық науқаны кезінде үгіт-бригада құрып, концерттік бағдарламамен ел аралап, өнер көрсетіп жүреді. Көптеген аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері атанған.
Ансамбль репертуарында қазақтың халық әндері, Қазақстан және Ресей композиторларының шығармалары, өзге де елдердің әндері бар. Ұжым қазір шығармашылық бағытын жаңаша түрлендіріп, заман ағымына сай жұмыс істеуде. Аудан көлемінде өткен мерекелік мәдени шараларға белсене қатысып, жұртшылықтың көңілінен шығып жүр. Өнер жолында қырық жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ұжымға қазіргі таңда Шахизинда Әлімбетов жетекшілік етуде. Арыс жағасын әнмен асқақтатып, көпке танытқан өнерпаз жерлестерімізбен әркез мақтанамыз.