Түлектер 25-мамырды қалай өткізді?
Өткен жылы пандемияның асқынып тұрған кезінде мектеп бітірушілер өмірлеріндегі ең бір елеулі сәт – соңғы қоңырау салтанатын ұйымдастыра алмаған болатын. Биыл да жағдай толықтай түзелді деп айта алмаймыз, бірақ, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов карантин талаптарын сақтай отырып, соңғы қоңырау өткізуге рұқсатын берді.
Осы жағдайға байланысты Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы
Жанат Тәжиева жуырда журналистермен арнайы ұйымдастырылған жүздесуде «Биылғы соңғы қоңырау 300-ден аспайтын оқушының қатысуымен, барлық санитарлық талапты қатаң сақтай отырып, мектеп ауласында, ашық алаңда өтеді. Бұл ретте бітіруші түлектердің ата-анасы немесе заңды өкілдерінен тек 1 адам келуіне рұқсат етіледі. Ал шеру өткізіп, ойын-сауық құруға қатаң түрде тыйым салынады. Ол күні арнайы рейдтік жұмыстар жүргізіледі», – деген болатын. Әрине, бұған дейін де мұндай ескертулер мен тыйымдардың талайы болған. Бірақ, бәрібір түлектер тыныш жата алмайтын. Көше-көшеде қымбат көліктермен сайран салып, тойдың соңын табиғат аясында жалғастыратын. Биыл мұндай бей-берекетсіздікке жол берілмейтіні қатаң ескертілді.
Талап орынды. Бала өмірі мен денсаулығын сақтау үшін жасалған қадамды біз де құптадық. Алайда, талап қаншалықты орындалады? Осы сауал бізді мазалады. Сөйттік те, 25-мамыр күнгі жағдайды өз көзімізбен көру үшін таңертеңнен көшеге шықтық. Алғаш Шымкент қаласындағы №99 мектеп-гимназиясына ат басын бұрдық. Директор Бақытжан Наурызбаевтың өзі бастап мектеп ауласына қадам басқандарға бетперде киюді талап етіп тұр екен. Мектеп бітіруші 96 түлек бір метр арақашықтықты сақтап, белгіленген жерде тұр. Бір оқушыға бір ата-ана ережесімен келушілер де көп емес. Ата-аналар түлектерден бөлек, алаңша шарбағының сыртқы жағында екен. Бір сөзбен айтқанда бұл мектепте карантин талаптары қатаң сақталғанын байқадық.
Жоғарыда аталған брифингте Шымкент қаласының бас ұстазы: «Соңғы қоңырау күні түлектердің мектеп пен мұғалімге сыйлық сыйлауына қарсымын. Түлектер білім ұйымы мен ұстаздарға сыйлық әпермеуі керек. Өйткені мектептегі қажеттіліктің бәріне қаржы бөлініп, қамтамасыз етілген. Ал ұстаздардың еңбегі мемлекет тарапынан өтеліп отыр. Сол себепті оқушы ата-анасына салмақ салмауы керек. Егер өзі тұлға болып қалыптасып, оқу ордасына қолғабыс білдірсе, жарасады», – деген болатын. Ұстаздарға кім қандай сыйлық бергенінен бейхабармыз, бірақ, мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің әріп танытып, дербес өмірге жолдама берген білім ордасына интерактивті тақта сыйға тартқалы жатқанын естігенде ішіміз жылып қалды. Өйткені, бұл өз перзенттері мен ізбасарларының сапалы білім алуына жасалған жағдайдың бір көрінісі емес пе?! Ал, кәсіподақ ұйымы зейнеткерлікке шыққан төрт ұстазға Дубайға демалып келуге жолдама дайындапты. Бұл да ұстаздарға деген құрметтің бір белгісі.
Мектеп басшысы бізге түлектердің кешкі сағат 17:00-ге дейін мектепте болатынын айтты. «Бітірушілер ата-аналарымен бірге жиналысқа қатысады. Одан кейін аздап билеп, көңіл көтереді. Бірақ қала көшелерінде серуендеп, коттедж жалдап, табиғат аясына қыдыруға жол берілмейді», – деді директор.
Мектеп ауласынан шығарда шаруаларын реттеп жүрген учаскелік инспекторға жолығып қалдық. Ол директорға қарап: «Бақытжан аға, түсіндіру жұмыстарын тағы бір пысықтауымыз керек. Бізге жеткен мәлімет бойынша қаладан шыға беріс жолдар бірнеше күн қатаң бақылауға алынып, арнайы рейдтер ұйымдастырылады. Қазірдің өзінде тауға кетіп бара жатқан екі мектептің оқушыларын орта жолдан қайтарыпты. Мейрамханаларда да ұжымдық салтанатты жиындарды өткізуге қатаң тыйым салынып отыр», – деді. Әрине, қатаң бақылаудың болғаны дұрыс. Әйтпесе, неше түрлі жайсыз оқиғалардың орын алуы әбден мүмкін. Қайбір жылы түлектер мінген көлік апатқа ұшырап, өрімдей жастардың өмірі орта жолдан қиылған қайғылы жағдай естен шыға қойған жоқ.
Біз мектептен шыққаннан кейін мейрамханалардағы ахуалдың да қандай жағдайда екенін білгіміз келді. Журналистік зерттеу жүргізу мақсатында мейрамхана иелерімен оқушылардың қатысуымен ұжымдық банкет істейтін адамның роліне кіріп, тапсырыс бермек болдық. Алғаш бас сұққан әл-Фараби көшесіндегі «Олжа» мейрамханасының әкімшісі тапсырыс қабылдаудан бас тартты. Мына жауапты есітіп, қуанып қалдық. Алайда, мейрамхана иелерінің барлығы да мұндай ұстанымда болмай шықты. Тапсырыс қабылдай беретінін айтқан олар, тіпті, көңіл көтеру үшін караоке қызметін ұсынуға да дайын екендіктерін жасырмады. «Оқушылардың жанында өздеріңіз жүрсеңіздер болды» деген жалғыз өтініштерін ғана алға тартты. Карантин талаптарына алаңдап жүргендерін байқамадық.
Таныстарымызға қоңырау шалу арқылы тау бөктерінде орналасқан демалыс орындарының да көпшілігі бұл күндері қонақтардан босамайтынын білдік. Бәлкім, бізге жеткен ақпараттың нақты, шынайы болмауы да мүмкін. Бірақ, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын да» жоққа шығара алмаймыз. Сонда біздің қоғамда әлі де болса сауық-сайранды өз балаларының денсаулығы мен өмірінен жоғары қоятын көзқарас жойыла қоймаған ба деген ой келеді. Өкінішті.
Ұлықбек ҮМБЕТ.