Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
«Президент жұмысымызды жоғары бағалады» – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

«Президент жұмысымызды жоғары бағалады»

Бақыт АСАНОВ, Мақтаарал ауданының әкімі:

Мақтаарал ауданындағы бес бірдей елдімекенді су астында қалдырған оқиғаның орын алғанына жуырда бір жыл болды. Көрші мемлекеттің су қоймасын бұзып шыққан тасқын су көптеген мақтааралдықтарды баспанадан, малдан айырды. Еккен егістері жарамсыз күйге түсті. Бірақ дер кезінде қолға алынған іс-шаралардың арқасында бұзылған қалпына келді, шығын өтелді. Біз Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановпен арадағы әңгімені өткен күндерді бір сәт еске алудан бастауды өтіндік.

– «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, өткен жылдың орта тұсында әлемді әбігерге салған пандемиямен алысып жатқанда, ойламаған жерден су тасқынына тап болдық. Бес бірдей елді мекен су астында қалды. Бір түнде үй-күйсіз қалған мыңдаған адамды жайғастыру, оларға түрлі әлеуметтік көмектер ұйымдастыру оңай болған жоқ. Шүкір, бүгінде бар қиындық артта қалып, үйін су басқан тұрғындарды жаңа баспанамен қамтыдық. Төтенше жағдай толықтай жойылды.

– Қатты келген тасқын су ернеуінен асып, ауылды басып жатқанын білгенде сіздің ең алғашқы әрекетіңіз қандай болды?

– Әлі есімде, 1 мамыр күні шамамен таңғы сағат 10-дарда әлеуметтік желілерде, оның ішінде WhatsApp желісінде Өзбекстанның Сырдария облысындағы «Сардоба» су қоймасында апат орын алғаны жайындағы видеолар мақтааралдықтардың үрейін ұшырды. Бұл бізді де бей-жай қалдырмады. Орынбасарларым мен тиісті сала басшыларын, аудандық төтенше жағдай бөлімі мен «Қазсушар» РМК облыстық филиалы Мақтаарал өндірістік бөлімшесінің басшыларымен шұғыл түрде жиын өткізіп, мән-жайды өзара талқыладық. «Қазсушар» РМК мамандары Достық каналының Өзбекстандағы бас инженерімен телефон арқылы сөйлесіп, қоймадан аққан судың мөлшері мен бағытын анықтады. Олар бізге тасқын су Мақтаарал ауданына емес, Жызақ облысына қарай ағып жатқандығы жайында айтты. Алайда, бас инженер судың белгілі бір бөлігі Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында орналасқан Орталық Мырзашөл коллекторы арқылы Айдаркөл көліне құйылып жатқанын, төтенше ахуал толықтай бақылауда екенін атап өткен болатын.

Кейін жағдай күрделене бастады. Орталық Мырзашөл коллекторына толған су Жеңіс және Нұрлы жол елді мекендеріне қауіп төндіргендіктен, орынбасарым Сәкен Сұлтанханов сағат кешкі тоғыздарда шұғыл арнайы штабты жинап, жиын өткізді. Аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қарасты барлық техникалар, атап айтқанда, өрт сөндіру көліктері мен су шығару насостары, сонымен қатар тұрғындарды эвакуациялауға қажетті автобустар дайындалды.

Түнгі 12-ден кейін Жеңіс елді мекенін эвакуациялау туралы шешім шығардым. Өйткені, Өзбекстан тарапынан аққан су Жеңіс пен Жаңатұрмыс елді мекендеріне жақындап қалған еді. Біздің алғашқы әрекетіміз – адам шығынына жол бермей, қауіп төнген елді мекен тұрғындарын арнайы дайындалған эвакуациялық бекеттерге орналастыру болды.

2 мамыр күні күндіз Фердауси, Достық елді мекендерін, 3 мамыр күні түнде Өргебас елді мекенін тасқын су басып қалды. Бұл мақтааралдықтар үшін, мен үшін ең қиын кезеңдердің бірі болды. Елбасы, Мемлекет басшысынан бастап, барлық деңгейдегі басшылар тарапынан шұғыл жәрдем көрсетіліп, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің мықты кризис менеджерлігінің арқасында азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай қиын уақытта халық та жұдырықтай жұмыла білді. Соның арқасында барша қиындықтарды жеңіп шықтық.

Жедел шаралардың арқасында жалпы 13 елді мекеннен 31 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге оқшауландырылды. Апаттық-құтқару шараларының дер кезінде және сапалы жүргізілуінің арқасында бірде бір адам шығыны орын алған жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың тамыз айында Мақтааралға жасаған жұмыс сапары барысында ең бастысы адам өлімі болмағанына ризашылық білдіріп, жұмысымызды жоғары бағалады.

– Жалпы шығын көлемі қандай болды? Тұрғын үйлерге, ауыл шаруашылығына келген залал құны қаншаны құрады?

– Төтенше жағдай салдарынан жалпы 900-ден астам үй, 3 мектеп, 5 бала-бақша, 4 медицина нысандары мен 1 мәдениет үйі, сондай-ақ 12 дүкен, 2 кәсіпкерлік нысан және 5694 гектар егістік алқап зардап шекті. Жалпы 31 миллиард теңге шығын келтірілген екен. 998 шаруаға жалпы сомасы 1,1 миллиард теңге көлемінде өтемақы төленді. Одан бөлек, Өзбекстаннан арнайы келген техникалар 3165 гектар жерге бүлінген дақылдарды қайта егіп берді. 22 азаматқа тиесілі 46 бас үй жануарлары үшін де өтемақы төленді.

Су тасқынынан зардап шеккен 6210 тұрғынға 100 мың теңгеден өтемақы берілді. Сонымен қатар, эвакуацияланған 5320 отбасының әрқайсына ресейлік кәсіпкер Әлішер Усмановтың қаражаты есебінен мың доллар көлемінде қаржы аударылды.

Апаттық-құтқару шараларына 1635 жеке құрам мен 297 техника жұмылдырылды. Оның ішінде Өзбекстаннан 223 адам мен 50 техника қызмет көрсетті. Жалпы төтенше жағдай мамандарының арқасында 11,8 миллион литр су шығарылды.

– Мырзакент кентінде салынған үйлер тұрғындар көңілінен шықты ма?

– Мырзакенттен 70 гектар жер бөлініп, жаңа шағын аудан бой көтергенін білесіздер. Мұнда жарты жылдың ішінде Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындары үшін 400-ге жуық үй салынды. Барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жүргізіліп, жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылды. Көшелер асфальтталып, аяқжолдар салынды, жарықшамдар, ойын алаңшалары орнатылды. Желілік саябақ пен гүл бақтары мөлтек ауданның көркіне көрік қосып тұр. Дәрігерлік амбулатория мен полиция пунктінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, жаңа мөлтек ауданда құрылысы жүріп жатқан 1200 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ұ.ҮМБЕТ.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған