Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
«Сенім үдесінен шығу – мықты мамандарға байланысты» – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

«Сенім үдесінен шығу – мықты мамандарға байланысты»

Ғани РЫСБЕКОВ, Сауран ауданының әкімі:

Мемлекет басшысының Жарлығымен Сауран ауданы құрылғаны белгілі. Жаңа ауданның тізгіні облысқа белгілі азамат Ғани Рысбековке сеніп тапсырылғанда, көпшілік таңдаудың дұрыс жасалғанын мойындады. Ғани Құрмашұлы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Кентау қаласының әкімі қызметінен бөлек облыста ассамблеяны басқарған кезде де ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығымен көзге түсе білді. Жаңа ауданның алғашқы әкімі жұмысқа кіріскен күні біздің газетпен алдағы жоспарлары жайында бөліскен ой-пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Жұмысымыз структураны құрудан басталады. Сол үшін бірінші сайлау комиссиясы құрылып, Кентау қалалық мәслихатынан өзімізге тиесілі тоғыз депутатты бөліп алдық. Мәслихат хатшысы сайланып, оның төрт адамнан құрылған аппараты белгіленді. Олар әкім ретінде мені тағайындады. Енді тиісті бөлімдерді толықтай құрып алуымыз қажет.

Осы жерде айтып өтсем, 1997 жылға дейін Сауран ауданының орталығы Түркістан қаласында еді. Басқару орны Түркістан қалалық әкімдігінен бөлек болды. Кейін ірілендіру кезінде Түркістанға қосылып кетті. Енді, міне, қайта өз еншісін алып отыр. Қазіргі кезде аудан орталығында 12 мың халық тұрады.

Жұмысты «Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасы мен Президенттің тапсырмаларына сай жүргізетін боламыз. Алғашқы кезеңде көгалдандыру, жол жөндеу, инфрақұрылымды реттеу жұмыстарын қолға аламыз. Олардың барлығына мемлекеттік бағдарламамен қаржы бөлінеді. Тұрғындарды жұмыспен қамту да басты назарымызда болмақ. Субсидияны ауылдағы ағайындардың көпшілігі түсіне бермейді. Оны бүге-шігесіне дейін түсіндіріп отыруға шенеуніктер де құлық таныта бермейтіні рас. Менің бірінші кезектегі мақсатым, осы секілді олқылықтарды болдырмау үшін айналама мықты мамандарды жинау болып отыр. Мемлекеттік қызметкер жеке бастың емес, халықтың қамын ойлауы тиіс. Мамандарды таңдағанда да осы мәселеге айрықша басымдық берілмек.

Мен мейлінше мамандарды осы төңіректің тыныс-тіршілігінен хабардар ауыл азаматтарынан таңдағанды дұрыс көремін. Әрине, бізге білікті, тәжірибелі мамандар керек. Мен облыс көлемінде қызмет атқардым. Облыс әкімінің аппаратында қолынан іс келетін қыз-жігіттер бар екенін білемін. Елдің көркеюіне сондай мамандардың қызметін пайдалансақ дейміз.

Жарлық шықты, аудан құрылды. Енді қарап отыруға болмайды. Бюджет мәселесі анықталып жатыр. Жоғарыға жалтақтай бермей, өзіміз де қолдан келгенді жасауымыз көрек. Ол үшін салық түсімін арттыру керектігі де түсінікті. Облыс басшылығы ауданның аяғынан тұрып кетуі үшін көмектесетінін айтты. Ол үшін Өмірзақ Естайұлына айтар алғысымыз шексіз.

Аудан орталығы болған соң жаңа құрылыстарға қаражат керек. Осы мақсатта республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Әкімшілік, прокуратура, сот, салық органдары үшін ғимараттар, емхана, аурухана, мәдениет үйлері секілді әлеуметтік нысандар қажет. Қазіргі барлары аудандық деңгей талабына жауап беретіндей етіп қайта жөнделеді. Соның барлығының құрылыс жұмыстарын бастау үшін жобалар жасалады. Бір сөзбен айтқанда, бізді мың сан маңызды шаруалар күтіп тұр».

Иә, сенім артылғаннан кейін оның үдесінен шыға білу үлкен абырой. Ғани Құрмашұлы бастаған команда осы абырой биігінен көрінеді деген сенімдеміз.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған