Бәйдібекте жағдай қашан реттелмек?
Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Амал қалмаса, малымызды аудан әкімдігінің алдына айдаймыз. Жайылымнан тарыққан бәйдібектік шаруалар осылай дейді», – деген тақырыпта мақала шыққан болатын. Онда Бәйдібек ауданының Бөген ауылдық округі тұрғындарының жайылымдық жерге қатысты жанайқайы берілген еді. Бұл мәселенің шешімін күтіп отырғанда, екіншісі шықты. Жалпы, Бәйдібек ауданында қордаланған мәселе көп секілді.
Нақты айтар болақ, газет сүйер қауым бұдан біршама жыл бұрын әкімдіктің жұмысына наразы бәйдібектік бір топ ананың алаулатып-жалаулатып Астанаға аттанғанын ұмыта қоймаған болар. Тіпті біреулері биік мұнараның басына шығып алып, талап-тілегін дыбыс күшейткіш арқылы айтқаны да есімізде. Ол әйел талабы орындалатынын білгеннен кейін барып, төмен түсу туралы ұсынысты қабылдаған-ды. Содан беріде жылдар өтіпті. Бәйдібектің шенділері сол жағдайлардан қорытынды шығаруы керек болатын. Әйтсе де олай болмаған секілді. Қордаланған мәселе көп, тұрғындар оның шешімін талап етіп, аудан әкімдігіне барады, ал ол жердегілер шығарып салма жауап беруден әріге аса алмай отырса керек. Адамдар шағымын аудан, облыс әкіміне айтады. Ол жердегілер шешпесе, амалы таусылған ашулы халық аттың басын Елордаға бұрмағанда не істейді?
Өткеннен шығар түйін, бәйдібектіктердің Нұрсұлтанға жолға шығатын уақыты да таяп қалған сыңайлы. Олай деп отырғанымыз, жайылым мәселесі ауданда әлі күнге шешімін таппай келеді. Бұған дейін бөгендіктер малдарын аудан әкімдігінің алдына айдап баруды ойластырса, ақбастаулықтар астананың өзіне аттанбақшы.
Бәйдібек ауданына қарасты Ақбастау елдімекенінің тұрғындары Асан Досболаев пен Темірхан Божақаевтың ауыл мәселесін көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болған. Бір шаруа шешімін тапса, екіншілерінің күрмеуі табылмауда. Жуырда ақбастаулық қос азамат аудан әкімі Ержігіт Шәріпбекұлына былай деп өтініш жазыпты:
«…Өзіңізге белгілі, Ақбастау ауылында жайылым мәселесі жөнінде бірнеше жылдар бойы айтыс-тартыс, жер дауы тыйылмай келеді. Ауылда халық санының өсуіне байланысты үйіргелік жерлер беріліп, тұрғын үйлер салынып, жас отбасылар тұрақтауда. Халық саны өскен сайын мал саны көбейіп, жайылымдық жерлер тарылуда. Ақбастау ауылдық малдәрігерлік бөлімінің мәліметіне жүгінер болсақ, ауылымызда қазір өріске шығатын 3336 бас ірі қара, ауыл төңірегінде жайылатын 571 бұзау бар. Уақ мал саны 31030, жылқы 603-тен асып отыр. Бүгінде жайылымдық жер осыншама малдың жайылуына тарлық етуде.
Осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғындардың мал жайылымдық өрісінен «Отырар өнімдері» серіктестігі 100 гектар жер алған болатын. Ол жер әлі пайдаланылмай жатыр. «Молочной рай» серіктестігіне үш бөліп 359 гектар жер берілді. Ол жердің жалға алу мерзімі бітті. Сондай-ақ, халықтың мал жайып жүрген жерінен «Шатқал» бағдарламасымен «Домалақ-ана» кесенесінің айналасынан 65 гектар жер қоршалып, ағаштар егілген болатын. Ол ағаштар бүгінде қурап кетті. Осы жерлерді тұрғындарға жайылымдық жер ретінде қайтарып берсеңіз. Асфальт жолдың төменгі жағындағы жайылымнан «Ақнұр» шаруа қожалығына 35 гектар жер берілген. Осы жер де жайылымдыққа қайтарылса. Алдағы уақытта мерзімі біткен, пайдаланылмай жатқан жерлерді конкурсқа түсірмей мал жайылымына қалдырсаңыз».
Ия, тұрғындар мұндай өтініш жазудан шаршамайтыны белгілі. Бірақ оны тыңдайтын, дер кезінде көмек беретін шенеунік болса ғой, шіркін! Ауыл халқы қазіргідей қиналмас еді.
Ұлықбек ҮМБЕТ.