Кентаулықтар әкімге сенуден қалған ба?

Оқырманның есінде болса, осыдан бір жыл бұрын «Үйі өртенген кентаулық кейуанаға көмек берілетін болды», – деген тақырыпта мақала жариялаған едік. Оның алдында Байылдыр ауылындағы үйі өртеніп, кімнен көмек сұрарын білмей жүрген кентаулық Зейнегүл Нармаханқызының жанайқайы газет бетінен орын алған болатын.

Біз көтерген мәселеге байланысты қала басшылығы кейуананың жағдайымен танысып, демеушілердің көмегімен үйін толықтай жөндеп берген-ді. Осы оқиғадан кейін әкімнің қабылдауына кіре алмай жүрген, басқа да мәселелерін шеше алмаған кентаулықтардың арасында редакциямызға хабарласушылар жиіледі. Байылдыр ауылының тұрғыны Гүлзия Айдарбекова солардың бірі.

«Жасым 65-те, үш қыз тәрбиелеп өсірдім, олардың барлығы Алматы облысында тұрады, – дейді Гүлзия Абылайханқызы. –Кентау қаласының Байылдыр ауылындағы әкемнен қалған екі бөлмелі үй менің меншігімде. Қазір сол үйде тұрып жатырмын. Үй деген аты ғана. «Жыртық үйге тамшы жау» демекші, жаңбыр жауса төбесінен су сорғалайды да тұрады. Салдарынан қабырғалары жарылып, құлағалы тұр. Есік-терезесі алқам-салқам. Екі бөлменің біреуіне кіру қауіпті болғандықтан, жауып қойғанмын. Басқа барар жерім болмаған соң айналшықтап шыға алмаймын. Өзімнің жөндеп алатын мүмкіндігім жоқ. Қыста амалым құрып, онсыз да пәтер жалдап жүрген Алматыдағы қыздарымды паналауға мәжбүрмін. Күн жылыса болды жыл құсындай Байылдырды бетке аламын. Қартайып, бойдан күш тайғанда көрген күнім осы болды.

Ауыл мен қала әкімінен көмек сұрадым. Байылдыр ауылының әкімі Ә.Қалдыбековтен: «Ауыл кәсіпкерлерімен кездесу барысында сіздің мәселеңізді кәсіпкерлердің назарына жеткізіп, көмек беру туралы ұсыныс тасталды. Бірақ әзірге олардан ешқандай жауап болмай отыр…» – деген мәтінде жауап келді. Түсінемін, ауыл әкімінің қолында ештеңе жоқ. Кәсіпкер деп отырғаны ауылдағы үш дүкеннің иелері. Оларда маған көмектесетін мүмкіндік бар деп айта алмаймын.

Қала әкімі Д.Махажановтың атына да өтініш жазған болатынмын. Оған әкім емес, орынбасары Б.Әлімбетов жауап беріпті. Ол жауап хат та осындай мәтінде жазылған, яғни менің мәселем Байылдыр ауылындағы кәсіпкерлердің назарына ұсынылыпты. Облыс орталығына ең жақын қала ретінде Кентауда ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Ірі құрылыс компаниялары көпқабатты үйлер салып жатыр. Солардан көмек сұралса, үміттенуге болар еді. Ал Байылдырдағы үш дүкеншіге сілтегендерін шығарып салма жауап деп қабылдағаннан басқа амалым жоқ».

Д.Махажанов басқаратын Кентау қаласы ірі кәсіпорындардан кенде емес. Тіпті, бұл қаланың мүмкіндігі көп аудандардан жоғары. Бірақ неге екені белгісіз, қалада зейнет жасындағы адамдардың ахуалына, қиналғандардың жанайқайына көңіл бөлінбейтін секілді. Сонда халықтың сұраныс-өтінішіне құлақ аспаса кентаулық шенеуніктер кімге, не үшін басшы болып отыр? Халық болмаса әкім кімге керек?

«Ештен кеш жақсы» демекші, әлі де болса қала басшылығы кейуананың зарына құлақ түріп, көмек қолын созар болса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен, бізде Дәурен Махажанов басқаратын Кентау қаласы әкімдігінің қызметкерлеріне қатысты бір сауал пайда болды. Неге көмекке мұқтаж, қиындыққа тап болған тұрғындар Кентау қалалық әкімдігінің есігін торуылдаудан гөрі, журналистерді жағалауды жөн көреді? Әлде халық кентаулық шенеуніктерге сенуден қалған ба?!

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған